қазақша · русский · english
 
 
  Main / Mass media about us
28.10.2017

JAN`A ZAMANG`A - JAN`A A`LIPBI`

 

 

Ерден ҚАЖЫБЕК,
Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры:


Кемел келешек кепілі

 

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын гракфи­ка­сына көшіру туралы» қаулысы - елімізде қолға алынған үлкен істің бастауы. Бұл - тәуелсіз елі­мізде мемлекеттік мәртебеге ие ана тіліміз - Қазақ тілін заман тала­бына сай жан-жақты дамыту бағытындағы баға жетпес тұңғыш тарихи қадам. Ендігі жерде еліміздің барша ғалымдары мен тілеуқор жұртшылықтың қазақ тілін биік тұғырға қондыруға білек сыбана іске кірісетін уақыты келді.
Жалпы, мұндай шешім қазақ тілінің жан-жақты дамып, өркен­деуіне жарқын жол ашады. Ең бастысы, латын әліпбиіне көшу өзге тілдермен салыстыр­ғанда, тілдік қоры бай қазақ тілінің қаймағын бұзбай, өзіне тән тілдік, дыбыстық ерекшеліктерін бас­тапқы қалпында сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге жол ашады. Екіншіден, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру ана тіліміздің әлем тілде­рі­нің биігіне көтеріліп, халық­аралық аренада өз орнын алуына барынша ықпал етеді. Бұған қоса, қазақ тілі - барша түркітілдес халықтар тілдерінің алтын қоры. Сондықтан еліміздің латын әліп­биіне өтуі қазіргі күні анағұрлым қарқынды дамып келе жатқан әлемдік ақпараттар кеңістігіне ену мен оған анағұрлым жылдам бейімделудің бірден бір оңтайлы, тиімді жолы.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақаласында «Бала­ларымыздың болашағы үшін осын­дай шешім қабылдауға тиіс­піз және бұл әлеммен бірлесе тү­суімізге, балаларымыздың ағыл­шын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы - қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады. Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз...» деп атап көрсетуі өте маңызды. Өйткені жаңа ғасыр - жаңғыру ғасыры. Біз оған бүгіннен бастап сақадай сай, дайын болуымыз қажет. Олай болса, күні кеше Елбасы қол қойған «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан ла­тын графикасына көшіру тура­лы» қаулысының тәуелсіз Қазақ елінің өзіндік даму тарихында алатын орны мен маңызы айрық­ша екені.

 

Тахир БАЛЫҚБАЕВ,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры:


Рухани бірегейлік


Президент Н.Назарбаевтың қазақ тілі әліпбиін латын графи­касына көшіру туралы Қаулы­сын жұртшылықпен бірге Абай атындағы Қазақ ұлттық пе­дагогикалық университетінің ұжымы да зор қуанышпен қарсы алды. Бұл тарихи шешімді қабылдау алдында көп жылғы дайындық жұмыстары тиянақты жүргізілді. Әліпби жобалары ғалымдардың сараптамасынан өтті, жұртшылық алдында ашық талқыланды. Ендігі жерде оны жүзеге асыру үшін алдымызда аса мол міндеттердің тұрғаны анық.
Латын әліпбиін ендіруде ескерілуі тиіс үш фактор мен ұлттың жазу жүйесін өзгертудегі дәстүр мен жаңашылдықты сабақтастырудың жолдарын тең қарастырған жөн.
Бірінші фактор - қоғамдық-әлеуметтік сұраным. Біріншіден, пайдасы мен қаупі тең түсетін жаһандану дәуірінде әр халықтың өз бет-бейнесін сақтап қалуы, ең алдымен, оның мәдени иммуни­те­тінің беріктігіне, рухани құн­дылықтарын сақтай алуына тікелей байланысты. Сол құнды­лықтардың ең басты өзегі тіл екені белгілі. Тіл - мемлекет қа­уіп­­­сіздігінің кепілі, ұлтты ұйыс­ты­­рудың, бірегейлендірудің те­тігі. Сондықтан қоғамның сауа­т­ын қалыптастыратын жазу таң­басын сауатты меңгертіп, сәт­ті ендіру - біздің ең басты міндет.
Екінші фактор - жаңа әліпбиді меңгертуде отандық ғылымның, оның ішінде қазақ тіл білімінің, жазу іліміне қатыс­ты бір ғасырға жуық уақыт ая­сында әбден қалыптасқан қағи­даларын ескеру. Қазақ әліпбиі­нің орфографиялық нормаларын айқындауда озық дәстүрлер мен жаңа уақыт талабын сабақтас­тыру, сәйкестендіруге басымды­лық беру. Қазақ жазу ілімінің теориясы А.Байтұрсынұлы еңбектерінде алғаш қалыптасып, негізделді. Ғалымның әлемдік жазу тарихына әкелген рефор­масы дәл бүгінгі күні де негізгі дәстүр ретінде сақталып, ұлт жа­зуының жаңа жүйесін меңгертуде тірек етіп алынуы керек деп санаймыз.
Үшінші фактор - таңдалған жаңа жазу жүйесін қоғамның, әсіресе, жас ұрпақтың саналы, сапалы меңгеруін қамтамасыз ететін педагогика, психология, әдістеме ғылымдарының бірлігін қамтамасыз ету. Бұл жерде жаңа әліпбиді үйрету үдерісінде тілді оқыту әдістемесі саласының мамандарына үлкен жауапкер­шілік жүктеледі. Жалпы, оқыту­дың әдістемелік жүйесін сөз еткенде оның әрбір құрауышы маңызды орын алады. Атап айтқанда, оқытудың мақсаты, білім мазмұны, оқыту формалары мен технологиясы, оқыту нә­тижесі. Мақсат пен нәтиженің сәйкес келуі, ең алдымен, ұсыны­латын мазмұнға тәуелді. Яғни, түпкі нәтижеде сауатты адам тәрбиелегіміз келсе, біздің ұсы­натын материалымыз да сол сауаттылықты дұрыс қалып­тас­тыруға ыңғайлы, ұтымды болып жасалуы шарт.
Осындай келелі істердің орайлы ұйымдастырылуын қамтамасыз ету республикадағы педагогикалық жоғары оқу орын­дарының көшбасында тұрған Абай атындағы Қазақ ұлттық пе­дагогикалық универ­ситеті ма­мандарына ерекше жауап­кершілік жүктеп отыр. Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық ко­миссия тарапынан жаңа әліп­биді ендірудің кезеңдері нақ­тыланып, әр кезеңнің мақсаты мен міндеттері, нәти­желері мен межелері белгіленгеннен кейін атқарылар жұмыстарды жоспарлап алуымыз қажет. Ол үшін республикадағы көшбасшы университет болғандықтан, Абай атындағы ҚазҰПУ жанынан еліміздің білім мекемелеріндегі педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыратын «Латын әліпбиін оқыту әдістемесі» орта­лығын ашуды қажет деп білеміз. Әр облыста осы Орталықпен ты­ғыз байланысты жұмыс жасай­тын латыннегізді қазақ әліпбиін оқыту орталық­тарының жұмыс­тарын ұйымдастыру керек.

 

Александр ТАРАКОВ,
Президент жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ-нің директоры:


Тәжірибеміз - басқа халықтарға үлгі

 

- Әліпби жетілдірілген база негізінде қалыптасып отыр. Яғни, ол уақыт сынынан өткен латын графикасында дайын­далған. Кезінде Латын империясы құласа да, жазуы қалды. Өз заманында көптеген ұлттар, тіпті славян халықтары да латын жазуын қолданды. Африка халықтарын жаулау кезінде олар да еріксізден латын жазуын қолдана бастады.
Қазақстан мұндай сындарлы кезеңдерден өткен. Себебі, өткен тарихқа үңілсеңіз, қазақ тілінің 12 жыл бойы латын қарпінде таңба­ланғанын байқайсыз. Яғни, біздің бұдан бұрынғы тәжірибеміз бар. Сондықтан біз латынға қайта оралып жатырмыз. Бұл әліпбиді қолдануда жинақылық болады, тәжірибеміз де мол. Оның үстіне француз тілінде жиі қолданылатын дәйекшемен таңбалана бастайды. Яғни, әлемде бір емес, бірнеше тілдің дәйекшені қолдану тәжі­рибесі бар. Мәселен, ағылшын, француз халықтарының өз әліп­биін қолдануда біраз қиындық­тары кездеседі. Әртүрлі әріптің әр жерде кездесуіне қарай дыбыста­луы да әрқалай. Бұл тұрғыдан біздің тәжірибе қазіргі заман­дағы басқа да халықтарға үлгі болады.

 

Ербол ТІЛЕШОВ,
Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры:


Төл әліпби - ел үшін жаңа қадам

 

- Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиіне көшу мәселесін көтер­ген болатын. Міне, сол уақыттан бері бұл мәселе пысықталып, пісіп-жетіліп, қазан айында жаңа әліпбиіміз бекітілді. Әліп­би құрастырудан бөлек, оның жаңа емле ере­желерін жасау өз алдына үлкен жұмыс. Қазір еліміз үшін ше­шуші сәт туды. Төл әліпбиіміздің болуы - ел үшін үлкен маңызды қадам.
Әліппеде 32 әріп болғаны­мен, әрбір таңбаның жазылуы, сөз тіркестерінің қолданылуына мән беріліп, сөздіктер дайын­далады. Орфографиялық, орфо­эпиялық, терминология­лық және салалық сөздіктер бекіті­леді. Ең алдымен әліпбиді енгізуге аса қажетті әде­биеттер, ережелер дайын­далып, шы­ғарылады. Бірте-бірте салалық әдебиеттер дүниеге келеді. Елбасы Жарлығында бұл іске кезең-кезеңімен 2025 жылға дейін көшуіміз керек делінген. Осыған байланысты Ұлттық комиссия, арнайы жұмыс тобы құрылады. Басты мақсат - емлелік ережелерді құрастыруда тілдің төл заңдылықтарын бұз­бай, төл ерекшеліктерін сақтау. Барлық төл дыбысымыз ұмыт қалған жоқ, таңбаланды. Енді, біртіндеп ол халыққа түсінді­ріледі. Мұғалімдерге арналып курстар ұйымдастырылады. Балаларға, зейнет­керлерге, мемлекеттік қызмет­тегілерге деп әр топқа бөлініп оқыту жұ­мыстары қолға алы­нады. Мы­салы, Тараз қаласын­да қыркүйек айынан бастап арна­йы кафедра ашылған болатын. Қарқынды жұмыстар басталып кетті. Осыдан кейін мектеп, жоғары оқу орындарына ар­налған оқу­лықтар дайын­далмақ.
Халықтың ішінде «кирил­лицамен жазылған мұрамызды қалай сақтап қаламыз, «жас ұрпаққа жеткізе аламыз ба» деген алаңдаушылық бар екені жасырын емес. Сондықтан маңыздылығына қарай кирил­лицада жазылған әдебиеттеріміз де кезең-кезеңмен аударылады. Бұл мәселеде алаңдаудың еш қажеті жоқ.

 

 

27.10.2017ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz

 

 



269

Вернутся назад

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler