қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
08.02.2012

ТӘУЕЛСІЗ ЖЫЛДАР ӘНДЕРІ ШАРЫҚТАДЫ

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ректор Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің жобасы бойынша «Тәуелсіз жылдар әндері» І республикалық «Арай» конкурсы өткізілді. Екі күнге созылған ән мерекесіне республикамыздың шығысы мен батысы, оңтүстігі мен солтүстігі арасындағы көптеген аймақтың жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан 41 талантты әнші қатысып, бақ сынасты.
- Еліміз тәуелсіздік алған 20 жылда республикамыздың экономикалық және әлеуметтік әлеуетімен бірге мәдениеті мен әдебиеті, өнері де қарышты қадаммен дамыды, - деді университет ректоры, профессор Серік Жайлауұлы Пірәлиев ән конкурсын ашу салтанатында. - Осы 20 жылда қазақ елінің тәуелсіздігін, елідігін, ерлігін, ұлттық қалпын, мемлекеттігін әспеттейтін, жас ұрпақты отаншылдыққа, жоғары адамгершілік құндылықтарға тәрбиелейтін, Астанамызды ұлықтайтын рухы биік патриоттық әндер, жастық, махаббат сезімдерін бейнелейтін мыңдаған музыкалық шығармалар өмірге келді. Міне, осы әндерді насихаттау, өнерге құштар жас өрендердің талант көзін ашу, оларды қолдау мақсатымен бүгін жыл сайын дәстүрлі түрде Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өткізіліп тұратын ән байқауының тұсауын кесіп отырмыз. Еліміздегі жоғары оқу орындарының қара шаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің негізгі міндеті мектептерге барлық мамандық бойынша мұғалім кадрларын даярлау болса, біз оның ішінде ән сабағының оқытушыларын да әзірлеп шығарамыз. Оқу орнында «Музыка теориясы және хореография» кафедрасы жұмыс істейді. Студенттердің «Қаламқас» ән-би ансамблі құрылған. Олай болса біздің де қазақ музыкасына, оны дамытуға қатысымыз бар деп ойлаймын. Сондықтан біздің жыл сайын дәстүрлі ән байқауын өткізіп тұру жөніндегі бастамамыз жоғары және орта арнаулы оқу орындары тарапынан қолдау тауып отыр.
Екі күнге созылған «Тәуелсіздік жылдар әндері» байқауы барысында сахнада жүзге тарта әндер орындалды. Әрбір конкурсантқа екі әннен орындауға мүмкіндік берілді. Атап өтерлігі: конкурсқа қатысушылардың бәрі де әнді өз дауыстарымен орындады. Фонограмма қолданылған жоқ. Байқау барысы әділ бағалануы үшін тәуелсіз қазылар алқасы жасақталған еді. Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген әртіс Венера Қармысова жетекшілік еткен қазылар алқасының құрамында болған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ильясова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сембек Жұмағалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі сазгер Бейбіт Дәлденбаев, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Ағайша Исағұлова ән байқауына әділ төрелік етті. Жас таланттардың өнерін адал бағалауға үлкен үлес қосты.
Байқау барысында «құлақтан кіріп бойды алған» көптеген таңғажайып әндер орындалып, әншілік өнерді асқақтатқан жаңа есімдер анықталды. Университет басшылығы жас таланттарды қолдаудан қаржы-қаражатты аямаған екен, бас бәйге гран-приді жеңіп алған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Серік Қанибаев 250 000 теңге сыйлық пен лауреат дипломына ие болды. Бірінші орын мен лауреат дипломы және 200 000 теңге сыйлық Ақтөбеден келген студент Нұрболат Абдуллинге, екі екінші орын мен лауреат дипломы және әрқайсысы 150 000 теңгеден ақшалай сыйлық оралдық Азат Қабиев пен қарағандылық Сана Мұқанованың еншісіне тиді. Екі үшінші орынды лауреаттық дипломы мен және әрқайсысы 100 000 теңгеден ақшалай сыйлығымен алматылық Бекзат Молдабергенов пен талдықорғандық Жәния Спанова иеленді. Сондай-ақ Мадина Әліпбекова (Талдықорған), Мадина Нұрғазина (Семей), Тәңірбергенов Қасымхан (Шымкент), Жалғас Сұлтанов (Орал), Баймағамбетов Әмірхан (Орал), Утеуов Еркебұлан (Алматы), Боданова Алмагүл (Қызылорда) дипломат атағына ие болды. «Сері жігіт» номинациясы бойынша қарағандылық әнші Амандық Сатыбаева, «Ару әнші» номиинациясы бойынша ақтөбелік Гүлнұр Қожағұлова, «Күміс көмей әнші» аталымы бойынша алматылық өнерпаз Ләззат Сүлеева, «Көрермен көзайымы» бойынша шымкенттік Әсет Құдайберген, «Ең жас әнші» аталымы бойынша Орал қаласының өкілі Жантілеу Нуфтуллин дипломдар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды. Ректордың арнайы сыйлығы алматылық Көпжасаров Қосқанат пен алматылық Мұнатай Сымбатқа бұйырды.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі қазылар алқасының төрайымы Венера Қармысова мен алқа мүшелері Майра Ильясова жас әншілерді қолдау, талант көзін ашу және тәуелсіз жылдар әндерін насихаттау мақсатымен өткізіліп отырған І республикалық «Арай» ән конкурсын жоғары бағалап, бастама иесі болып отырған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Серік Жайлауұлы Пірәлиев пен университет ұжымына зор алғыс айтты.

 

 

Бас бәйге иегері Қанибаев Серік  Бірінші орын иегері Нұрболат Абдуллин
 Конкурс жүлдегерлері Конкурстың жабылар сәті