қазақша · русский · english
 
 
 
Өткізілген іс-шаралар
12.11.2015

 

Ақордадан бастау алып, Таразда дүбірлі тойға ұласқан Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы, 2015 жылдың 11 қарашасы күні қазақтың қара шаңырағы атанған жоғары оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Қазақ хандығы дәуірі: тіл, әдебиет және тарих» атты ғылыми- танымдық кеңейтілген дөңгелек үстел ретінде жалғасын тапты. Бұл шараның негізгі ұйымдастырушылары Тәрбие басқармасы және Жалпы тіл білімі кафедрасы. Басқосудың мақсаты Қазақ хандығы дәуіріндегі тіл мен әдебиеттің ұлттық мәдени сипатын зерделеу, Хандықтың құрылуының этникалық мәнін ашу, Ұлы Дала тарихын тану туралы ғылыми ой тұжырымдарды саралау болып табылады.
Дөңгелек үстел жұмысына еліміздің белгілі ғалымдары мен қоғам қайраткерлері атап айтқанда: Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, профессор Бабаш Әбілқасымов; Академик Т.С. Садықов атындағы Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Мәмбет Қойгелдиев; Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Берекет Кәрібаев; Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жұмат Тілепов; Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, филология институтының директоры, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы; Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Бақытжан Хасанұлы; Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Темірхан Тебегенов қатысты.
Дөңгелек үстел жұмысын университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректор, саяси ғылымдарының кандидаты, профессор Жанатбек Ешенқожаұлы Ішпекбаев ашты. Ол өз сөзінде «Қазақ халқының тамыры сақ дәуірінен бастау алып, одан кейінгі өмір сүрген этникалық топтар, қазақ жері аумағындағы, қағандықтар болғанымен, олар ұлттық сипат алмағандықтан Қазақ мемлекетінің бастауы Қазақ хандығының құрылуынан басталады. Хандықтың негізін қалаған Керей мен Жәнібектің тарих сахнасындағы алар орны ерекше. Сондықтан, Қазақ хандығының 550 жылдығы - қазақтың жаңа сапаға көтерілуінің кезекті маңызды межесі».
Бұл іс-шараға мерейтой деп емес, ал ең бастысы болашақта ұлттың сапасын, мемлекеттілікті арттыру мен азаматтардың жүрегінде мемлекетшілдік сезімін ұялатудың жаңа бір мүмкіндігі деп қарауымыз қажет. Яғни, басты мақсат - Мемлекеттілік дәстүрдің сабақтастығын жаңғырту, бекіту. Және де бұл мерейтой «Мәңгілік Ел» идеясын бұқараның санасына сіңіру үшін қажет» - деп ойын тұжырымдады.
Ж. Ішпекбаев дөңгелек үстелге қатысып отырған зиялы ғылыми ортада өрелі ойлар, жаңа көзқарастар мен тұжырымды пікірлер айтылып, көптеген мәселелер ортаға салынар деген үлкен үмітін білдірді.
Одан кейін Тәуелсіз елеміздің тарих, тіл, әдебиет саласын дамытуға өзіндік үлесін қосып келе жатқан ұлағатты ғалым-ұстаздар Қазақ хандығы дәуіріндегі тіл, әдебиет және тарих мәселелері төңірегінде мазмұнды баяндамалар жасады. Шара барасында «Ұлы Дала тарихы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, Қорқыт Атадан бастау алған күй өнері мен жырау дәстүрі шежіресінен сыр шертілді.

    

Абай атындағы ҚазҰПУ
Тәрбие жұмысы, жастар саясаты және
мемлекеттік тілді дамыту басқармасы

 

 

 

 

 

 

 

 

 




Кері оралу

 
 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler