Главная /
СМИ о нас
02.03.2020 Сапалы тамақтануға сауаттылық қажет
Соңғы жылдары елімізде мектеп оқушылары мен студенттердің сапалы тамақтануына байланысты көптеген әлеуметтік зерттеулер жүргізілуде. Бұл бастамалар толыққанды статистиканы құрамаса да маңызды ой-пайым жасауға негіз болатын деректердің жиынтығы. Жоғары оқу орындарындағы студенттердің арасында дұрыс тамақтанудың мәні мен маңызын түсіндіру жұмыстары тұрақты жолға қойылғаны белгілі. Жуырда университеттегі Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім бастамасымен Жастар ісі жөніндегі комитетіміз білімгерлердің ас мәзірімен қалай қамтамасыз етілгеніне талдау жасау үшін 1-2 курс студенттерінің арасында арнайы сауалнама жүргізді. Оған 317 білімгер қатысты.
Сауалнама нәтижесінде студенттердің он тоғыз пайызы дұрыс тамақтанатындықтарын айтса, он алты пайызы кері пікір білдірген. Елу сегіз пайызы дұрыс тамақтануға мүмкіншілігі бар екенін айтса, жеті пайызы жауап беруге қиналған. Сауалнама барысында студенттердің 56 пайызы дұрыс тамақтануға қаражаттың жетіспеушілігі кедергі келтіретіндігін айтса, 22 пайызы уақыттың тапшылығын алға тартқан. Зерттеуге қатысқан студенттердің 49 пайызы күнделікті түскі тамаққа 500-700 теңге жұмсайтындықтарын жеткізсе, 24 пайызы 300-500 теңгеге азықтанатынын алға тартыпты. Студенттердің 27 пайызы 700-1200 теңге аралығында ас ішетіндігі анықталды.
Сұрақтарға жауаптардың нәтижесінде білімгер жастардың жетпіс жеті пайызы күніне 2-3 рет, тоғыз пайызы төрт рет, он төрт пайызы күніне бір мәрте тамақтанатындығы белгілі болды. Қайда тамақтанғанды қалайсыз деген сұраққа студенттердің отыз төрт пайызы университеттің тамақтану орындарын қалайтындықтарын айтса, он пайызы кафеде және жиырма пайызы үйде, қалған отыз алты пайызы жағдайға байланысты екендігін мәлімдеген. Нақтыланған көрсеткіштерден студенттердің жартысына жуығы дұрыс тамақтанбайтындығын аңғару қиын емес. Түскі асқа күніне орта есеппен 600 теңге жұмсалуы қажет. Өсіп келе жатқан жас ағза уақтылы, кемінде үш мезгіл тамақтануы тиіс. Сол кезде денсаулығы мығым болады.
Бүгінде университет толық емес отбасынан шыққан білім алушыларды күніне бір рет тегін тамақпен камтамасыз етіп отыр. Өткен оқу жылында 43 студент, 2019-2020 оқу жылында ата-ана қамқорлығынсыз қалған 44 бозбала мен бойжеткен мемлекеттің қолдауы мен көмегін пайдалануда. Қазіргі кезде біздің жоғары оқу орнында оқитын студент жастардың жалпы саны 10 мың 220. Грантты иеленген бакалаврлар 3898, магистрант 1007, докторант 393. Демек мемлекеттің қаржысы есебінен білім алатындар 5298. Аз қамтылған студенттердің саны 951 десек, көпбалалы отбасының перзенттері - 697, толық емес жанұя мүшелері - 196, қамқорлықсыз қалғандар - 37, мүмкіндігі шектеулі жандар - 21.
Жалпы алғанда мемлекеттік грант негізінде білім алатын және әлеуметтік қолдауға мұқтаж студент жастардың саны 17,9 пайызды құрап отыр. Атаулы әлеуметтік көмек түрлері: 44 ата-анасы жоқтарға күніне бір рет ыстық тамақ; 22 қамқорлықсыз қалғандар тегін жатақханамен; 72 жағдайы төмен студентке 10000-нан 20000 теңге мөлшерінде қаржылай көмек көрсетілуде.
Мамандардың айтуынша ата-аналар жастардың денсаулығына, тамақтану тәртібіне ерекше көңіл бөлуі керек. Негізі бұл - үлкендердің арасында да өзекті мәселе. Көп отбасында тамақтану дәстүрі дұрыс қалыптаспаған болуы мүмкін. Ал студенттер жастар қай ортада болса да үйінде көргенін істейді. Сондықтан маңызы зор мәселе тек жастардың жеке басына қатысты емес. Халық тамақтануға келгенде сауатты болуы керек. Тағамның, азық-түліктің тек сапалысы мен пайдалысын таңдап үйренген жөн.
Авторы: Римма Жанбаева, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің баспасөз хатшысы, Алматы қаласы 02.03.2020 ж. Ақпарат көзі: bilimdinews.kz
|