қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
15.11.2018

Президент Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаевты қабылдады

 


 

Кездесуде Мемлекет басшысына жоғары оқу орнының қызметі және «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауды іске асыру аясында атқарып жатқан жұмыстары жөнінде есеп берілді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

 

Қазақстан Президенті еліміздегі жоғары білім беру жүйесін қалыптастыру және дамыту үдерісіндегі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің рөлін атап өтті.

 

- Бұл университет - Қазақстанның алғашқы жоғары оқу орындарының бірі. Еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің негізі осы оқу ордасынан бастау алады деуге болады. Сіз және бүкіл оқытушы-профессорлар құрамы отандық білім беру ісіне алдағы уақытта да үлес қосатындарыңызға сенемін, - деді Елбасы.

 

Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жолдауда оқыту және ағарту қызметі мен студент жастардың жағдайын жақсарту мәселелеріне баса мән берілгенін айтты.

 

- Педагогтер мәртебесін арттыру - маңызды міндеттердің бірі. Осы міндетті жүзеге асыру барысында университеттеріңіз алдыңғы шепте болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты пысықтау қажет, - деді Мемлекет басшысы.

 

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті университеттің қазіргі заманғы ғылыми-техникалық прогресс талаптарына сай болу керек екенін атап өтті.

 

- Әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарымен ынтымақтасып, байланыс орнатқан жөн. Тәжірибе алмасып, бірлесе жұмыс істеу қажет. Сондай-ақ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің мәртебесін арттыру жөніндегі жұмыстарды жалғастырудың маңызы зор. Сіз басқаратын университет педагогикалық білім беретін басты оқу орны болуға тиіс, - деді Мемлекет басшысы.

 

Кездесу барысында Қазақстан Президенті ҚазҰПУ ректорын университеттің 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, осы айтулы күнге орай барлық оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттерге құттықтау сөзін жолдады.

 

Т.Балықбаев Нұрсұлтан Назарбаевқа биылғы жолдаудың ережелеріне сәйкес оқу орны алдына қойылған міндеттерді орындау барысы және университетті дамыту жоспарының жүзеге асырылуы жөнінде баяндады. Ректордың мәліметіне сәйкес, университет QS World University Rankings 2019 есебі бойынша үздік топ-500 жоғары оқу орындарының қатарына енген.

 

15.11.2018 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz