Main /
Mass media about us
04.09.2019 Такир Балықбаев: «Жолдау өзекті мәселелерді шешуге бағытталған»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталатын алғашқы Жолдауы ел өміріндегі өзекті де өткір мәселелерді көтеруімен ерекшеленді.
Президент ең алдымен еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды салаларына тоқталды. Айталық, Қазақстан Тәуелсіздігін алған 90-шы жылдары кеңестік жүйеден қиранды экономика қалып, күйзеліс кезеңдерін басынан өткергені мәлім. Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Н.Назарбаевтың сара басшылығы мен сарабдал саясатының арқасында алғашқы онжылдықтың өзінде еліміз еңсе тіктеп үлгерді. Қазақстан экономикасына жаппай инвестиция тарту, өндіріс орындарын батыл игеру, индустриалдық-инновациялық жобаларды шебер жүзеге асыру арқылы 20 жылда Қазақстан әлемге жедел дамушы ел ретінде танылды. Шикізат базасынан шикізат өңдеуші, шетелге өнім экспорттаушы мемлекетке айналдық.
Президент Қ.Тоқаев өз Жолдауында ел дамуының осы үрдісін одан әрі жалғастыру үшін әлем мойындаған Назарбаев моделін жалғастыруды ұсынды. «Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, қазақстандық, яғни Назарбаев моделі деп атады. Қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр», - деді ол.
Мемлекет басшысы Үкімет мүшелеріне мемлекеттік органдар мен өңірлердің, мемлекеттік компаниялардың және мекемелердің басшыларына тиісті реформаларды жүзеге асыру үшін дербес жауапкершілік жүктелетінін мәлімдеді. Президаент реформаны тек реформа үшін жүргізуге жол берілмейтінін, әрбір министрде және әрбір әкімде нәтижелі жұмыстың негізгі көрсеткіштерінің тізімі болуы тиіс екенін ескертті.
Қ.Тоқаев шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру қажеттігін, «Білім экономикасы», еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жанды интеллектіні жаһандық дамудың негізгі факторына айналдыру керектігін назарға салды.
Сонымен бірге елдің көкейінде жүрген көптеген өзекті мәселелер туралы ой өрбіте келе, жердің шетелдіктерге сатылмайтыны туралы нақты айтты. Бірақ әрбір гектар жер тиімді пайдаланылуы талап етілетінін ескертті. Президенттің қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеу, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті одан әрі дамыту, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру, Конституцияға сәйкес, азаматтар өз ойларын еркін білдіру құқығына ие болу үшін митингілер туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігі туралы айтқандары да көкейдегі көп ойды дөп басып отыр.
Адамдарда мейірім мен қайырым азайып тұрған бүгінгі әлемде біздің елімізде де есірткі саудасы, педофилия, жыныстық зорлық, әйелдер мен балаларға, жеке тұлғаларға қатысты жасалатын ауыр қылмыстар бой көрсетіп отырғаны жасырын емес. Жолдауда осындай қылмыстарға қарсы қолданылатын жазалау шараларын қатаңдату туралы мәселе көтеріліп, Үкіметке бұл жөнінде тапсырма берілуі өте орынды іс болды деп білеміз.
Мемлекет басшысының Жолдауында білім саласына қатысты бірқатар өзекті мәселелер сөз болды. Әсіресе, орта және кәсіптік білім беру сапасын арттыруға айрықша назар аударды. Ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтық әлі де үлкен, ауыл мектептерінде мұғалім кадрлары жетіспейді. Жылына орта есеппен еліміз бойынша 21 мың мектеп бітіруші оқуға түсе алмай қалады. Не кәсібі, не жұмысы жоқ бала бұзақылыққа бармай қайтеді. Осыған байланысты Президент мектеп бітірген түлектерді кәсіпке баулу мәселесін сөз етті. Сондай-ақ, ауыл мектебін бітірген жастарды шетелдерде немесе еліміздің белді оқу орындарына түсуге дайындауды ұсынды. Мектеп оқулықтарының сапасы төмен. Бұл мәселені Білім және ғылым министрлігі шешуі керек екенін Президент ескертті.
Бүгінде жоғары білім беру саласында да қордаланған мәселелер бар. Университет түлектерін жұмысқа орналастырудың орташа көрсеткіші 60 пайыздан аспауда. Бұл өте ойландыратын мәселе. Жоғары оқу орындарындағы маман даярлау сапасы сын көтермейтін айта келіп Қ.Тоқаев бәсекеге төтеп бере алмайтын білім ордаларын қысқарту керек дегенді ескертті.
Мұғалім мәртебесін көтеру туралы арнайы заң қабылданып жатқанын, алдағы үш жылда олардың жалақысы 2 есе өсетінін айтты. Президент Қазақстан ғылымын дамытуға байланысты да өз ойларын ортаға салды.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері және барлық студенттері Президент Жолдауын телеарналар мен әлеуметтік желілерден бірге тыңдап, өзара ой бөлісті. Олар Жолдауда елдің көкейінде көптен жүрген өзекті мәселелердің қамтылуын бір ауыздан қолдады. «Қазақстан - ортақ шаңырағымыз! Мен бәріңізді мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын! Сындарлы қоғамдық диалог - татулық пен тұрақтылықтың негізі», - деген Мемлекет басшысының жүрекжарды сөзі жігерімізге жігер қосуда.
Авторы: Такир Балықбаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор. 04.09.2019 ж. Ақпарат көзі: dalanews.kz
|