қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
23.04.2021

Белгілі ғалымға арналған конференция

 


 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, психология ғылымдарының докторы Оразбекова Күләш Айтмолдақызы 80 жасқа толып отыр. Осыған байланысты университетте «Адамзаттың ғаламдық мәселелерін шешудегі ұлттық психологияның рөлі» тақырыбында ғылыми тәжірибелік конференция болып өтті.

 

Конференцияға модераторлық еткен университет проректоры, философия ғылымдарының докторы Ақтолқын Құлсариева мерейтой иесінің өмір жолы мен ғылыми-педагогикалық қызметіне шолу жасап өтті. - Күләш Айтмолдақызы 1940 жылы Алматы қаласында туған, деді ол. - Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының тарих-филология факультетін бітірген. Педагогика ғылымдарының докторы, психология ғылымдарының профессоры. Қазақ әйелдерінің арасынан бірінші болып Нью-Йорк академиясының Құрметті докторы және толық мүшесі болып сайланған.

 

Еңбек жолын 1958 жылы Ақсу ауданы Ы.Алтынсарин (Мамания) орта мектебінде пионер ұйымының жетекшісі болудан бастаған ол аудандық пионерлер үйінің директоры қызметіне дейін жоғарлаған.

 

1964 жылы жоғары оқу орнын бітірген соң Талдықорғандағы №1 мектеп-интернатта орыс тілі пәнінің мұғалімі болады. 1969 жылдан Талдықорған облыстық халық ағарту бөлімінде мектеп инспекторы қызметін атқарады. 1970 жылы Республика Оқу министірлігі жанындағы Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітіріп, сонда кіші және аға ғылыми қызметкер, мектеп оқушыларының гигиенасын, физиологиясын және психологиясын зерттеу зертханасын басқарады.

 

К.Оразбекова осы шығармашылық жылдары халқымыздың ұлттық рухын арттырудың жолдары, адам баласының психологиясы, ұлтжанды тұлғаны қалыптастырудағы әдет -ғұрпымыз бен салт -дәстүріміздің алатын орны, өзге де тақырыптарда жүздеген танымдық, ғылыми -сараптамалық еңбектерді өмірге әкелді. «Ұлттық психология» атты үш томдық кітабін жазды. Олар «Қазақ ұлты», «Жан сыры», «Адам тану» деп аталады.

 

Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат - міндеттерінің ең бастысы - өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі - келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл - парасаты мол, мәдени-ғылыми озық етіп тәрбиелеу - біздің де қоғам алдындағы борышымыз - осы түбегейлі мәселелерді жоспарлы түрде жүзеге асырып, толықтай, жан-жақты, қазіргі заман талабына сай жастардың бойына дарытып жүрген ұстаз - ғалым осы Күләш Айтмолдақызы Оразбекова десек жаңылыспаймыз.

 

Ол өзінің мағыналы да мәнді өмірін жастарды оқытуға, тәрбиелеуге және оларды дамытуға арнады. Жас ұрпаққа мәңгілік өнеге болардай жауһар дүниелер жасады. Жастардың тәрбиесі үшін ұлан-ғайыр еңбек сіңірді және сол еңбектері үшін бірнеше мәрте жоғары марапаттарға ие болды. Мықты ұстаз үшін адамзат алдында тұратын ұлы мұраты, міндеттерінің ең биігі - өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де, білгір жастардың қолында екенін үнемі алға тарта отырып, сол болашақ қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл - парасаты мол, мәдени-ғылыми озық етіп тәрбиелеуден аянбаған ұстаз екенін мақтанышпен айта аламыз.

 

Конференцияның пленарлық мәжілісінде сөз алған Абай атындағы ҚазҰПУ Педагогика және психология институтының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Ғалия Абаева, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Берікжан Әлмұхамбетов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, психология ғылымдарының докторы Света Бердібаева, Абай атындағы ҚазҰПУ Педагогика және психология институтының кафедра меңгерушісі, профессор Ұлболсын Қияқбаева, Ферғана мемлекеттік университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Дилафруз Юлдашева және басқалар мерейтой иесі К.Оразбекованың ғылыми еңбектері туралы ой өрбітті. Бұдан кейін конференция секциялар бойынша жұмыс істеп, күн тәртібіндегі өзекті мәселені талқылады.

 

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Қоғаммен байланыс бөлімі

23.04.2021 ж.

Ақпарат көзі: qazdauiri.kz