қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
27.01.2023

«Ұрпақ тәрбиесіндегі құндылықтар негізі» жинағының тұсаукесері өтті

 



2023 жылдың 27 қаңтарында Абай университетінде «Ұрпақ тәрбиесіндегі құндылықтар негізі» жинағының тұсаукесері өтті. Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова, Абай университетінің ректоры Дархан Біләлов, академик, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсайынов, Қазақстанның Тұңғыш Еңбек Ері, қайраткер ұстаз, Қазақстан ПҒА академигі Аягүл Миразова, Алматы қаласы №81 мектеп-гимназия директоры Нұрғали Турумбетов, Алматы қаласы Білім басқармасы мен педагогикалық бағыттағы жоғары оқу орындары мен орта білім беру мекемелерінің өкілдері қатысты.


Тұсаукесерді Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Дархан Біләлов ашып, аталған жинақтың еліміздің өскелең ұрпағына білім мен тәрбие берудегі маңыздылығына қысқаша тоқталды. Бұл мәселе кез келген қоғам үшін аса өзекті екендігі атап өтілді.


Ұрпақ тәрбиесін жетілдіру мақсатында Педагогикалық ғылымдар академиясы Абай университеті және Алматы қаласы Білім басқармасымен бірлесе отырып мектеп оқушыларына тәрбие беру жұмыстарын жетілдіру жобасын жасады. Бұл жоба ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінің қолдауына ие болып, жастар тәрбиесінің 6 өзекті бағыты анықталып, олар бойынша тиімді жұмыс жасау үшін 14 әдістемелік нұсқаулық әзірленді. Барлық нұсқаулықтар топтастырылып, «Ұрпақ тәрбиесінің құндылықтар негізі» тақырыбында 3 бөлімнен тұратын жинақ дайындалды.


Осы жобаның ғылыми жетекшісі академик Асқарбек Құсайынов, Аягүл Миразова, Жұлдыз Сүлейменова, №2 гуманитарлық-педагогикалық колледж және №81 мектеп-гимназия басшылары сөз сөйледі. Олар 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін оқушыларға, сабақтан тыс уақытта, тәрбие жұмыстарын жүргізудің біртұтас ғылыми-практикалық негізі жасалғанын және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы бұл жинақты орта білім беру ұйымдарының педагогтері тәрбие жұмыстарында қосымша әдістемелік нұсқаулық ретінде қолдануына ұсынылғанын айтты. Жинақпен Алматы қаласының барлық қазақ және аралас мектептері қамтамасыз етілген.

 

27.01.2023 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz