қазақша · русский · english
   
  Main  News
12.09.2025

АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ТҮРІК ӘДЕБИЕТТЕРІНІҢ БҰРЫШЫ АШЫЛДЫ


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Ғылыми кітапханасында Түрік тарих қоғамының демеушілігімен Түрік әдебиеттері бұрышының ашылу салтанаты өтті. Оның мақсаты - түрік халқының бай тарихы мен мәдениетін дәріптеу, ғылыми еңбектер мен әдеби шығармалар арқылы өркениеттер арасындағы рухани көпір орнату. Мұнда ұсынылған кітаптар оқырманға тарихи оқиғалар мен мәдени бұрылыстарға толы ерекше әлемді танып-білуге мүмкіндік бермек.


Түрік тарихы мен мәдениетіне қызығушылық танытқан оқырмандардың бас қосатын орнына айналуды мақсат еткен Түрік әдебиеттері бұрышының ашылу салтанаты «Түркі дүниесі тарихы» атты жұмыс жоспары аясында ұйымдастырылды. Ашылу рәсімінде Түрік тарих қоғамының сыйға тартқан кітаптарының қоры тұратын орынның лентасын Қазақстандағы Түркия Республикасының Білім атташесі Айхан Коркмаз, Түрік тарих қоғамының төрағасы Юксел Өзген мен университеттің Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан қиды.


Алғашқы құттықтау сөзді Ертай Сұлтан алып, жаңа бұрыштың білім мен ғылымды дамытудағы маңызына тоқталды. Одан кейін сөз алған Айхан Коркмаз қазақ халқына ерекше ілтипатын білдіріп, университетке арнайы орта ұсынғаны үшін алғыс айтты. «Абай - барша түркі әлемінің ортақ тұлғасы, біз де оны мақтан тұтамыз» деген қадірлі қонақ жұртшылықты Абай университетінің неліктен таңдалғанынан хабардар етті. Ол студенттерді тегін түрік тілін үйренуге шақырып, келесі жылы Абай университетінің оқытушы-профессорларын 8 айға Түркияға тәжірибе алмасуға апару жоспарланып отырғанын жеткізді.


Шара барысында Ғылыми кітапхананың директоры Нұргүл Жайлауқызы қонақтарды «кітапқұмарлар жұмағының» қорымен таныстырып, жаңа әдебиеттер бұрышының ашылуын екі ел арасындағы рухани ынтымақтастықтың көрсеткішіне балады. Сондай-ақ, Филология факультетінің деканы Алуа Таңжарықова алдағы уақытта бірлескен ғылыми-мәдени жобалар жүзеге асатынын атап өтті.


Салтанатты жиын соңында қонақтарға ұлы ойшыл Абай бейнесіндегі сыйлық заттар беріліп, кеш мәдени бағдарламаға ұласты.


Айта кетейік, Түрік тарих қоғамы университеттің кітап қорына 1080 тарихи-мәдени туындыны тарту етті. Алдағы жылы тағы да 2500-ден астам кітап сыйлау жоспарланып отыр. Мұндай бастама бауырлас елдер арасындағы достық пен мәдени ынтымақтастықты одан әрі нығайта берері сөзсіз.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ
Баспасөз қызметі

 

 

  alt=  

 

 

  alt=  

 

 

  alt=  

 

 

  alt=  

 

 

  alt=  

 

 

  alt=  

 

 

  alt=  

 

 

  alt=  

 

 

  alt=  

 

 

  alt=  

 

 

  alt=