қазақша · русский · english
   
«Айтылған тарих: теориясы мен практикасы» арнайы курсы

 

         «Айтылған тарих: теориясы мен практикасы» курсы қазіргі кездегі тарих ғылымының өзекті бағыты ретінде «ұлы адамдар және оқиғалардан» «кішкентай» адамдардың «күнделіктілік тарихына» өтуіне мүмкіндік беретін локальдық тарих, күнделіктілікті оқып білуге арналады.

         «Айтылған тарих» - бұл ХХ ғасырдың екенші жартысынан бастап жақсы дамып келе жатқан ғылыми бағыт. «Айтылған тарих» терминін Барбэ д`Оревилли 1852 жылы енгізген, бірақ кең қолданысқа Колумбия университетінің профессоры Аллан Невинстің еңбегінен кейін ғана енді. Ол 1948 жылы сейсмологиялық және теңіз геофизикалық зерттеулеріне арнап ауызша тарих бойынша зерттеулер ұйымдастырған. Ал, кейінірек ауызша тарихты ғылым тарихшылары, әсіресе нақты және жаратылыстану ғылымдары белсенді қолдана бастады. «Айтылған тарих» әдісіне әскери тарихты зерттеушілер де жиі жүгінеді.

         Қазақстан ғылымында бұл бағыттың сонау ерте кездерден қалыптасқан дәстүрі бар. Естеліктер, куәгерлердің әңгімелері, жыр-дастандар және т.б. Ал, аудиотехниканы қолдану ХХ ғасырдың екінші жартысынан жүргізіліп келеді, алайда арнайы ғылым ретінде «Айтылған тарих» кейінгі жылдарда ғана қолға алынып отыр.

         Бүгіндері «Айтылған тарих»  интервью алу арқылы жеке тұлғаның өмір сүрген кезеңі туралы субьективті білімі жазылатын - өзіндік әдісі бар ғылыми пән ретінде түсіндіріледі.

         Бұл ғылыми бағыттың мәні куәгерлердің белгілі бір кезең немесе оқиға туралы аудио және видеотехниканы қолдану арқылы жүргізілген (берілген тақырыпқа немесе кейбір өмір сүрген кезеңдер жайындағы естелік) жазбалары болып табылады.

         Айтылған тарихтың арқасында өткеніміз тарихи үрдістің қарапайым

қатысушыларының дүниетанымы арқылы бейнеленеді.

 

«Айтылған тарих» тарих ғылымын зерттеу әдісі ретінде:

  • тарихи оқиғаларға қатысқан, ресми деректерде тек статистикалық бірлік ретінде ғана көрінетін, ал кейде тіпті ұмыт қалатын «кішкентай адамдардың» куәліктерін сақтауға мүмкіндік береді;
  • тарих ғылымының - антропология, тарихи психология, тарихи герменевтика сияқты басқа салаларына материалдар береді;
  • ұрпақтан-ұрпаққа құндылықтар мен мәдени-семантикалық кодты жалғасатырады.