қазақша · русский · english
   
  Main  News
19.11.2025

ГОНКОНГ ҒАЛЫМДАРЫ АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ДӘРІС ОҚИДЫ


Абай университетінің 2023–2029 жылдарға арналған даму бағдарламасы аясында инклюзивті білім беруде жасанды интеллект технологияларын қолдану бойынша бүгін Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының бірі Гонконг Білім беру университетінің (EdUHK) белгілі ғалымдары дәріс оқуды бастады. Осыған байланысты дәріскерлер бүгін Педагогика және психология факультетінің оқытушы-профессорларымен, студенттерімен кездесті.


Инклюзивті білім беру саласында жасанды интеллект мүмкіндіктерін игеру – бүгінгі педагогикалық ғылым үшін аса өзекті. Бұл саладағы тәжіриебелері мол Гонконг Білім беру университетінің (EdUHK) ғалымдары: білім беру саласының жетекші маманы, профессор Син Куэн-фун (Кеннет Син), AR/VR технологиялары мен мета-ғаламды зерттеуші профессор Яньцзе Сун, сөйлеу мен есту үдерістерін зерттеу маманы, доктор Юэнь Чи Пун (Кевин Юэнь) бір ай бойы Қазақстанда болып, Абай университетінде дәріс оқымақ.


Кездесуді Педагогика және психология факультетінің деканы міндетін атқарушы Гүлмира Ниетбаева ашып, университеттің ғылыми ашықтық, халықаралық әріптестік және жаңашылдыққа негізделген қағидаларын баян етті. Онда білім беру саласындағы AI шешімдерінің жаңа мүмкіндіктері туралы айтылды. Инклюзивті цифрлық ортаны дамыту, арнайы педагогтардың цифрлық және кәсіби құзыреттілігін арттыру, жасанды интеллектке негізделген оқыту модельдері, AR/VR технологияларын пайдалану арқылы интерактивті платформалар құру сияқты тақырыптар кең талқыланды. Сондай-ақ 3–7 жас аралығындағы балалардың сөйлеу және есту қабілетін диагностикалауда AI алгоритмдерін қолданудың тиімді әдістері ұсынылды.


Кездесуде қатысушылар білім беруді жетілдіруде заманауи технологиялардың рөлін терең түсініп, халықаралық тәжірибе негізіндегі инновациялық тәсілдермен танысты. Шетелдік сарапшыларға кәсіби мазмұндағы сұрақтар қойылып, отырыс ашық-жарқын әңгіме түрінде өрбіді. Бұл ғылыми диалог жас зерттеушілердің AI мен инклюзия бағытындағы зерттеу көкжиегін кеңейтіп, шетелдік ғалымдар мен Абай университетінің жас зерттеушілері арасындағы жаңа зерттеу бағыттарына жол ашты.


Бұл басқосу Абай университетінің трансформациялық даму мақсаттарына серпін беріп, жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша жаңа жобаларға жол ашады деген үміт бар. Әлемдік ғылыми қауымдастықпен бірлескен зерттеулер және инновациялық бастамаларды жүргізу жөніндегі университет стратегиясына сәйкес, ғылыми кездесу екіжақты білім тақырыбындағы пікір алмасудың тиімді алаңына айналды


Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі


  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

 

 

  alt=  

  alt=