Қазақтың алғашқы дипломат қызы
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Тұлғатану» орталығы ұйымдастырған «Ел үмітін ақтаған қазақ қызы» атты кездесуге университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттерімен қатар құрметті қонақ ретінде университет ректоры, профессор Такир Балықбаев, белгілі Мемлекет және қоғам қайраткері Шәмшә Беркімбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғайнекен Бибатырова, Қазақстан дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері Қайрат Исағалиев, Балжан Бөлтірікованың қызы Бағлан Қожабаева, Чехия және Моңғолоия елдерінің экс-елшісі Советқали Қартбаев қатысты.
Балжан Бөлтірікованың есімін былайғы жұрт аса біле қоймайды. Себебі, тарихтың қай кезеңінде болмасын, елшілердің есімдері көп атала бермеген. Француз философы Жюль Камбонның: «Тарихшылар солдаттарға қарағанда, дипломаттардың есімін әйгілей бермейді, кейбіреулері тіпті ескерусіз қалады», - дейтіні шындыққа саяды. Дегенмен елі үшін еңбек еткен азаматтардың есімінің ардақталғаны абзал.
Б.Бөлтірікова 1922 жылдың 22 қарашасында Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Қасық ауылында дүниеге келген. Балжан оқуда озат болған. Жетінші сыныпта оқып жүргенде Мәскеуге жолдама жеңіп алады. Сөйтіп, Бүкілодақтық пионерлер мен мектеп оқушыларының слетіне қатысады. Оның алғашқы ұзақ сапары осы кезден басталған екен.
Орта мектепті алтын медальға бітірген болашақ дипломат тіл мен әдебиет мамандығын таңдап, ҚазПИ-ге оқуға түседі. Онда оқып жүргенде өз мамандығына терең бойлаумен қатар, сол кезде Ленинградтан жер аударылып келген Любовь Федулова есімді ұстаздың көмегімен ғылым-білімді, әсіресе орыс тілін жетік меңгеруге күш салады. Сол кезде студенттерге тағайындалатын ең жоғары шәкіртақы-Лениндік стипендияның иегері атанады. Кәдімгі стипендияның мөлшері 30 рубль болса, Лениндік стипендияның көлемі ол уақытта 500 рубль екен. Ол ата-анасына да қаржылай көмек көрсетіп тұрады. Осы жылдары қазіргі Медеу ауданы, бұрынғы Фрунзе аудандық кеңесіне депутат болып сайланады. Соңғы курста оқып жүргенінде мұғалімдік қызметке көптеген жерден шақырту келеді. Алайда оқу бітіргеннен кейін Б.Бөлтірікова Лепсіге жолдама алып, сонда мектептің оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарады. Бірақ бұл қызметте көп бөгелмей, Алматыға қайтып келіп, №12 мектепке директор болып тағайындалады. Ал 1949 жылы Қазақ КСР Бастауыш және орта мектеп Кәсіподақ қызметкерлері Орталық комитетінің төрайымы болып сайланады.
№12 мектепке директор болып келгенінде небәрі 21 жаста екен. Әрине, бұл сол заман үшін қалыпты жағдай болғанымен, бүгінгі ұрпақ үшін үлкен ерлікпен пара-пар. 34 жасында Қазақ КСР Халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалады. Бұл оның біліктілігігі мен ұйымдастырушылық қабілеті қатар сынға түсетін ең жауапты қызметі еді. Осы кезде оның іскерлігінің арқасында көптеген жұмыстар атқарылды. Соның ішіндегі ең елеулілері, Алматыда Протезді-ортопедиялық зауытпен қатар көптеген құрылыс нысандарының бой көтеруі, Әлеуметтік қорғау туралы заңның қабылдануы.
Б.Бөлтірікова 1966-1971 жылдар аралығында Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Бұл қызметте жүргенде оған Қазақ КСР-нің Сыртқы істер министрі қызметі қоса жүктеледі. Қанша ауыр болса да қайсар қыз қызметіне ешқашан мойымады. Табандылығы мен сабырлылығының арқасында алдына қойған міндеттерді абыроймен атқарды. Қазақтың қарапайым қызының осы бір қайсар мінезіне қарап, оны әріптестері мен замандастары «байсалды министр» деп атап кеткен екен. Осы қызметтерде жүргенде Кеңес Одағы Жоғары кеңесінің Ұлттар палатасының депутаты болып сайланады. Осылайша, 15 республиканың басын біріктірген алып елдің сыртқы саясатына да араласады. Азия мен Африка елдерімен ынтымақтастық комитетінің мүшесі ретінде басқа елдерге көп сапар шегеді.
Балжан Бөлтірікова Сыртқы істер министрі лауазымына қазақ әйелдерінің ішінен бірінші болып тағайындалған тұлға. Ол - БҰҰ Бас ассамблеясының 23, 25 сессияларына Кеңес одағы делегациясының құрамында болып, мінберде сөз сөйлеген тұңғыш қазақ қызы. Оның сонда сөйлеген сөзін кейін БҰҰ өкілдігі қызметкерлері архивтен тапты.
Көп жылдар Қазақстанның Сыртқы істер министрі қызметін атқарған Ерлан Ыдырысов Балжан апайымызды «Қазақ дипломатиясының ханшайымы» деп атап, Қазақстан дипломатиялық мектебінің негізін қалаған Нәзір Төреқұлов, Төлеген Тәжібаев, Әди Шәріпов, Мәлік Фазылов, Қайырғали Байғалиев, Асқар Зәкәрин, Мүсілім Базарбаев, Михаил Есенәлиев сияқты көрнекті мемлекет қайраткерлерінің қатарына қояды.
1971 жылы Б.Бөлтірікова республикамыздың Оқу-ағарту министрі болып тағайындалады. Сол жылдары елімізде жалпы орта білімге көшу жұмыстары басталған. Маңызды да ауқымды шаруаны ұйымдастыру Оқу-ағарту министрінің пешенесіне жазылған екен. Бастауыш және сегіз жылдық мектептердің біразын толық орта мектепке айналдырып, көп жерде мектеп-интернаттар ұйымдастырды. Сонымен қатар министр жоғары білімді педагог кадрларын дайындау жұмыстарын өз министрлігіне беруді талап етті. Ол кейін солай болды да.
Б.Бөлтірікова соңғы қызметінде халық шаруашылығына қажетті әртүрлі даярлайтын кәсіптік-техникалық мектептер ведомствосын басқарады. Бұл қызметте алты жыл отырып, 1980 жылы зейнеткерлік демалысқа шығады. 1998 жылы 11 мамырда дүниеден өтті. Жары Ескендір Қожабайұлымен 52 жыл отасқан оның артында екі ұлы, екі қызы қалды.
Авторы: Нұрмұхаммед Мамырбеков
17.04.2018 ж.
Ақпарат көзі: aikyn.kz