қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
06.05.2021

«Ұлы дала тұлғалары» орталығы жастарды тұлғалық қасиеттерге баулиды

 


 

Қазақстан тарихында тұлғалардың қалдырған ізі терең әрі мағыналы. Сақ заманындағы Тұмар ханшайым, байырғы түркілер дәуірінің қолбасшылары Күлтегін мен Тоныкөк, Қазақ хандығының іргетасын қалаған Керей мен Жәнібек, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада» еліміз бен жерімізді сақтап қалған Абылай, Қабанбай, Бөгенбай сынды тұлғалардың есімі мен істері әлденеше ғасырларды аттасақ та халық зердесінен мәңгілік өшпейді.

 

Тұлғасыз - халық жетім, туған халқынан тамырын үзген Тұлға - тұл. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Ұлы дала әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді», деп анық та, қанық көрсеткен. Елбасы ұлт мақтанышына айналған біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымызды, данагөй билеріміз бен жырауларымызды дәріптеуді отандық ғылымның маңызды міндеті деп санайды.

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында қойылған міндеттерді орындау мақсатында университетімізде 8 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан «Тұлғатану» орталығы кеңейтіліп, «Ұлы дала тұлғалары» орталығы ашылды. Жаңадан ашылған орталық мақсаты - Елбасымыз айтқандай, көрнекті тұлғаларды зерттеп-зерделеп, нәтижесін жарыққа шығарып, көпшілік арасында, әсіресе, жастар арасында тарату, сонымен бірге студент-жастарды тұлғалық қасиеттерге тәрбиелеу.

 

Ұлы Дала тұлғалары орталығы еліміздің азаттығы, мемлекетіміздің дамуы, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің өркендеуі жолында қажырлылықпен күрескен мемлекет және қоғам қайраткерлері туралы ай сайын танымдық дәрістер өткізіп тұрады. Мысалы, осы уақытқа дейін Алаш қайраткерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедов, Т.Рысқұлов, осы заманғы ұлт қайраткерлері Д.Қонаев, Н.Назарбаев, Б.Рамазанова, Ә.Нұрпейісов, Р.Нұртазина, А.Жұбанов т.б. туралы танымдық дәрістер жастар үшін зор өнеге болғаны сөзсіз. Сондай-ақ бұл орталық «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен қазірдің өзінде 5 томдық ғылыми-танымдық кітаптарды жарыққа шығарды.

 

Авторы: Г.Нұрымбетова,

Абай атындағы ҚазҰПУ

«Ұлы дала тұлғалары» орталығының директоры, профессор

06.05.2021 ж.

Ақпарат көзі: qazdauiri.kz