Главная /
СМИ о нас
15.03.2019 «Айгүл» деген біз боламыз...
Қазақ өнерінің қара шаңырағы Абай атындағы опера және балет театрына жиналған қалың көрермен өздері өнерін пір тұтқан атақты «Айгүл» ансамблінің жарты ғасырлық тойының куәсі болды.
Айгүл - деген біз боламыз, Айгүл - атты қыз боламыз, Тек қана қыздар, - деп бір кезде өнер әлеміне ерекше құбылыс болып енген «Айгүліміз» де 50-ге келіпті.
Кеш шымылдығы «Аңызға айналған «Айгүл» атты театрландырылған қойылыммен ашылып, өнер ұжымының тарихы, даму кезеңдері мен шығармашылығы кеңінен баяндалды. Режиссер Медет Ағабыловтың қойылымдағы отандық эстрадада тек қана қыздардан құралған алғашқы ансамбльдің ерекшелігі мен өзіндік өрнегіне басымдық бергені байқалды. Сонымен, мерейтойлық кештің ресми бөлімінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының «Айгүлдің» мерейтойына орай жолдаған құттықтау хаты оқылды.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің жартығасырлық тарихы бар өнер ұжымына деген ізгі лебізін шаһар басшысының орынбасары Арман Қырықбаев оқыды. Сонымен қатар, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов, Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі педагог Аягүл Миразова, қоғам қайраткері, Қыздар университетінің түлегі Асылы Осман және өзге де жоғары оқу орындарының басшылары мен танымал азаматтар өнер ұжымының мерейтойымен құттықтап, сөз алды.
Өз кезегінде Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова «қазақ қыздарының парасат мектебі» атанған Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университеті өзінің 75 жылдық тарихында тек жоғары білікті педагог мамандар даярлап қана қоймай, еліміздің мәдениет саласының дамуына да елеулі үлес қосқанын атап өтті.
- Мәдениет пен өнер - ұлттың рухани өзегі, парасаты мен бет-бейнесі. Өркениетті мемлекет, ең алдымен, төл тарихымен, бай мәдениетімен ерекшеленеді. Осы орайда оқу орнының студенттерінен құралған «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің құрылуы кезінде қазақ өнерінің тарихында айтулы құбылыс болғандығы белгілі. Ансамбль әлемнің көптеген мемлекеттерінде өнер көрсетіп, еліміздің мәдениетінің танылуына және дамуына елеулі үлес қосты. Қазақ эстрадасында тек қыздардан құралған алғашқы ұжымға әр жылдары мәдениет саласының майталмандары жетекшілік жасап, оның шығармашылығының өрістеуіне ұйтқы болды. Олардың қатарында Ескендір Хасанғалиев, Марат Балтабаев сынды азаматтар болды. Әлемнің 10-нан астам еліне гастрольдік сапармен барған «Айгүлдің» ерен еңбегі ескерусіз қалмады. Мемлекеттік сыйлықтармен марапатталып, «Халықтық шығармашыл ұжым» атағына ие болды. Бірнеше байқауларда «жүзден - жүйрік, мыңнан - тұлпар» шығып, үздік атанды, - деді өз сөзінде Гаухар Алдамбергенова.
Кеш бойы ансамбльдің репертуарындағы әндер орындалып, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Олардың қатарында «Тек қана қыздар», «Гүлдерайым», «Қаракөзайым», «Су тасушы қыз», «Алматының алмасы», «Бәрінен де сен сұлу», «Қазақтың ару қыздары» сынды туындылар бар.
Бір айта кетерлігі, «Айгүл» вокалдық-аспаптар ансамблінің құрылған күні - 1969 жылғы 8 наурыз. Сонымен қатар, Қыздар педагогикалық институтында 1968 жылы құрылған «Айгүл» атты вокалдық-квартет, осы аттас ұлт-аспаптар оркестрі және «Айгүл» атты бишілер тобы болған. Осы «Айгүлдерді» аты аңызға айналған «Айгүлмен» шатастырып алатындар да көп. Дегенмен, өнерде өз қолтаңбасын қалдырған, халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, жарты әлемді шарлаған - «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблі. Бүгінде есімдері елге танымал Мәдина Ералиева, Құрманай Әжібаева, Ұлжан Айнақұлова, Тамара Асар, Кәмшат Жолдыбаева және Ұлбосын Белғозиева сынды әншілердің өнер жолы осы ұжымнан бастау алды. Марат Балтабаев жетекшілік жасаған «Айгүл» ансамбліне Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтының сол кездегі ректоры, қазақтың қайраткер қызы Күләш Құнантаева үлкен қолдау көрсетті. Бұл ұжым өнер жанашырының тікелей қамқорлығында болды. «Айгүл» ансамблі алғаш болып қазақтың көне ұлттық аспаптарын заманауи музыкалық аспаптармен астастырып, үлкен сахнаға алып шықты. Топ жетекшісі еліміздің білгір музыкатанушыларын бір мүдде, бір мақсатқа ұйыстырды. «Айгүл» ансамблі көне мұраларымыздың іздеушісі - зерттеуші Болат Сарыбаевтың лабораториясына айналды. Ол кісі арысы - археологиялық қазбалардан табылған, берісі - мұражайларға қойылған аспаптарды қыздардың қолына ұстатты. Ғалым шаңқобыз, шертер, асатаяқ, дабыл, үскірік, дауылпаз сынды аспаптардың үнін, тарихын, мінезін «айгүлдіктерге» жете ұғындыра білді. Өзбекәлі Жәнібеков, Әзірбайжан Мәмбетов, Болат Сарыбаев сынды ұлт руханиятының жанашырлары ұжымды әркез қолдап отырды. Ел есінен ұмыт болған «Айгүлді» Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтының 60 жылдық мерейтойында оқу орнының сол кездегі ректоры, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева қайта жаңғыртып, Республика сарайында өткен салтанатты жиында ансамбльдің алғашқы құрамын сахнаға шығарған еді.
Қыздар университетінің 75 жылдық мерейтойына тарту ретінде «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің «Қазақтың ару қыздары» атты ән жинағы жарық көрді. Альбомға ансамбль репертуарындағы қазақ композиторларының 9 шығармасы енгізілді. Олардың қатарында «Қазақтың ару қыздары», «Үшқоңыр», «Тек қана қыздар», «Ардақты ұстаз», «Толағай», «Су тасушы қыз», «Жетісу» және «Өз елім» сынды танымал әндер мен Нұртуғанның «Қанеки, тілім сөйлеші» атты термесі бар.
Сондай-ақ, концертте Қыздар университетінің студенттерінен құралған «Томирис» би ансамблі де өз өнерін ортаға салып, «Сән әлемі» орталығында дайындалған қазақтың киім үлгілері көрермен назарына ұсынылды. Алматы аспанын әнге бөлеген кеш «Айгүлдің» жаңа құрамының орындауындағы «Жастар» әнімен аяқталды.
Көрермендердің біразы «Айгүлдің» әнін тыңдап, тым алыста қалған жастық шағымен қайта қауышып, керімсал күй кешті.
Авторы: Рая Ескендір 15.03.2019 ж. Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz |