қазақша · русский · english
 
 
 

«Жүректен жүрекке» қайырымдылық жәрмеңкесі

 

2018 жылдың 24-сәуір күні педагогика және психология» кафедрасында «Педагогика және психология» мамандығының магистранттары мен студенттерінің ұйымдастыруымен «Жүректен жүрекке» қайырымдылық жәрмеңке шарасы өтті.

 

Қайырымдылық жәрмеңкесі жастарды адами қарым-қатынас сезіміне тәрбиелеу, көмекке зәру жандарға мейірімділік пен жанашырлық таныту мақсатында өткізілді.

 

Жәрмеңкеде түрлі тіл үйіретін тәтті - тағамдар, қолөнер бұйымдары, тұрмысқа қажетті құрал - жабдықтар ұсынылды.


Жиналған қаржы балалар үйіне берілетін болады.

 

  

 

  

 

Педагогика ғылымдары бойынша магистранттардың ІІ Республикалық олимпиадасы

 

2018 жылдың 10-12 сәуірі аралығында Қазақстан Республикасының алғашқы жоғарғы оқу орнының 90-жылдығына орай Педагогика және психология институтында педагогика және психология кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамының ұйымдастыруымен педагогика ғылымдары бойынша магистранттардың ІІ Республикалық олимпиадасы өтті.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ректоры Такир Балықбаев, ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ақтолқын Құлсариева, ғылым департаментінің директоры Саябек Сахиевтың қатысуымен олимпиаданың салтанатты ашылуы өтті.


Олимпиаданың құрметті қонақтары танымал ғалым педагогтармен психологтар, академиктер мен қоғам қайраткерлері Ажес Сейтешев, Жолмұхан Түркпенұлы, Валерий Трифонов, Аягул Миразова және Мәскеу қалалық педагогикалық университетінің профессоры, жүйелік жобалар институтының директоры Вочкова Светлана болды.

 

Қазақстанның 15 жоғарғы оқу орындарының магистранттары олимпиада аясында ұйымдастырылған әртүрлі сайыстарға қатысу барысында өз білімдері мен дағдыларын көрсетуге мүмкіндік алды. Олимпиада күндері дөңгелек үстел, университеттің профессорлық-оқытушылар құрамының қатысуымен жобалық сессия ұйымдастырылды. Тәуелсіз қазылар алқасының шешімі бойынша командаларға жүлделі орындар берілді. 1-ші орынды Абай атындағы ҚазҰПУ-нің командасы иеленді.

 

       

 

       

 

       

 

       

 

       

 

       

 

2017 жылдың 20 қарашасында «Педагогика және психология» институтының 1- курс магистранттары ,«Педагогика және психология», «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі», «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», «Дефектология» мамандықтары арасында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90-жылдық мерекесіне орай «Мамандық үздігі - 2017» тақырыбындағы интеллектуалдық сайыс өтті. Сайыс бөлімдері «Университет тарихы», «Қазақстан тарихы», «Абай Құнанбаев», «Білім реформасы» және «Латын әліпбиі» аясында болды.Ой мен білім жарысы профессор-оқытушылар,магистранттар мен студенттердің қатысуымен және «Педагогика және психология» институтының директоры, п.ғ.д.,профессор Әлмұхамбетов Б.А., «Педагогика және психология» кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д.,профессор Көшербаева А.Н., ф.ғ.д,профессор, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақжолова А.Т., п.ғ.д.,профессор Манкеш А.Е әділ қазылығымен өтті.

 

5.11.2017 күні Студенттік онкүндік кестесіне сай жүргізілген педагогика және психология институтының ұйымдастыруымен "Алматы күзі-2017" Күз Сұлтаны мен Ханшайымы" атты байқауы өтті.Байқау 1 курс студенттері арасында өткізіліп,6 жұп қатысты.Соның ішінде "Педагогика және Психология" мамандығының жұбы Татенов Серік пен Әбу Әлия бас жүлдені иеленді.Топтың жеңіске жетуіне септігін тигізген топ жетекшісі:Сахиева Лайля және педагогика және психология кафедрасы "Алғыс хатпен" марапатталды 

 

  

 

  

 

 

 

«Педагогика және психология» кафедрасының
«Латын әліпбиіне көшу - тіліміз үшін жасалған игі қадам»
атты дөңгелек үстелінің есебі

 

Тіл - қай халықтың болмасын рухани қазынасы. Тілді ұлт болып жасаған. Тілі жоқтың - ұлты жоқ. Ұлты жоқтың бойында ұлттық қасиет жоқ. Дәстүрді құрметтеу, мәдениетті қастерлеу - тілмен келетін, тілмен сіңетіне, тілмен қалыптасатын құбылыс. Тіл - адамдар арасындағы аса маңызды қарым-қатынас құралы, тілсіз қоғам, қоғамнан тыс тілдің болмайтынын ескерсек, аумағында 100-ден аса ұлт өкілдері тұратын Қазақстан шын бұл мерекенің қаншалықты маңызды екенін айтпасақта болады.
Тағдырдың жазуымен, кеңес дәуіріндегі мемлекет саясатының нәтижесінде көптеген ұлт өкілдері туған ел, мекендерінен айрылып, Қазақстан жеріне қоныс тепті, сөйтіп, қазақ халқымен бірге етене араласып, бір үзім нанды бөліп жесті. Кейінгі туған ұрпақ үшін де, қоныс аударылып келгендер үшін де қазақ жері туған жері, елі болып қалады. Сөйтіп, кең байтақ елімізді мекендеген орыс, корей, шешен, татар, белорус, украин т.б. халықтар үшін қазақстан ортақ Отан болды.
ҚР Парламент мәжілісінің «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің біріңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» тақырыбында 2025 жыл¬дан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін қадап айтты. Сондай-ақ, Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көші¬ру¬дің нақты кестесін жасауды тапсырып, уақыт ұттырмай бұл жұмысты қазірден бастан қолға алу қажеттігін атап өтті.
Демек, көп кешікпей егемен еліміздің латын әліпбиіне көшетіні айқындалды. Ал осы межелі мақсатқа кедергісіз қол жеткізу үшін не істеу керек? Бұл мәселені жан-жақты талқылау мақсатында 26.09.2017ж. сағ. 13.00-де, 507 ауд. 1 курс 6М010300- Педагогика және психология мамандығының магистранттарымен дөңгелек үстел шарасын ұйымдастырдық. Жане аталған іс-шараға 2 курс магистранттары мен кафедра меңгерушісі қатысып, дөңгелек үстелдің алғашқы сөзін кафедра меңгерушісі сөйлеп дөңгелек үстелді ашап берді.
Кафедра меңгерушісі, п.ғ.д., профессор Көшербаева Әйгерім Нұраліқызы:
- Естеріңізде болса, бұл жөнінде 2012 жылы Елбасының халыққа Жолдауында да қозғалған болатын. Ендігі кезекте Президентіміз латын әліпбиіне көшудің нақты жолдарын айтып, осы мәселе зиялы қауым арасында кеңінен талқылануы қажет екенін алға тартты. Сондықтан, күн тақырыбында өткелі тұрған, бүгінде қоғамда қызу талқыланып жатқан латын әліпбиіне көшу мәселесіне байланысты ой қозғау үшін жаста болса көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар деп топ жетекшісінің ұсынысымен сіздермен ой бөліскенді жөн көрік. Ал құрметті магистранттар осы қозғалып отырған мәселеге қандай ұсыныстармен пікір айтасыздар?

Ахметова Гүлжазираның пікірі:
- Елбасының мақаласында көтерілген латын әліпбиіне көшу мәселесі өте өзекті әрі орынды. Біз ендігі кезекте осы мақсатқа жету үшін не істеу керектігін ойлануымыз қажет. Себебі, латын жазуына көшеміз деп айта салу оңай, ал оны жүзеге асыру үшін үлкен шараларды қолға алуымыз қажет. Ол үшін не істеу керек десек, біріншіден, латын графикасына өтудің оңы мен солын саралап алғанымыз жөн. Соған талдау жасап, мәтіннің оқу әуезін, әдісін, заңдылығын меңгеріп алуымыз керек. Екіншіден, кейбіреулер компьютердің көмегімен барлық дүниені латын әліпбиіне көшіре салуға болатынын айтады. Менің ойымша, бұлай жеңіл жол іздеген дұрыс емес. Мазмұнды оқулықтар мен әдебиеттің барлығын 100 пайыз сауатты етіп аударып шығу қажет. Өйткені, кезінде араб әрпінде жазылған небір әдебиеттер әлі күнге дейін шаң басып жатыр. Себебі, біз оларды оқи алмай, қиналдық. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу үшін емле ережесінің сақталуына баса мән берген жөн. Яғни, бірізділік, ортақ қағида болуы шарт. Өйткені, латын графикасында жазғанның жөні осы деп әркім өз білгенімен әр түрлі таңбаны қоя берсе, мұның соңы сауатсыздыққа әкеліп соғады. Осының алдын алу қажет.
Санбаева Балымның пікірі:
- Иә, бұл мәселе осыдан 5 жыл бұрын көтерілген еді. Содан бері санамызда «ерте ме, кеш пе, еліміз латын әліпбиіне көшеді, соған дайындала беруіміз керек» деген салмақты ой сақталып келді. Бүгін сол үкілі үміт сәулесінің куәсі болып отырмыз. Бұл жазу - елдігіміз бен егемендігімізді айқындайтын, халықтың сауаттылығын танытатын көрсеткіш деп білемін. Латын әліпбиі бұрын тарихымызда 10 жылдай уақыт салтанат құрды. Сол кезде біз көптеген елге, жерге танылдық. Ал қазіргідей қуатты мемлекетте өмір сүріп жатқан кезеңде біз халық болып бұл жазуды қолдап алып кетпесек, өркениетті елдердің қатарына ілесе алмаймыз. Себебі, латын әліпбиі әлемдегі ең танымал жазулардың бірі саналады, яғни, болашағы зор. Сондықтан Елбасының шешімін қолдап, оның ары қарай жүзеге асуына үлес қосуымыз қажет.
Икрамова Мөлдірдің пікірі:
- Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ елі 3 әліпбиді ауыстырыппыз. Сол кезеңде бүгінгідегідей газет-журнал, компьютер, тың технология деген болған жоқ. Соған қарамастан, халық басына түскен барлық қиындықты еңсере білді. Тіпті, айшылық алыс жерлерге атпен барып, сауатын ашып жүргендер болды. Ал бүгінде шүкір делік, барлық қиындық артта қалды. Бейбіт заман орнады. Тәуелсіз мемлекетіміз жылдан-жылға өсіп-өркендеп, отандық ғылым-білім саласы дамып келеді. Осындай тамаша кезеңде латын әліпбиіне көшсек, ешқандай қиындық туындамайды деп ойлаймын. Білім қуған біз сияқты жастар шет тілдерін меңгеріп, шетелдерде білім алуда. Осы тұрғыдан алғанда латын әліпбиіне көшуден қорқудың еш негізі жоқ деп ойлаймын. Бұл қадамға бару болашақ үшін маңызды екеніне сенемін. Себебі, бүгінде кириллицаның аясы өзінен-өзі тарылып келеді. Оның орнын ағылшын тілі басуда. Өйткені, ол өзінің қажеттілігін мойындата білді. Сол сияқты латын әліпбиінің де болашағы зор болатынына еш күмәнім жоқ.
Кази Оралбектің пікірі:
- Шынымен де, бүгінде біз өмір сүріп жатқан ел қуатты мемлекетке айналды. Сондықтан «латын әліпбиіне көшсек, жағдайымыз қалай болады?» деген сұрақ туындамауы тиіс. Әрине, осы мақсатқа жету үшін үлкен ізденіс, мол еңбек, қыруар қаражат қажет. Осының бәріне күш-жігеріміздің жететініне сенім артуымыз керек.
Ал ғасырлар бұрын қазақтың басынан өткен қиын-қыстау кезеңдерде дәл қазіргідегідей қуаттылық болған жоқ. Сонда да қоғамның заңына бағындық, басқа түскеніне көндіктік. Бастысы, бәрі артта қалды. Енді ештеңеден қаймықпай, саннан сапаға, сөзден іске көшетін уақыт жетті деп есептеймін.
Әлденова Ақниеттің пікірі:
- Жасыратыны жоқ, өз басым латын әліпбиіне көшуге әлі үрке қараймын. Десе де, нақты шешім қабылданғаннан кейін оның жүзеге асуына көпшілік болып атсалысуға міндеттіміз. Кезінде солақай саясаттың салдарынан халықтың мәдениеті, әдебиеті, тілі жойылып кетуге шақ қалғанын тарихтан білеміз. Сондай зұлмат замандарды басынан өткерген кейбір ұлы тұлғаларымыздың шығармалары мен қолжазбалары бізде сақтаулы тұр. Мұндай мол мұраларды біз сияқты жас буынның кәдесіне жаратып, ғұмырлы ету үшін келешегі кемел латын әліпбиіне көшудің және шығармаларды сауатты аударудың маңызы зор деп білемін. Осы жолда көп жұмыстар атқарылуы қажет.
Данияр Айзаттың пікірі:
- Ғалымдар айтқандай, алдымен латын әліпбиіне көшу мәселесінің оңы мен солын саралап, елеп-екшеп, сосын ғана нақты бір шешім қабылдау қажет. Себебі, осы мәселеге байланысты қоғам пікірі екіге жарылатыны сөзсіз. Мұны қалыпты жағдай деп түсінуіміз керек. Бірақ бұл ретте орыс тілінің факторын мүлдем жоғалтып аламыз деген ой болмауы тиіс. Крииллица да керек. Өйткені, Қазақстанның Ресеймен экономикалық байланысы 65 пайызды құрайды екен. Демек, біз бұл мемлекеттің оқу-жазуын да ұмытпағанымыз жөн. Мысалы, дүкен, дәріхана, сауда орталықтарының атауларын латын тілінде жазған жөн. Одан қорықпағанымыз дұрыс.
Сейдахметова Назираның пікірі:
- Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы шешімі өте құптарлық. Әрине, бұл жолда түрлі кедергілер кездесетіні түсінікті жайт. Сондықтан «шешінген судан тайынбас» деген қағиданы бетке ұстап, нар тәуекелге барғанымыз жөн. Алға ұмтылған адам үшін алынбайтын қамал жоқ. Мәселен, мен латын әліпбиін білмеймін, бірақ кітаптарды оқи алады екенмін. Себебі, латын қарпі мен ағылшын тілінің әріптері өте ұқсас келетініне көз жеткіздім.
Султанов Мұраттың пікірі:
- Жалпы, тіл тазалығы, тіл білімі үлкен ғылым. Қазір бір сөз бірнеше түрлі болып жазылады, айтылады. Осындай заңдылықтарды бірізділендіріп алу керек. Ол үшін латын әліпбиіне көшу науқаны аясында қазақ тілі туралы арнайы заң шығу қажет. Біздің елімізде тілдер туралы заң бар, бірақ, қазақ тілі туралы жеке заң жоқ. Осы мәселені оң жолға қойып, қауһарлы заң қабылдайтын уақыт жетті. Әйтпегенде, біздің ғалымдардың өзі дауласып жататын сәттер жиі кездеседі.
Мұхамеди Абылайдың пікірі:
- Көтеріліп жатқан мәселе өте өзекті. Елбасы латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын айтты, нақты бағыт-бағдарын көрсетіп берді. Енді оны халық болып қолдауымыз қажет. Бұл - заман талабы. Бастысы, әркім өз ісімен айналысуы керек. Сол үшін неше таңбаны пайдаланған жөн, ол жағын ғалымдар зерттеп, дәлелдеп, тиімді тұсын ұсынсын. Екінші мәселе, қыруар қаражат қажет дедік. Бұл мәселені шешу - үкіметтің міндеті.
Түйін сөзді топ жетекшісі, п.ғ.к., доцент Орманова Зәуре Құрманбекқызы сөйледі:
«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта¬ның, ком¬муникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр¬дағы ғылы¬ми және білім беру үрдісінің ерекше¬лік¬теріне байланысты», - деп Елбасы айтқандай латын әліпбиіне көшу - заман талабы. Ал студенттеріміз осы қаріпті қолдану арқылы әлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз деген пікір айтып, оның тиімді тұстарын дәлелдеп бағуда. Ендігі кезекте Мемлекет басшысы атап өткендей ғалымдардың көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы қабылданып, әдістемелік жұмыстар жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, жаңа әліпбиді үйрететін сапалы мамандар қатарын көбейтіп, мектептерге арналған оқулықтар дайындалуы қажет. Міне, осы мақсатқа қол жеткізіп, соның жеміс көру үшін қаймақ бетінде жүрген білікті тіл мамандары мен оқытушы-профессорлар аянбай тер төгуі керек. Дөңгелек үстел шарасынан осындай ой түйдік.

 

  

 

  

 

«Деңсаулықпен достасу, табиғатпен сырласу»

Абай атындағы Қазақ Педагогикалық Университеті, Педагогика және психология институты, Педагогика және психология мамандығының 1 курс магистранттары 01.03.2017 жылы «Денсаулықпен достасу, табиғатпен сырласу» атты іс-шара өткізді. Іс-шара мақсаты: табиғат аясында топпен бірге тиімді уақыт өткізу. Есік қаласындағы мемлекеттік «Алтын адам» мұражайына соғып, тарихымыздың куәгері болып қайтты. Осы күн ішінде табиғат аясында кереметтей сәттерді басынан өткеріп, топ қарым-қатынасын нығайту үшін түрлі психологиялық ойындар ойнатылды.

 

25.10. 2016 ж. сағат 16.00 де «Intercultural communication in education» пәнінен «Main tendencies in education development of the Republic of Kazakhstan» тақырыбы бойынша п.ғ.к., профессор м.а. Қамарсұлу Ершатқызы Ибраеваның ашық сабағы өтті. Сабаққа «Педагогика және психология» мамандығының магистранттары мен докторанттары, сондай-ақ «Музыкалық білім» мамандығының студенттері белсенді қатысты. Ашық сабақта оқытушы заманауи интербелсенді оқу әдістерін ұтымды пайдаланды, атап айтқанда – рөльдік ойындар, миға шабуыл, кіші топтармен жұмыс, сыни тұрғыдан ойлауды дамыту үшін Венн-диаграммасы және т.б. Сабақтын соңында студенттер ағылшын тілінде «Shut De Do» Р. Stonehill әнін орындады.

Сабақтың бейне нұсқасын төмендегі ссылкадан көруге болады: https://youtu.be/F41rCOhKJDM

 

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, академик С.Ж.Пірәлиевтің 20.01.2016 жылғы №01-05-11 бұйрығына сәйкес педагогика және психология кафедрасының ұйымдастыруымен тұнғыш рет педагогикалық ғылымдар бойынша магистранттар олимпиадасы 2016 жылдың 20-сәуірінде өтті.
Олимпиадаға университеттің 6 институты: «Педагогика және психология» институты, «Филология» институты, «Жаратылыстану және география» институты, «Математика, физика және информатика» институты, «Тарих және құқық» институты, «Өнер, мәдениет және спорт» институттарының магистранттары қатысты.
Олимпиада бірінші проректор М.Е.Ермағанбетовтің құттықтау сөзімен ашылды. Әділ қазылар алқасының төрағасы М.Е.Ермағанбетов, ал әділ қазылар құрамында п.ғ.д., профессор Ұ.М.Әбдіғапбарова , п.ғ.д., профессор Б.А. Тұрғынбаева , п.ғ.д., профессор С.Н. Жиенбаева , пс.ғ.д, профессор  З.Б. Мадалиева болды.

Олимпиада ғылыми-педагогикалық кадрларды дайындаудың сапасын арттыру және талантты жас зерттеушілерді анықтау мен оларға қолдау көрсету мақсатында педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ұ.М.Әбдіғапбарова мен профессор, педагогика ғылымдарының докторы Б.А.Тұрғынбаеваның құрастырған «Педагогикалық ғылымдар бойынша магистранттар олимпиадасы туралы Ережеге» сәйкес төмендегідей 5 кезеңнен тұрды:
- «Студенттердің педагогикалық жауапкершілігін қалыптастыру» тақырыбы бойынша командалық шағын зерттеу нәтижесін презентациялау;
-«Ғылыми хабарлама» - өзінің диссертациялық зерттеуі бойынша қысқаша сөйлеу (7 минут, презентациялық материалды қолданбау);
- Жазбаша жұмыс: ұсынылған мақалаға пікір жазу;
-«Ғылым және зерттеуші тұлғасы» тақырыбы бойынша ғылыми пікірталас;
-«Ғылыми эрудиция/ой-өріс» байқауы - әрбір қатысушының өзінің
ғылыми ой-өрісін, ғылыми - зерттеу жұмысынан хабардарлығы мен дайындығын көрсету міндеттерін шешуі.

Қазылар алқасының шешімімен олимпиада жеңімпаздары 1-ші, 2-ші, 3-ші дәрежелі дипломдармен, ақшалай және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Олимпиаданың қорытындысы бойынша «Педагогикалық ғылымдар бойынша магистранттардың олимпиадасында» үздік өнер көрсеткені үшін «Педагогика және психология» институтының магистранттары I дәрежелі дипломмен, дербестігімен ерекшеленгені үшін «Жаратылыстану және география» институты II дәрежелі дипломмен, белсенділігіменен ерекшеленгені үшін «Тарих және құқық» институты ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, ақшалай жүлделерге ие болды.

Сондай-ақ, «Педагогикалық ғылымдар бойынша магистранттардың олимпиадасына» белсенді қатысқаны үшін «Филология» институты, «Математика, физика және информатика» институты, «Өнер, мәдениет және спорт» институттарының магистранттары алғыс хаттармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

 

«ЖҰЛДЫЗДЫ СӘТ» атты интеллектуалды-танымдық сайыс

11.04.2016 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде педагогика және психология кафедрасының ұйымдастыруымен «Жұлдызды сәт» атты интелектуалдық-танымдық сайыс болып өтті. Фестиваль педагогика және психология институтының: «Жалпы және қолданбалы психология» кафедрасы, «Педагогика және психология» кафедрасы, «Арнайы білім беру» кафедрасы, «Бастауыш оқыту педагогикасы және әдістемесі» кафедрасы, «Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика» кафедралары аралығында бәсекеге қабілетті құзіретті маман даярлау, сондай-ақ, студенттерді білімділікке, сыйластыққа, бірін-бірі тыңдай білуге, ұйымшылдыққа тәрбиелеу, студенттерге қандай да бір мақсатқа жету жолдары бар екенін түсіндіру мақсатында өткізілді.
Сайысқа аталмыш кафедралар білімі терең, ойы ұшқыр 6 үздік студенттерін үкілеген үмітпен қосты. Сайыскер топтарымыз 6 кезеңнен (1- кезең «Жетістік», 2 - кезең «Жорға», 3-кезең «Тұлғалар», 4-кезең «Ғажайып қолдау», 5-кезең «Сіз білесіз бе?», 6-кезең «Менің сүйікті университетім») тұратын, және негізгі талаптармен өрнектелген арнайы бағдарлама негізінде сайысқа түсті.
Сайысқа төрелік еткен университетіміздің үлгі тұтар тұлғаларына айналған: педагогика және психология институтының директоры С.М.Кеңесбаев, педагогика және психология институтының директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары А.Т.Ақжолова, педагогика және психология институтының директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары К.Б.Малдыбаев, педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі Ұ.М.Абдіғапбарова сынды оқытушыларымыз болды.
Осыншама кезеңді артқа тастап, өз білімдерін айқын көрсете алған топтар әділқазылар шешімімен 1-орын «Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика» кафедрасы, 2-орын «Педагогика және психология» кафедрасы, 3-орын «Бастауыш оқыту педагогикасы және әдістемесі» кафедрасы, ал ынталандыру сыйлығымен «Жалпы және қолданбалы психология» кафедрасы, «Арнайы білім беру» кафедрасы марапатталды.
Жалпы алғанда «ЖҰЛДЫЗДЫ СӘТ» атты интеллектуалды-танымдық сайысынан алған әсеріміз ерекше. Бұл сайыс білімнің, аса ұшқырлықтың, шыдамдылық пен сабырлылықтың дәлелі болғандай.

989
 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler