қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
25.12.2025

 

БЕЛСЕНДІ ЖАСТАР МАРАПАТТАЛДЫ

 

Бүгін Абай университетінің белсенді студенттері және жаңажылдық безендіру байқауының жеңімпаздары марапатталды. Биыл қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысқан жастарға университеттің Басқарма төрағасы-Ректор Болат Тілептің атынан алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ білім алушылар мен қызметкерлердің денсаулығын қадағалайтын емхана басшылары да марапат иесі атанды.


Абай университетінің жастары қоғамдық-мәдени іс-шараларға белсенді қатысып, өзіндік азаматтық пікірлерін ашық білдіруге қауқарлы. Олардың арасынан болашақта ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын «сен тұр, мен атайын» дейтін тұлғалардың шығатыны анық. Университетте кез келген шара осындай құндылықтарды мақсат етеді. Бүгінгі марапаттаудың негізгі астары да осы секілді маңыздылықты қамтиды. Өйткені, белсенді жастарды елеп-ескеру, бағалау олардың бойында жақсылыққа деген құштарлықты арттыра берері сөзсіз.


Осы мақсатта күнтізбелік жыл қортындысына арналған іс-шарада қарашаңырақтың беделін көтеріп, әлеуметтік дамуына үлес қосқан жастар алғыс хатпен марапатталды. Олардың қатарында студенттік ұйымдар мен белсенді білім алушылар бар.


Университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау жалынды жастарға алғысын білдіріп, келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, халықаралық рейтингте тұрақты даму мақсаттары бойынша денсаулық сақтау бағытында 100 сатыға көтерілуге ықпал еткен емхана басшыларын марапаттады. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген білім алушылар мен қызметкерлерге Алматыдағы үш емхана қызмет көрсететінін ескерсек, мереке қарсаңында ақ халатты абзал жандарға арнайы алғыс хат пен кәдесыйлар берілді.


Сонымен қатар, Жаңа жыл мерекесіне байланысты оқу ғимараттары мен жатақханаларды безендіру байқауының қорытындысы жарияланған болатын. Байқауға сәйкес, «Жаңа жыл тартуы» номинациясымен Өнер факультеті, «Жаңа жыл жаңалығы» номинациясымен Әлем тілдері факультеті, «Жаңа жыл жылуы» номинациясымен Жаратылыстану және география факультеті марапатталды.


Жастар – ел болашағы. Абай атындағы ҚазҰПУ студенттерге білім беріп қана қоймай мәдениетті, жаңашыл, рухты болып қалыптасуына ықпал етеді. Шығармашыл жастардың тың идеяларды жүзеге асыруына, бойындағы таланты ашуға әрдайым қолдау білдіреді.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі

 

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=