
Главная
Новости
24.12.2025
КЕЗЕКТІ КЕҢЕСТЕ ҒЫЛЫМИ АТАҚТАР ТАБЫСТАЛДЫ
Бүгін Абай университетінде кезекті Ғылыми кеңес отырысы өтті. Бұл – инновациялық білім беру, цифрландыру және стратегия, ғылыми бағытта жұмыс жоспарын бекітетін маңызды мәжіліс. Онда Қазақстан педагогика ғылымдар академиясының академигі, қауымдастырылған профессор және PhD ғалымдарына дипломдар табысталды. Күнтізбелік жылдың соңғы Ғылыми кеңесі дәстүрлі түрде жағымды жаңалықтармен басталды. Абай атындағы ҚазҰПУ аппарат басшысы Жанатбек Ішпекбаев, Ғылыми зерттеу және инновация жөніндегі проректор Ертай Сұлтанға «Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі» атақтары берілді. Куәліктерді Ғылыми кеңес отырысына арнайы қатысқан академия президенті Асқарбек Құсайынов ресми түрде тапсырды. Содан кейін Ғылым және жоғары білім министрлігінің №2091 бұйрығымен «10200 – Физикалық ғылымдар» бағыты бойынша Абай университетінің ғылыми кадрларды даярлау басқармасының басшысы Гүлзада Баимбетоваға қауымдастырылған профессор куәлігі табыс етілді. Сондай-ақ, Абай университетінде оқыған және еліміздің әртүрлі жоғары оқу орындарынан келіп, Абай университетінің диссертациялык кеңесінде ғылыми жұмыстарын сәтті қорғаған 10 докторант университет Басқарма төрағасы-ректоры Болат Тілептің қолынан философия докторы (PhD) дипломдарын алды. PhD дипломын Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінен Гүлнұр Ғазизқызы, Қарлығаш Қобландина, Ләйла Алпысбай, Жадыра Орынбаева, Нұрбану Сапанова, Раузия Исмағұлова, Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университетінен Сәуле Ермағанбетова, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дан Абай Қаратаев, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінен Әсемгүл Әлсейітова және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінен Ботагөз Жәрменова иеленді. Жалпы, биылғы жылы диссертациялық кеңесте 78 докторант ғылыми зерттеу жобасын сәтті қорғап, PhD дәрежесіне қол жеткізген.
Сонымен қатар, Ғылыми кеңес отырысында диссертациялық жұмыс тақырыптары бекітіліп, цифрландыру стратегиясының перспективасы қаралды. Инновациялық білім беру бағдарламаларына және биылғы халықаралық рейтингтер қорытындысына талдау жүргізілді. Жасанды интеллект дәуірінде Абай университетінің цирфлық даму бағыттары айқындалып, келешекке жұмыс жоспары бекітілді.
Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз қызметі
|