Главная /
СМИ о нас
19.04.2024 Абай университетінде жоғары білім саласындағы Қазақстан-Испания ынтымақтастықты кеңейтетін семинар өтті
Абай атындағы ҚазҰПУ-да Қазақстан және Испанияның Ғылым және жоғары білім министрліктерінің ұйымдастыруымен осы мемлекеттердің елшіліктерінің қолдауымен «Қазақстан-Испания - Жоғары білім саласындағы ынтымақтастық» халықаралық семинары өтті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Іс-шара екі елдің бірқатар білім беру мекемелері мен ұйымдары өкілдерінің басын қосты. Бұл ғылым мен білім саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Семинарға SEPIE директоры Альфонсо Хентиль, «Болашақ» ХБО Басқарма төрағасының орынбасары Арман Ашкин және Абай университетінің басшылығы қатысты.
Мақсат - Қазақстан мен Испания арасындағы ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін талқылау. Семинар қатысушыларына Абай университетінің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесі мен ұлттық басымдықтарға шолу жасап, екі ел ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті. SEPIA директоры Альфонсо Хентиль өз кезегінде жоғары білім беру контексті мен Испанияның басымдықтары туралы егжей-тегжейлі айтып берді, бұл семинарға қатысушыларға екі мемлекеттің білім беру жүйелерінің ерекшеліктерін жақсы түсінуге мүмкіндік берді. Іс-шараға қатысушылар бұл семинардың екі ел арасында тәжірибе мен білім алмасудың бірегей мүмкіндіктерін ашатынын атап өтті. Мұндай кездесулер өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, инновациялық зерттеулерді ынталандыру және академиялық байланыстарды кеңейту арқылы жоғары білім мен ғылымның дамуына ықпал етеді.
Семинар нәтижесінде «Болашақ» орталығы мен SEPIE арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл қадам Қазақстан мен Испания арасындағы білім мен тәжірибе алмасуға және білім саласындағы сапалы өзгерістерге ықпал етеді. Екі ел арасындағы ынтымақтастық студенттерге, ғалымдар мен зерттеушілерге жобалар мен бастамаларды бірлесіп жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, екі елдің достық қарым-қатынасын және білім беруді дамытуды нығайтады.
19.04.2024 Ақпарат көзі: dalanews.kz |