қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
13.02.2023

 Өнімділікті болжаудың әдісі әзірленуде

 

 

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың базасында Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті қаржыландыратын «Отырар ауданындағы топырақ тұздылығының жүгерінің өсіп-өнуіне әсерін зерттеу және дақылдың өнімділігін болжаудың ғарыштық әдісін әзірлеу» жоба сәтті жүзеге асырылуда.

 

Талантты ғалым, PhD докторы - Шахислам Лайсханов жетекшілік ететін ғылыми жобаны Абай университетінің географ-ғалымдары және Ө.О. Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтының топырақтанушы-ғалымдары бірлесіп орындауда. Жоба аясында ғалымдар біршама нәтижелерге қол жеткізіп, бірқатар жарияланым жасаған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

 

Атап айтар болсақ, жоба аясында Scopus және Web of science халықаралық деректер базасына кіретін журналдарда 3 мақала, ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған рецензияланатын отандық басылымда 1 мақала, халықаралық конференциялық жинақта 1 мақала және 1 монография жариялаған.

 

Жоба аясында ғалымдар Отырар ауданының жүгері егістіктеріндегі топырақтардың тұздануы уақыттық (мезгілдік) және кеңістіктік тұрғыдан құбылатынын анықтап, бұл құбылыстың мезгілдік және кеңістіктік динамикасын жасап, зерттеу нысанындағы топырақтардың тұздану заңдылықтарын анықтаған. Сонымен қатар, жүгері егістіктеріндегі топырақтардың тұздануын далалық зерттеу және ғарыштық әдістерді қолдана отырып зерттеу және жерді қашықтан зерделеу мәліметтерін негізге ала отырып, тұздану картасын құрастырудың алгоритмдерін дайындаған.


Қазіргі таңда, зерттеу тобы екі жылдық зерттеу нәтижесінде жүгері дақылының өнімділігін болжаудың жаңа әдісін әзірлеп, оны сынақтан өткізу мәселесімен айналысуда. «Жоба нәтижесінде әзірленетін әдісті қолдану арқылы басқа да суармалы жағдайдағы жерлерде жүгері өсірген жағдайда, қанша өнім беретінін болжауға болады. Бұл әдіс тек жүгерінің өнімділігін ғана емес, басқа дақылдардың өнімділігін болжауға септігін тигізе алады. Осылайша, өнімділік әлеуеті жоғары жерлерді анықтап, суармалы егістік көлемін ұлғайту және ауылшаруашылық өндірісті арттыру сияқты жұмыстарға оң әсер ететіні күтілуде.

 

13.02.2023ж.

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz