ҚазҰПУ-да мемлекеттік грантқа өтініш қабылдау табысты аяқталды
2025 жылғы 13 мен 20 шілде аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде мемлекеттік білім беру гранттарына өтініш қабылдау науқаны сәтті өтті. Биыл университетке жалпы саны 4 000-ға жуық талапкер құжат тапсырды. Бұл көрсеткіш - ҚазҰПУ-дың еліміздегі жетекші педагогикалық жоғары оқу орны ретіндегі беделін тағы бір дәлелдеді.
Құжат қабылдау үдерісі университеттің виртуалды және офлайн қабылдау комиссиялары арқылы, сондай-ақ eGov.kz порталы арқылы жүзеге асты. Барлық үміткерлерге кеңес беру, бағдарлама бойынша ақпарат беру, электронды кезек және техникалық көмек көрсету үздіксіз ұйымдастырылды. Жұмыс толық цифрландырылған жүйе арқылы жүргізіліп, талапкерлер мен ата-аналарға ыңғайлы жағдай жасалды. Ұлттық тестілеу орталығының деректеріне сәйкес Абай университеті республикалық деңгейде келесі көрсеткіштерге ие болды: 1-ші таңдауда - 7857 талапкер, 2-ші таңдауда - 6168 талапкер, 3-ші таңдауда - 5558 талапкер, 4-ші таңдауда - 3917 талапкер ҚазҰПУ-ды өз таңдауы ретінде көрсеткен.
Сондай-ақ, университетке 368 «Алтын белгі» иегерлері, 536 үздік аттестат/диплом иелері, 8 патриоттық жетістіктері бар, пәндік олимпиада жеңімпаздары да құжат тапсырды. Талапкерлердің басым бөлігі - мектеп және колледж түлектері, әлеуметтік осал санаттарға жататын жастар мен шетелден келген қандастар.
Талапкерлер ең жиі таңдаған білім беру бағдарламаларының алғашқы үштігіне «B018-Шетел тілі мұғалімдерін даярлау» (1517 өтініш) «B055-Математика және статистика (1194 өтініш) және «B053-Химия» (1173 өтініш) мамандықтары енді.
Абай университеті биылғы қабылдау науқанында үлгілі ұйымдастыру, ашықтық және талапкерге бағдарланған қызмет үлгісін көрсетті. Ал, грант иегерлерінің тізімі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен мерзімге сәйкес, 2025 жылғы 5 тамызға қарай жарияланады. Университет тарапынан әрі қарайғы қабылдау және тіркеу процесі туралы ақпараттар ресми сайтта және әлеуметтік желілерде қосымша хабарланатын болады.




