Главная /
СМИ о нас
15.08.2018 Қапшағайдағы тамыз кездесуі
Тамыз айының алғашқы күндерінде Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде республика облыстары мен Алматы, Астана, Шымкент қалалары білім басқармаларының басшыларымен өткізілген семинар алдағы тамыз кеңесінде қаралатын мәселелерге тың серпін беретіні сөзсіз.
Семинардың негізгі тақырыбы «Әлемдік өзгерістер жағдайында білім беру ұйымдарын басқару» деп аталғанымен, көтерілген және талқыланған мәселелердің аясы ауқымды. Өйткені жоғары оқу орындарында сапалы мұғалім кадрларын даярлау, бұл мамандыққа оқуға түсетін жастарды икеміне қарай іріктеу, оларға терең білім беру, мұғалім мәртебесін көтеру, білім беру мазмұнын жаңарту, орта білім беруді дамыту, адамның дамуына және әлеуметтенуіне қолайлы адамгершілік және қауіпсіз ортаны құру, елімізде білім беру жүйесінің кәсіптік бағдарлануын қайта жүктеу, білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандардың өзіне-өзі қол жұмсауы (суицид) мінез-құлқының алдын алу, білімді критериалдық бағалау, мониторниг жүйесінде сапаны бақылау құралдарын (TQM) пайдалану, мектепте білім беру сапасын қамтамасыз етуде аудандық әдістемелік кабинеттердің рөлін арттыру сияқты өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Семинардың бас модераторы, университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Такир Балықбаев оқу орнының алдағы қазан айында өткізілетін 90 жылдық мерейтойы және оны өткізуге дайындық барысы туралы хабарлай келіп, жоғары оқу орындарында мұғалім кадрларын даярлаудың негізгі өзекті мәселелеріне тоқталды.
«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова білім беру мазмұнын жаңартудың өзекті мәселелеріне, бұл салада өзі басқарып отырған ұйымның атқарып отырған жұмыстарына тоқталды. «Өрлеу» мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру ұлттық орталығы басқармасы төрағасының орынбасары Иса Самсаев мектепте білім берудің жаңа мазмұнын енгізуге байланысты мұғалімдер даярлаудың маңызы туралы, Алматы менеджмент университетінің президенті Асылбек Қожахметов орта білім беруді дамытудың жолдары, П «Arsana» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Рысты Жұмабаева адамның дамуына қауіпсіз орта құру, EDTECH халықаралық білім беру орталығының бас директоры Ғани Бейсембаев кәсіптік бағдар беру мәселелері, Абай атындағы ҚазҰПУ біліктілікті арттыру орталығы директорының орынбасары Александр Семченко ғаламдық өзгермелі кезеңдегі білім беру мәселелері туралы өте мазмұнды баяндамалар жасады. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Күлзада Құдайбергенованың «Критериалды бағалау» туралы, «Өрлеу» ұлттық орталығы директорының орынбасары Әсел Таңатованың білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандардың өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттерінің алдын алу тақырыбындағы баяндамалары көпшіліктің көңілінен шықты.
Талқыланған мәселелер бойынша жоғары оқу орындарының оқыту бағдарламаларына «Назарбаев зияткерлік мектептері» қолданып отырған технологияларды батыл енгізу, білім беру бойынша ғылыми-практикалық бағдарланған зерттеулер жүргізу, педагогикалық практиканың мерзімін ұзарту және оны студенттердің тұрғылықты жері бойынша екінші курстан бастап өткізу, 9 сынып оқушылары арасында кәсіптік бағдар беруді ұйымдастыруға EDTECH халықаралық білім беру орталығының мамандарын тарту, еліміздің аймақтарында мұғалімдердің педагогикалық тәжірибе алмасу алаңдарын құру, ЖОО профессор-оқытушыларының базалық білім беру ұйымдарындағы жұмысын күшейту сияқты өзекті ұсыныстар қабылданды.
Жоғары оқу орнына мұғалімдік мамандықты жан-тәнімен сүйетін, оны өмірлік мақсатына айналдырған шынайы талапкерлердің мақсатты топтарын іріктеп қабылдау аймақтарды жоғары мамандандырылған педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында «Білім беру альянсы» консорциумы құрылды. Осыған байланысты «EDTECH. Kz» халықаралық білім беру орталығы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және облыстардың, Алматы, Астана, Шымкент қалаларының Білім басқармалары арасында меморандумға қол қойылды.
Семинарға қатысқан өңірлік білім басқармаларының басшылары бұл жиынның таяудағы тамыз кеңесі қарсаңында ойға-ой қосып, алдағы істеріне тың серпін беретінін айтты.
Бұл жиынның Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қапшағай теңізі жағасындағы «Ұстаз» демалыс аймағында өткізілуі тамыздың ми қайнатқан аптап ыстығында оған қатысушылар мен қонақтардың әрі демалып, әрі сергек жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.
Авторы: Мырзахан Ахметов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімінің басшысы 15.08.2018 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz
|