қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
24.12.2025

ЖЫЛЖАБАР: ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНА – «КІТАПҚҰМАРЛАР ЖҰМАҒЫ»

  

Кезекті «Жылжабар» айдарында Абай университетінің Ғылыми кітаптханасы туралы сөз етпекпіз. Кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес, ол білім мен ойдың тоғысқан, ғылым мен руханияттың үндескен кеңістігі. Мұнда әрбір кітап – өткеннің үні, әрбір оқырман – болашақтың иесі. Абай университетінің Ғылыми кітапханасы ғасырлар бойы жинақталған адамзат ақыл-ойының қазынасын бүгінгі ұрпақпен жалғап, білімге бастар алтын көпірге айналған. «Кітапқұмарлар жұмағының» қоры жыл санап артып келеді.

 

«Abai Library» – Абай университетінің басты рухани нысаны. 1928 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл кітапхана бүгінде еліміздегі ең ірі университет кітапханаларының бірі. ҚР ЖОО кітапханалары қауымдастығының белсенді мүшесі. Кітапхана қорында 1,7 миллионнан астам кітап бар, оның ішінде XVII–XIX ғасырдағы сирек кездесетін басылымдар да сақталған. Аталған кітапхана 2025 жылы университеттің білім беру, ғылыми-зерттеу және мәдени-ағартушылық миссиясын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарып, өз қызметін жүйелі әрі нәтижелі жүргізді.

 

2025 жылы кітапхана қоры университеттің білім беру бағдарламаларына сәйкес толықтырылып, жыл ішінде 4956 дана оқу, оқу-әдістемелік, ғылыми және көркем әдебиетпен жаңартылды. 2025 жылғы дәл бүгінгі жағдай бойынша кітапхананың жалпы қоры – 1716371 дана.

 

Ғылыми кітапхана 22356 пайдаланушыға қызмет көрсетті. Жылдық кітап беру саны 987548, оқырмандардың келуі 1 588 653 тұтынушыға жетті. Электрондық кітапхана 189570 рет пайдаланылып, кітапхана сайты 371236 рет қаралған.

 

Кітапхана IRBIS 64+ автоматтандырылған жүйесінде жұмыс істейді. Электрондық каталогтағы библиографиялық жазбалар саны 105252. Электрондық кітапхана пайдаланушыларға 24/7 режимінде университет сайты, «Univer» және «Abaidigital» платформалары арқылы қолжетімді.

 

Биыл Ғылыми кітапханада халықаралық форумдар, ғылыми апталықтар, кітап тұсаукесерлері, семинарлар, вебинарлар мен кітап көрмелерін қамтыған 40-қа жуық ғылыми-мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мазмұнды іс-шаралар кітапхананың ғылыми-мәдени орталық ретіндегі маңызын айқындады. Сонымен қатар «Abai Library» базасында ерекше қажеттіліктері бар пайдаланушыларға арналған заманауи тифлокешен үздіксіз қызмет көрсетуде.

 

Айта кетейік, Ғылыми кітапхананың жалпы ауданы – 1476 шаршы метр. Кітапхана құрамында 7 бөлім (жинақтау және өңдеу, каталогтау және жүйелеу, кітап сақтау, қызмет көрсету және сервистік қолдау, автоматтандыру, мәдени-демалыс, ақпараттық-библиографиялық) және 5 оқу залы (368 орындық), сондай-ақ 40 орындық электрондық ресурстар залы бар. RFID технологиясының енгізілуі нәтижесінде №5 және №10 оқу ғимараттарындағы оқу залдары ашық әрі қолжетімді форматта жұмыс істеуде.

 

Абай университетінің Ғылыми кітапханасы алдағы уақытта да білім алушылар мен зерттеушілерге сапалы ақпараттық қолдау көрсетуді жалғастырып, дәстүр мен жаңашылдықты, кітап пен цифрлық технологияны үйлестіре отырып, білім мен ғылымға қызмет ететін заманауи зияткерлік орталық ретінде дамуын жалғастыра береді. Ол – студент үшін білім бастауы, ғалым үшін еркін ой мен ізденіс кеңістігі, ал қоғам үшін рухани құндылықтарды сақтап, болашаққа жол сілтейтін сенімді тірек.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі


  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=