қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
25.09.2018

Педагог мамандарға сұраныс артып келеді


Ғалымдар үйінің мәжіліс залында педагогикалық ұжыммен кездесуі аясында университет ректоры Такир Балықбаев кәсіби мамандар даярлаудағы Ұлттық университеттің рөлі жоғары екендігін атап өтті.

 


 

Ғылым мен білім кеңістігінің аясы кеңейген сайын заманауи талаптарға сай мамандар даярлауға деген сұраныс та артып келеді. Осы бағытта кәсіби педагогтарды оқыту мәселесіне ерекше жауапкершілік жүктелуде. Сапалы білім, білікті маман үдесінен шығуда Абай атындағы ҚазҰПУ педагог мамандарды даярлау ісінде тиімді бағдарламаларды жүзеге асыруда.

 

«Рухани жаңғыру», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында университетте кешенді оқыту жүйесі өндіріспен ұштаса жүргізіліп, осы бағытта білім беру, қаржы мекемелері, құқық қорғау құрылымдары, кәсіпорындармен тығыз байланыстар орнаған. Бүгінде университет тарапынан еліміздің 137 жалпы білім беру мекемелерімен келісім-шарттар жасалған. Студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне байланысты мыңға жуық келісімдер жасалып, оқуын аяқтаған түлектердің жұмысқа орналасуына толыққанды жағдайлар жасалып отыр. Университет басшысының айтуынша, сонымен қатар «Инклюзивтік білім беру», «Жалпы білім беру жүйесінде мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту технологиясы», т.б. бағыттар «Білім» тобындағы мамандықтарға негізделген.

 

Өткен жылдан бергі аралықта университеттің Ғылыми-инновациялық паркі құрамында «Зияткерлік ұрпақ», «Қолданбалы зерттеулер мен функционалды техноогиялар», «Хакім Абай», «Педагогикалық білім беруді дамыту» ,т.б. ғылыми орталықтарының жұмысы жолға қойылған.

 

Бүгінде әлемнің озық білім ордаларымен терезесін тең ұстап келе жатқан университетте білім беру жеті институт арқылы жүргізіледі. Шетелдік азаматтарға арналған және жоғарғы оқу орнына дейінгі дайындық факультеті де жаңа технологиялық үдерістерге негізделген. Маман дайындау бағыттары бойынша 36 кафедра, сонымен қатар, 4 жалпы университтеттік кафедра (әскери, дене шынықтыру және спорт, педагогика, саясаттану және әлеуметтік философиялық пәндер кафедрасы) жұмыс істейді. Құрамы 8 ғылыми орталықпен толыққан Ғылыми инновациялық паркінің жұмысы да өткен жылдан бастап қайта жандана бастады.

 

Көрсеткіштер соңғы жылдарда педагогикаға маманданғысы келетін жастар қатарының артып келе жатқандығын көрсетеді. Деректерге сүйенетін болсақ, 2015-2016 оқу жылында - 2 051, 2016-2017 жылдарда - 2 314, 2017-2018 оқу жылында 2 589 талапкер университет студенті атанған. Ал, 2018 жылы оқу бітірген 1 934 маманның 198-і үздік дипломына ие болған. Соңғы үш жылда 4 225 маман дайындалса, оның ішінде бакалавр бойынша - 3 953, 1 771 магистр және 101 PhD докторлары бар. Ал көптілді топтарда өткен оқу жылында 72 маман даярланған.

 

Университетте инновациялық жетістіктерді, заманауи коммуникациялық жүйелерді меңгере отырып, педагог мамандардың біліктілігін шыңдауларына да мүмкіндіктер молынан.

 

Авторы: Эльвира Серікқызы

25.09.2018 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz