қазақша · русский · english
   
  Main  News
10.11.2025

КӘРІМ ӘЛІМХАНҰЛЫ – «ДАРЫН» МЕМЛЕКЕТТІК ЖАСТАР СЫЙЛЫҒЫН ИЕЛЕНДІ


Абай университеті Өнер факультетінің деканы, философия докторы, суретші Кәрім Әлімханұлы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды. Бұл сыйлық оның шығармашылық және ғылыми әлеуетіне беріліп отыр.  


«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы дарынды жастардың ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметін және жоғары спорттық жетістіктерін мемлекеттік қолдау мақсатында жыл сайын беріледі. 1992 жылдан бастап беріле бастаған сыйлық арнайы бекітілген номинациялар бойынша тағайындалады. Суретші Кәрім Әлімханұлы бейнелеу өнері саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, шығармашылық еңбегімен танылған жан. Ол 2009–2013 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша білім алып, 2013–2015 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесін қорғады. Кейін 2015–2020 жылдары Анкара қаласындағы Хаджеттепе университетінде «Өнертану» мамандығы бойынша PhD дәрежесін алып, 2023 жылы «Өнер» саласы бойынша философия докторы атанды.


Кәрімнің шығармашылық еңбектері Қазақстан мен Түркиядағы көптеген көрмелерге қойылған. 2013 жылы Таразда өткен «Бояулардың да сыры бар» атты алғашқы жеке көрмесінен бастап, 2018 жылы Анкарада «Сапырылысқан әлем», 2019 жылы «Жасампаз қолдар» атты көрмелерін ұйымдастырды. Сондай-ақ халықаралық көрмелер мен байқауларға қатысып, 2016 жылы «Чанаккаленің 100 жылдығына арналған» конкурста Гран-при, ал 2019 жылы «Чайиолу Ротари Клубы» кескіндеме байқауында III орын иеленді.


Қазіргі уақытта ол Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Өнер факультетінің деканы ретінде еңбек етіп, студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор үлес қосып келеді. Оның жетекшілігімен ұйымдастырылған «Абай жолымен» атты көрме алғашында ҚР Орталық мұражайында ашылып, бүгінде факультеттің жасампаз галереясында жалғасқан.


Ғалым-суретшінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын иеленуі – оның еңбексүйгіштігі мен өнерге деген шынайы ықыласының нәтижесі. Ол өз еңбегімен замандастарына үлгі болып, ұлтымыздың бай шығармашылық әлеуетіне зор үлес қосады дегенге үмітіміз зор.


Естеріңізге сала кетейік, биыл танымал жастар сыйлығына 300-ден астам үміткер қатысып, 294-і комиссияда қаралған. Үміткерлер он бағыт бойынша бақ сынады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 25 қараша күні өтеді. Лауреаттарға диплом, төсбелгі және ақшалай сыйақы табысталады.



Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі 


  alt=   


  alt=