қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
13.02.2019

Алматыда ғалым Жүнісбек Жұмабеков тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды

 


 

Алматыда қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жүнісбек Жұмабеков 1975-1980 жылдар аралығында тұрған Абай даңғылындағы үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды.

 

Алматы қаласы Мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Данияр Алиев биыл қала әкімшілігі 19 қоғам қайраткеріне ескерткіш тақта ашу туралы шешім қабылдағандығын және осы тізімдегі ғалым Жүнісбек Жұмабековтің орны ерекше екендігін атап өтті. Мемориалдық тақтаны ашу құрметі ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев пен ғалымның замандасы Пернебек Момыновке, қызы Дана Жүнісбекқызына берілді. Ғалымның шәкірті, пофессор Талас Омарбеков тәлімгерінің жоғары адамгершілік және ғалымға сіңірген еңбегіне тоқталып өтті.

 

Жүнісбек Жұмабековтің 1974-1980 жылдары Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры болған кезінде оқу орнын дамытудаға қосқан үлесі ерекше. Ғалымның игі істері университет тарихында түбегейлі өзгерістерге, білім берудегі сапалық көрсеткіштерге қол жеткізу жолындағы және студенттердің мәдени-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға арналған іс-шаралардың қолға алынуымен ерекшеленеді. Жүнісбек Жұмабеков өткен ғасырдың 70-80-жылдарында қазақстандық ғылым әлемінде аса танымал тұлға болуымен қатар жоғары оқу орындарының қызметін шебер ұйымдастырушысы да бола білді.

 

Салтанатты шараға қатысқан ғалымның туыстары мен замандастары талантты ғалым, қоғам қайраткері, шебер ұйымдастырушы жайында өз естеліктерімен бөлісті.

 

Авторы: Эльвира Серікқызы

13.02.2019 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz