қазақша · русский · english
   
Ректордың үндеуі

ҚЫМБАТТЫ ДОСТАР!


Өзінің құрылғалы бері аға буынның бірнеше легі ауысып, жас ұрпақтың көптеген буынын тарих сахнасына шығарған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті - еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны. Оның іргесі 1928 жылы қаланған және бүгінгі таңда Тәуелсіз Қазақстанның беделді оқу орындарының бірінен саналады. Биыл бұл университеттің құрылғанына 85 жыл толады.

Абай атындағы ҚазҰПУ осы уақыт ішінде өз басынан екі рет мемлекеттік аттестацияны (1998 және 2003 жж.) және мемлекеттік аккредитацияны (2000, 2004 және 2006 жж.) ойдағыдай өткізді, сөйтіп өзінің жоғары мәртебесі мен кәсіби кадрлар даярлаудағы - оның ішінде педагогикалық мамандықтар бойынша да - сапалық деңгейін растады. 2007 жылы университет ел Президентінің «Сапа саласындағы жетістігі үшін» сыйлығының лауреаты атанды. Сондай-ақ білім ордасы еуропалық университеттердің (Magna Charta Universitatum) ұлы одағына қосылды және халықаралық «Біріккен Еуропа» (United Europe), «Еуропалық сапа» (European Quality) сыйлықтарының лауреаты болып табылады. Жасыл желек жамылған әсем Алматының 28-панфиловшылар атындағы саябағы маңына, Достық даңғылы мен Қазыбек би көшесінің қиылысына қоныстанған университет қалашығы өзінің сән-салтанатымен көз тартады. Кіре беріс баспалдағында биік тұғырға ұлы Абай мүсіні қойылған университет бас ғимаратының сәулеті де ерекше. Мұнда оқу орнының әкімшілігі, филология факультеті, оқу дәрісханалары, оқу-мәжіліс залдары орналасқан. Жалпы университеттің 9 оқу корпусы, 5 жатақханасы, 2 миллион данадан астам кітап қоры бар ғылыми-көпшілік кітапханасы, Интернет жүйесіне қосылған 29 компьютерлік сыныбы, Орталық М.Горький атындағы саябақ жанында арнаулы спорт кешені бар. Университет базасында Ұлттық ғылым академиясының Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар бөлімшесі жұмыс істейді. Ірі-ірі 10 факультет, 69 кафедра, магистратура, докторантура еліміз үшін аса қажетті мамандар мен ғылыми кадрлар даярлап шығаруға қызмет етуде. Ғылыми және оқу-зерттеу орталықтары, жоғары оқу орындары оқытушылары мен мектеп мұғалімдерінің білімін жетілдіретін бөлімдердің атағы да ҚазҰПУ-дің абырой-беделін асқақтата түсуде.

   Заман талабына сай әрбір студенттің компьютер мен электронды техникаларды жетік меңгеруіне, әлемдік интернет жүйесіне еркін енуіне бізде мүмкіндіктер жеткілікті. Елбасының тапсырмасына сәйкес, физика, математика мамандықтарын 1-курстан бастап ағылшынша оқытатын оқу топтары жасақталған. Биылғы оқу жылынан бастап 5 пән осыған көшеді. Келешекте студенттер бұл пәндерді ағылшынша оқып бітіріп, ағылшын тілінде сабақ беруге мүмкіндік алады. Бұл еліміз бойынша алғашқы үрдіс.

   Білім беруді әлемдік стандарттарға сәйкестендіруің басты тетігі - оқу үрдістерін ғылыми-зерттеу жұмыстарымен тығыз ұштастыру. Өйткені, ғылыми жұмыс - болашақ мамандар мен оқытушылардың өз шығармашылық әлеуеттерін толықтыратын жасампаздықтың қайнар көзі. Сондықтан бұл бағытқа салынатын қаржы мөлшерін арттыра түстік.

Ғылыми-педагогикалық әлеуеті жөнінен Абай атындағы ҚазҰПУ республика бойынша ең алдыңғы орында. Бүгінде мұнда профессор-оқытушылар құрамы 1500 адам болса, оның 300-і ғылым докторлары, профессорлар, 500-ден астамы ғылым кандидаттары, доценттер. Бұлардың ішінде ҚР Ұлттық ғылым академиясы мен Жоғары мектеп, басқа да халықаралық және салалық академиялардың академиктері, корреспондент-мүшелері қызмет етеді. Қазірде оқу орнының күндізгі және сырттай оқытатын бөлімдерінде 15 мыңнан астам студент оқиды.

   Мемлекет басшысы  Н.Ә.Назарбаевтың: «ҚазҰПУ - еліміздегі мектептердің, педагогикалық институттардың бүкіл оқу бағдарламалары мен оқу-әдістемелік  құралдарына, оқулықтарына жаңа әдістемелік көшбасшы болуы керек» деген тапсырмасын орындау мақсатында біз университет базасында Қазақстанның бүкіл облыстық білім департаменттерінің, педагогикалық институттары мен колледждерінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық білім академиясы мен Білім жетілдіру институттарының басын біріктіріп, бір бағытта жұмыс жасау үшін Консорциум ашқалы отырмыз.

   Білім деңгейін әлемдік стандарттарға сәйкестендіру үшін оқу орнының халықаралық байланыстарды нығайтуы аса маңызды. Бүгінде Абай атындағы ҚазҰПУ әлемнің 25 мемлекетінің 90 жоғары оқу орнымен тығыз байланыста жұмыс істеуде.

   Қымбатты білім қуған арманшыл жастар! Бүгінде кадр даярлаудың алтын ошағына, еліміздің мақтанышына айналып отырған қазақ елі білімінің қара шаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне қош келдіңіздер!

Игі тілекпен,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық

 университетінің ректоры, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, профессор Серік Жайлауұлы ПІРӘЛИЕВ.

 

4
 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler