қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
27.04.2018

«Таулар да жылжып жатыр бұлт көшкендей»

 



Тау да көшеді екен. Алматы облысы Кеген ауданы «Көлсай көлдері» ұлттық паркі аумағында тау көшті. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, «Малабек шоқысы» аталатын таудың басым бөлігі төмен қарай сырғып, Көлсайға баратын жолды басып қалды. Тау жылжығаны көпшілік арасында үрей туғызып отыр. Жергілікті тұрғындар ауылды тастап, жан-жаққа кетуге тас-түйін даяр тұрған сияқты. Таудың көшкенінен қауіптенген халықты сабырға шақырып, облыстық әкімдік қызметкерлері де, «Қазселденқорғау» ММ қызметкерлері де Көлсай маңында жүр. Мамандар қазір тау көшкінінің себеп-салдарын анықтап жатыр. Кей ғалымдардың пікірінше, жер сырғуының бір себебі тау ортасынан жолдың салынуы деседі. Ал кейбіреулер жер сілкінісінің әсері де бар екенін алға тартуда. Алматы облысында жыл басынан бері 6 жер сілкінісі болғанын айта кету керек. Мамандардың айтуынша, тау көшкіні болатынын алдын ала сезуге болады екен.

 

Жергілікті тұрғындар тау көшуін сезе ала ма? Қауіптің алдын алуға бола ма? Кейбір ғалымдар тау көшер­дің алдында кей шөптердің шықпай қалуын, кей аң-құстар басқа жаққа жылжып кететінін айта­ды. Таудың жылжуын табиғи құбылысқа балап жат­қан­­дар да жетерлік. Топырақ сырғымаларының болып тұратыны жасырын емес. Бірақ бұл жағдай қауіп­ті ме? Әзірге шығын жоқ десек те, табиғаттың тосын мінез танытуының себеп-салдарын анықтап көрген едік.

 

Ахметқал Медеу, География институтының директоры:


 

Топырақ сырғымасы жиі болып тұрады


Іле және Күнгей Алатауы сияқты Қазақстанның таулы аумақтарында жылжыма процесі әртүрлі себептерден болып тұратын құбылыс. Ондай себептерге жер сілкінісі, мөлшерден тыс жауған жауын-шашын және антропогендік яғни, адамдардың тікелей беткейге әсер етуі жатады. Нақты қарастырып отырған Күнгей Алатауындағы Көлсай көлі алдында болған жылжыма жер сілкінісі нәтижесінен қалыптасқан. Мұндай жылжымалар Алматы қаласы маңында өте көп болған. Соның бірі, 1887 жылы болған жер сілкінісі салдарынан бүкіл беткейлерде осы тектес тау көшкіндері жүрген. Ақсай өзенінен Қотырбұлақ өзеніне дейін ұзындығы 50 шақырым жерде 440 млн текше метр тау жыныстары, яғни жылжымадан тас қиыршығы араласқан топырақ пайда болған.


Тау көшкінінің үлкен формалары жер сілкінісі салдарынан болады. Алайда басқа себептерден болатын кіші түрлері де қауіпті. Алматының төңірегінде жауын-шашын мөлшерден тыс жауғанда беткейлерде жылжымалар жиі орын алып отырады. Жылжымаларды қалыптастыратын басты себептердің бірі беткейлерді қиып, тегістеп үй немесе өндіріс орындары сияқты құрылыс салу. Нәтижесінде, беткейдің тепе-теңдігі бұзылып, тұрақтылығы азайып, аса көп мөлшерде жауын-шашын болғанда, не басқа жағдайларда сырғып кетуі мүмкін.


Мұндай жағдайларда жергілікті халықтың үрейленуі орынды. Көлсай өзені бөгелген жағдайда тағы бір жаңа көл пайда болса, көлдің жағдайы қандай болады деген сауалдар кез келгенді толғандырады. Жылжыма елдімекеннен шалғай жерде орын алғандықтан, жақын ауылдарға қауіпті емес екенін айта кеткен жөн. Қауіп тудыратын бір жағдай бар. Ол - Көлсай өзенін бөгеп, жаңа көлдің пайда болуы. Оны болдырмас үшін нақты шаралар атқарылуы керек. Тау көшкінінің нәтижесінде, Көлсай көліне баратын жолдың жабылуына байланысты Көлсайдағы туристік рекреациялық мекенжайлар зардап шегеді. Болашақта Көлсай көлінің туристік әлеуетін көтеру мақсатында жылжыманы ерекше табиғи процесс ретінде көрсету арқылы аймаққа туристерді тартуға болады.


Осы аймақта тағы да жер сілкінісі қайталанған жағдайда осындай жылжымалар орын алуы мүмкін. Бұл - болжам. Нақты болады деп айту қиын. Өйткені 7 балл кезінде тау беткейлері ылғалды болса, осындай тау жылжымалары болады. Жылжымалар беткейлерде кішкентай жарықтардың пайда болуынан да шығады. Жарықтар үлкейіп, 1 метрге сосын 2 метрге дейін кеңейе береді. Сол жарықтарға су кіріп, біртіндеп беткейді бұзып, гравитациялық күш арқылы топырақ жылжып кетеді. Осындай жарықшақтар бар жерде жылжымалар болады деген болжам бар. Нақты қай кезде, қай жерде болатынын білу үшін мониторингтік зерттеулер қажет. Шет елдерде жылжымалар болатын беткейлерде арнайы зеттеулер жүргізіп, алдын алу шаралары белгіленеді. Солардың бірі - беткейлерге арнайы датчиктер орнату. Датчиктер жер қаншалықты сырғығанын есептеп, диспетчерлік бөлімге ақпарат беріп отырады. Сол арқылы аумақтың қауіптілігін бағалап, қатердің алдын алуға болады.


Қазақстанның халық тығыз қоныстанған таулы аймақтарында болатын жылжыма өте қауіпті процестердің бірі. Осыған орай, таулы аймақтарында дамыған жылжыма процестерін жан-жақты зерттеу қажет. Яғни, қай жерде болуы мүмкін? Не себепті болуы мүмкін? Одан қандай қауіп-қатер бар? Қандай алдын алу шараларын қолдану керек екендігін анықтау қажет.

 

Марат Молдахметов,
Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің Биология, ауыл-шаруашылығы мамандықтары, география және туризм кафедрасының меңгерушісі:

 

 

Тау көшкінін зерттеуге жеткілікті қаржы бөлінбейді

 

- Тау жылжуының негізгі себептері қандай? Бұл құбылыс қаншалықты қауіпті?


- Сырғыма (лай көшкіні) - таби­ғатта ең көп таралған таудың құлама беткейімен тау жыныстары масса­сының белгілі бір жылдам­дықпен сырғуы. Сырғыма қозғалы­сының сипа­ты әртүрлі болуы мүмкін: опы­рыл­ған қатты денелердің жылжуынан тұтқыр қоймалжың сұйықтықтардың ағынына дейінгі жылжу. Көшкін қозғалысының нәтижесі - лай көшкіні немесе сырғыма-ағын. Лай көшкіні Қазақстанның тау жүйесінің барлық геоморфоло­гиялық аймағына тән. Бірақ көбіне тау шатқалдарында, аласа таулар мен тау алды беткейлерде, сондай-ақ орташа таулы және биік таулы аймақтарда - мореналық және флювиогляциал­ды шөгінділерде пайда болады.


Ірі лай көшкіндерінің түзілуі жер сілкінісінің дүмпу­лерімен байла­нысты. Ал кішігірім лай көшкін­дері, әдетте лай көшкіні ошағы қатты нөсер жаңбырдан шамадан тыс ылғалданған жағ­дайда туындайды. Мұндай жаңа түзілімдер жыл сайын көктемде қайта­ланып отырады.


Сейсмикалық сырғымалар­дың туындауы үшін топырақтың шамадан тыс ылғалдануы қажет емес. Сейс­микалық дүмпулер кезінде туындай­тын діріл тіпті салыстырмалы құрғақ тау жыныс­тарында ақпа күйге келтіреді.


Сырғыған лай көшкіндерінің орын ауыстыру ұзындығы ондаған метрден бір шақырымға, жер бедеріне қарай одан да ұзаққа жетуі мүмкін. Опырылған то­пырақ өздері қалып­тасқан зона­дан сайдың түбіне түсіп, оны толтырып төмен қарай ағады.


Таудан опырылып, сырғыған мас­саның жылжу ұзақтығы, көшкіннің бастапқы жылдам­дығына, беткейдің, сайдың релье­фіне тәуелді. Жылжу ұзақтығы бірнеше минуттан 2-3 тәулікке дейін созылады. Лай көшкіні массасының құрылымы - баспал­дақты, өйткені бір ошақ циркінен сырғыма массасының бірнеше толқыны шығады. Опырылған масса өте қою болғандықтан, төменгі бөлігі 1-2 метр айқын сатылы болады.


Тау беткейлерінің опырылып-сырғуына, лай көшкінінің қалыпта­суына және дамуына әсер ететін факторлар - беткей­лердің қалыптасу жағдайын, және ұзақмерзімді орныққан режимін бұзатын аномалді табиғи техногенді процестер болуы мүмкін. Кейбір жағдайларда лай көшкінінің қалыптасуы жердің ішкі қуатынан туындайтын сейсмикалық әрекеттермен тікелей байланысты, ал басқа бір жағдайларда - гидро­метео­рологиялық, гидрогеологиялық факторларға немесе олардың кешенді әсерлеріне тәуелді. Сондай-ақ техно­гендік факторлар да көшкіндердің дамуына үлкен әсер етеді. Аймақтың жоғары сейсмикалық белдеуге жатуы, әсіресе климаттық, гидроло­гиялық және геоморфологиялық жағдай­лармен ұштасуы, тау бөктерлерінің массивтік жылжуы үшін алғышарттар жасайды. Таулы аудандарда күшті жер сілкіністері кезінде топырақтың опырылуы, түрлі көшкін қалып­тасады. Жер қыртысының сейс­могенді кернеулері, сейсмо­тектоникалық де­формациялар, сейсмикалық жылдам­дықтар және дірілдер тау массаларын алда орын алуы тиіс лай көш­кін­дерінің қалыптасуына дайын­дайды және олардың орнықты­лығын бұзады, олардың тұрақ­тылығын түбегейлі өзгертеді. Жер сілкінісі ішкі және беткейлік ағындық арналардың өзге­руіне әкеліп соғады, соның сал­дарынан топырақ­тың ылғалда­нуына немесе жерүсті ағындардың жаңа құрғақ жерлерге шығуына түрткі болады, бұл өз кезегін­де топырақ­ты ылғалдандыру және көшкін процес­терін тудырады.


- Апатты жағдайды алдын ала мониторинг жасау арқылы болжауға бола ма?


- Лай көшкіні процесінің маңызды ерекшелігі - сол жерге тән көшкін процесінің жиілігі түрінде қайталануы және зерттеу аймағында жаппай лай көшкіні жүру белсен­ділігінің артуы. Лай көшкіні процесі дамуының тағы бір ерекшелігі - осы жерде ерте­ректе лай көшкіні орнының болуы. Сондықтан мониторинг жүр­гізу кезінде осы жерде бұрын-соңды сырғыманың болған-болмағанын білу өте маңызды.


- Көлсайдағы тау көшкінінің се­бептері неден? Жұртшылық үшін қауіп бар ма?


- Лай көшкіні ағымдағы фактор­лардың әсерінен болма­ған. Оның қалыптасуы бірнеше фак­торлардың үйлесуінің нәти­жесінде туындаған. Лай көшкіні ошағы бірнеше ярустан тұрады. Осыған дейін болған, эпи­центрі қашықтау жерде болса да жер сілкіністері тау жынысы массив­терінің жарылуына, беткейлерде жарық­шақтардың пайда болуына алып келген болуы керек. Гидрометеоро­логиялық фактор - алдыңғы екі айда алқапқа түскен жауын-шашын нор­мадан артық болған. Оның үстіне еріген қар суларының жарық­шақтарға жиналуы, кішігірім ойпаңдардың суға толуы, топырақ-грунттың ылғалда­нып, жоғарғы ярустан опырылған сырғыма массасының ежелгі, аса қуатты лай көшкіні ошағына түсуіне себеп болған. Ежелгі лай көшкіні ошағының орнықтылығын жоғалтып жылжуына үстіне жаңадан түскен сырғыма массасының әсері болған. Яғни, гравитациялық фактор - негізгі себеп. Өйткені лай көшкінінің жыл­дамдығы орташа, басында сағатына 1,5 болған. Массивтің ылғалдылығы аса жоғары емес. Осы фактор­лардың үйлесуі лай көш­кіні уақыты жетіп, пісіп жетілгеннен кейін туын­даған деген тұжырым жасауға итермелейді. Бірнеше фактор­дың үйлесуі - жер сілкі­нісі, жауын-шашын, топырақ-грунттың ішкі байланысының бұзы­луы осы жағдайға алып келіп отыр. Әрине, ол жерде әлі уақыт өте келе түрлі факторларға байланысты көш­кін­нің қайталану ықтималдығы бар. Бірақ ол көшкін­дер соншалықты үлкен шығын әкеледі деп айтуға бол­майды. Біздің мемлекетте сел тасқы­ны, лай көшкіні секілді ғылыми жұ­мыстарға жеткілікті мөлшерде қара­жат бөлінбейді. Тек осындай оқыс оқиғалар орын алған кезде ғана зерт­теу жұмыс­тары жандан­ғандай болады да, қайтадан ұмыт қалады. Тиісті органдардың есте­рінен шығып кетеді. Талдыбұ­лақта 2004 жылы 14 наурызда орын алған лай көшкіні кезінде адам шығыны болғанына қа­рамастан басталған жұмыс­тар аяқсыз қалды.


- Лай көшкінін болдыр­маудың жолдары бар ма?


- Соңғы жылдары кли­маттың өзгеруіне байланыс­ты сел тас­қын­дарының, лай көшкіндерінің жүру белсен­ділігі артып отыр. Сондықтан еліміздің таулы аймақ­тарын­да сел және сырғыма қаупін бақы­лауға алудың маңызы артып отыр.


Әр жылда Қазақстан аума­ғында түрлі ауқымдағы геология­лық, гид­рогеол­о­гиялық, геофи­зикалық, инженерлік-геология­лық зерттеу жұмыстары жүргі­зілді. Қауіпті экзо­генді процес­терді картаға түсіру жұмыстары өткен ғасырдың 60-90 жыл­дары Геология министрлігінің қолда­уымен іске асты. Соңғы жылда­ры ондай ауқымды экзогенді геоло­гия­лық про­цес­терді зерттеу жұ­мыстары жасалған жоқ. Ертеде түсірілген инже­нерлік-геологиялық түсірі­лім­дер, аэрофо­томате­риалдар ескірді және бүгінгі күні таулы аудан­дарды қарқынды игерудің, ға­ламдық кли­матт­ық өзгерістердің, сейсмикалық процестердің әсерінен қалып­тасып отырған геологиялық ортаның жай-күйін сипаттай алмайды.


Жоғарыда айтылғандар, қауіпті геологиялық процестерді бағалауда жаңа әдістерді қолда­нудың қажеттігін айқындайды. Қауіпті инженерлік-геология­лық процестерді ГАЖ-технологиясын пайдалану арқылы шешетін уақыт жетті. Ең алдымен, түсін­дірме жазбалары бар масштабы 1:1 000 000, лай көшкінінің тұрғын­­дарға, елдімекендерге, шаруашылық және табиғи объектілерге төндіретін қаупін бағалауға арналған аймақтық-фондық карталарды жасау керек. ГАЖ-технологиясын пайдалану жасалған картаны тираждауға, оларға табиғи және антропогендік фак­торлардың әсерінен геология­лық ортада болған өзгерістерді енгізіп отыруға мүмкіндік береді. Осы масштаб­та жасалған карта мониторинг ұйымдастыруға, репрезентативті учаскелерді айқындап стационарлық бақылау бекеттерін орналастыруға негіз ретінде қызмет жасай­ды. Қаупі аса жоғары сырғыма ошақтары учаске­лерін, лай көшкіні тәуеке­лін бағалап, ірі масштабты карталарға (масштаб 1: 50000; 1: 25 000) түсіру керек.


Лай көшкіндері процестерін бақылау мен беткей­лердің сырғыма-қаупін анықтау үшін ғарыштық құралдарды пайдалану - кезек күттірмейтін мәселе. Ға­рыштан, әуеден және жерден алынған ақпарат­тарды өзара үйлестіру, қатар пайда­лану, алынатын лай көшкіні сипат­тамаларының сенімділігін бірнеше есе арттырады. Лай көшкіндеріне ғарыштан мониторинг жүргізу әдістемесі бүгінгі таңда Қазақстанда дамы­маған. Сондықтан осындай әдістемені География инс­титуты Ғарыш сапары мекемесімен бірлесе отырып, әзірлесе құба-құп. Оған олардың ғылыми әлеуеті жетеді.

 

Хамит АХМЕТОВ, «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің туризм бас маманы:

 

 

Жұртшылық үрейленетіндей себеп жоқ

 

- Тау­лардың тектоникалық өзге­рістерге байланысты сырғып тұруы - заңдылық. Қайыңды көлі 120 жылда, Көлсай көлі 100-150 жылда жер сілкі­нісінде дәл осындай жердің сырғуынан пайда болған. Сондықтан бұған таңғалмаймыз. Қазіргі таңда таудың адамға ешқандай қаупі жоқ. Бірақ туризмге кері әсері тиді: яғни паркке баратын жол жабылып қалды. Паркке атпен жаяу шығатын жол ғана бар. Қазір сол жолды балама ретінде қарастырып жатыр. Бір нәрсені айта кетуіміз керек, парк ешқашан жа­былмайды.


Бұл жағдайды табиғи апат деп айтуға болмайды. Тағы бір дүние, Көл­сайдың басындағы қонақүйлер, мейрамханалар салынуы керек еді. Бұған құрылыс материалдарын жеткізуге жол кедергі келтіріп тұр. Жұртшылық үрейленетіндей ешқандай себеп жоқ. Бұл - табиғи құбылыс. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қазіргі жағдайды жіті қадағалап отыр. Жаңа технологиялар дамыған заманда барлығы қадаға­ланады. Туристерге арналған жол қайта салынуы керек.


Қайыңды көлі суының азаюы туралы да пікірлер көп. Бұған тау сыр­ғуының қатысы жоқ.


Бұл мәселе жөнінде Ұлттық парк құзырлы орган­дарға хат жазған. Салыстырмалы түрде айтсақ, Көлсайдың түбінде тастар бар. Яғни, көл таситын болса, тоспасы болады. Қайыңды көліне де осындай арнайы тоспа салынуы керек. Көлдің өзінің табиғи тоспасы суды көбірек жіберіп жатыр. Сондықтан Қайыңды көлі төмен түспеуі үшін бөгет салып, сол тоспаны көтеру қажет. Бұл мәселе - қазір мемлекет назарында. Қайыңды туристік нысанның біреуі болғандық­тан, болашақта мәселе шешімін табатынына сеніміміз мол.


Қайрат Омаров,  Абай атындағы ҚазҰПУ-дың доценті:

 


Төртінші көлсай пайда болуы мүмкін


- Көлсай маңындағы көлдердің өзі осындай топырақ жылжуынан пайда болған. 2800 метрде орналасқан бірінші Көлсай, 2200 метрдегі екінші Көлсай да - таулардағы топырақ көшкінінің нәтижесі. Соңғы Көлсай да 200 жыл бұрын дәл осылай пайда болған. Тау көшуіне үш фактор әсер етіп отыр: тектоникалық жарылыстардың болуы, жер сілкінісі, толассыз жауған жаңбыр.


Ғалымдардың болжамынша, төртінші Көлсай пайда болуы мүмкін. 50 млн тоннадан астам топырақ жылжып келе жатыр. Бұл - топыраққа сіңген су мөлшері қаншалықты ығысып келетініне байланысты.


Көшкін болған жер жамылғысына, өсімдіктің қайта қалпына келуіне кем дегенде 100 жыл қажет болса, экзогендік процестердің жүруіне 50-100 жыл уақыт керек...

 

 

27.04.2018 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz