қазақша · русский · english
 
 
  Main / Mass media about us
07.03.2019

Қыздар университетінде дәстүрлі «Құрышжанов оқулары» өтті

 

Түркі әлеміне, түркітануға оның ішінде тіл, әдебиет, әлеуметтану, тарих, қоғамтану, өнер тарихы, халықаралық қатынастар, тұрғысындағы өзекті мәселелермен қатар түркі тілдерінің тарихы мен рухани мұралары, қыпшақтанудың жалпы және жеке мәселелері, түркі халықтарының тарихи-мәдени байланыстары туралы Қыздар университетінде өткен «Ұлы Дала құндылықтары - Түркі әлемінің жастарын біріктіруші фактор» тақырыбында өткен дәстүрлі «Құрышжанов оқулары» аясында ғалымдар пікір алмасты.

 

Университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Жандар Асанның айтуынша, шараны ұйымдастыруға Йассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты мен «Білім Times» журналы да қолдау көрсеткен.

 

Белгілі түрколог, тұңғыш қыпшақтанушы ғалым Әбжан Құрышжанұлының ғылыми еңбектерін зерттеп, зерделеу мақсат еткен ғалымдар басқосуы отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғалымдар мен тіл мамандары қатысуымен «Түркітану ғылымы және түркі тілдерінің өміршеңдік мәселелері», «Рухани жаңғыру: әдебиет пен мәдениет - ұлттың рухани тамырлары», «Жаңартылған білім мазмұнына жаңа бағдар» және «Рухани жаңғыру: жаңартылған білім жүйесіндегі ұлттық сананың кемелденуі» бағыттары бойынша өтті.

 

Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Вакур Сүмер алқалы жиынды аша отырып, түркі әлемінің ынтымақтастығын арттыру бағыттарына тоқталса, университеттің Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, профессор Тыныштық Ермекова ғалымның «Кодекс Куманикуске» байланысты іргелі зерттеулеріне тоқталып, «Әбжан Құрышжанұлы есімі берісі - қаймана қазаққа, арысы - әлем түркітанушыларына таныс. Зерттеушілік мол түйсігі мен қарымды қаламгерлігінің арқасында төл тарихымыздың тереңіндегі орта ғасыр ескерткіштерін, бірқатар түркі жұртына ортақ мұраларды ғылымға енгізіп, көпшілікпен қайта қауыштырды» деп атап өтті.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Балқия Қасым «Ғалым ғибраты», доцент Майра Жүнісова «Ғалым аманаты», Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті Нұрай Ғазизов «Тіл тағдыры - кемел келешек кепілі», Абай атындағы ҚазҰПУ студенті Әділет Ықылас «Ман элементінің этимологиясы» тақырыбында баяндама жасады. Басқосуда Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университеті, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті мен Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылары онлайн желісінде байланысқа шығып, пайымды пікірлерімен бөлісті.

 

 

Автолры: Эльвира Серікқызы

07.03.2019 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz


 



71

Вернутся назад

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler