Грантқа ауысу тәртібі
Жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу процесінде бакалавриат немесе магистратура білім беру бағдарламалары бойынша босаған бос білім беру гранттарын тағайындау тәртібі
Жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу процесінде босаған бос білім беру гранттары (бұдан әрі - босаған гранттар) кадрларды даярлау бағыттары бойынша ақылы негізде білім алушыларға конкурстық негізде беріледі.
Ашық конкурс туралы хабарландыру кадрларды даярлау бағыттары мен курстары бөлінісінде босаған бос білім беру гранттарының саны көрсетіліп, ЖОО-ның сайтында орналастырылады.
Бос білім беру гранттарын алуға конкурс өткізу кезінде үлгерімнің орташа балының көрсеткіштері бірдей болған жағдайда, оқудың барлық кезеңінде тек «өте жақсы» және «жақсы» (А, А-, В+, В, В- және С+ (2019 жылғы 1 қаңтардан бастап)) бағалары бар білім алушылар басым құқыққа ие болады.
Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу үрдісінде босаған бос білім беру гранттарын беру жазғы және қысқы каникул кезеңінде конкурстық негізде бос тұрған орындарға төменде көрсетілген тәртіптермен жүзеге асырылады:
Бакалавриат бойынша:
1) ақылы негізде білім алушы ЖОО басшысының атына алдағы уақытта жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру гранты бойынша оқуға өтініш береді;
2) келіп түскен өтініштер ЖЖО-ның ғылыми (академиялық) кеңесі мен бақылау (қамқоршылық) кеңесінің және (немесе) директорлар кеңесінің отырысында қарастырылады;
3) ЖОО-ның ғылыми (академиялық) кеңесі мен бақылау (қамқоршылық) кеңесінің және (немесе) директорлар кеңесінің шешімі негізінде ағымдағы жылғы 5 тамыз және 15 қаңтарға дейінгі мерзімде босаған бос білім беру гранттарына үміткерлердің тізімін білім беру саласындағы уәкілетті органға шешім шығару үшін жолдайды.
Тізімге білім алушының өтінішінің көшірмесі, ғылыми (академиялық) кеңес пен бақылау (қамқоршылық) кеңесінің және (немесе) директорлар кеңесінің шешімі, білім алушының транскриптінен үзінді, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және ЖОО-нан шығарылған білім беру гранты иегерінің куәлігі (төлнұсқа) қоса беріледі;
4) білім беру грантын беру туралы куәлік негізінде ЖЖОКБҰ-ның басшысы алдағы уақытта білім беру гранты бойынша оқуға бұйрық шығарады.
Магистратура бойынша:
- ақылы негізде білім алушы оқуын мемлекеттік грантта жалғастыру үшін ҚР Білім және ғылым министрінің атына және Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ректоры атына мемлекеттік грант бөлінген жағдайда грантқа ауыстыруға өтініш жазады;
- жоғары білімнен кейінгі деңгейдегі қорытынды аттестациялауды ұйымдастыру бөлімі білім алушының өтініші мен құжаттарын, білім көрсеткішіне әсер ететін оқу үлгерімі қорытындысын және университеттің Ғылыми Кеңесіне жолданған мемлекеттік грантқа ауыстыру туралы директораттың ұсыныс хатын қарастырады;
- ұсынысты ескере отырып, университет Ғылыми Кеңесі мемлекеттік білім грантына ауыстыру туралы немесе ауыстырудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Конкурспен бөлінген білім гранттарынан қалған бос білім гранттары оқыту формасына қарамай мамандықтарды дайындаудағы ішкі бағыттар бойынша үлгерімінің жоғары орташа ұпайына (GPA) байланысты конкурстық негізде беріледі.