қазақша · русский · english
   
  Main  News
04.12.2013

Жазушы-ғалым кітаптарының тұсаукесері

Бүгінде белгілі түркітанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, жазушы, аудармашы, Немат Келімбетовтің есімі әлемнің көптеген елдеріне кеңінен белгілі. Оның «Үміт үзгім келмейді, «Ұлыма хат», «Қариялар», «Күншілдік» сияқты повестер мен эсселер кітабы оқырмандарын өмірге құштарлық, адамгершілік, адамға деген сүйіспеншілік, құрмет сезімдеріне тәрбиелейтін терең ойлы, философиялық толғаныстарға толы құнды дүниелер. «Үміт үзгім келмейді» кітабы қазақ әдебиетінің абыройын асқақтатып, ЮНЕСКО аясындағы ең мерейлі марапатардың бірі - Еуропаның Франц Кафка сыйлығына ие болды.
Немат Келімбетовтің қазақ әдебиетінің байырғы бастау-бұлақтарын зерттеудегі еңбегі де ерен. Оның «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі», «Ежелгі дәуір әдебиеті», «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы», «Қазақ әдебиетінің бастаулары», «Ежелгі әдеби жәдігерлер» сияқты зерттеу еңбектері ұлттық сөз өнеріміздің түп-тамыры тереңде жатқанын даусыз дәлелдеп берген еңбектер. Ғалымның бұл саладағы ізденістері оны Күлтегін атындағы сыйлықтың лауреаты атандырды.
Л.Грунцтың «Шіркін біздің Шушикент», В.Козаченконың «Найзағай», С.Ахмадтың «Көкжиек», П.Қадыровтың «Жұлдызды түндер» роман-повестерін төгілдіре тәржімалаған Немат Келімбетовтің көркем аудармаға қосқан үлесі де қомақты.
Жұлын-омыртқа зақымынан 30 жылдай төсек тартып жатқан жазушы-ғалымның осыншама еңбектері мен ізденістерін оның өмірге деген құштарлығы мен қайсарлығының жемісі еді. «Үміт үзгім келмейді» повесть-монологінің бас кейіпкері Ержанның тағдыр-талайы арқылы өз өмірін суреттеген бұл еңбегінің бүгінгі және келер ұрпаққа берер тағылымы мол.
Н.Келімбетовтің кітаптары орыс, украин, әзербайжан, түрік, қытай, араб, неміс тілдеріне аударылып, жүз мыңдаған таралыммен басылуы- бұл еңбектерінің әлемдік руханиятқа қосылған сүбелі жәдігерлер екенін көрсетеді.
Жақында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Немат Келімбетовтің Мәскеуде, Қытайда және Түркияда жаңа басылған кітаптарының тұсаукесері және «Н.Келімбетов атындағы Түркітану орталығының» ашылу салтанаты болып өтті. Бұл іс-шаралардың модераторлары Мәскеудегі «Художественная литература» баспасының директоры, Ресей сөз өнері академиясының академигі Георгий Владимирович Пряхин мен Абай атындағы ҚазҰПУ ректорының аппарат жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Бақтияр Өрісбайұлы Сманов болды.
Салтанатты жиынды ашқан профессор Б.Ө.Сманов жазушы-ғалым Н.Келімбетовтің шығармашылық жолына жан-жақты тоқталды. Мәскеудегі «Художественная литература» баспасының директоры, академик Г.В.Пряхин Н.Келімбетов шығармаларындағы философиялық ой тереңдігіне сипаттама беріп, оның әлемдік руханияттан орын алатын құнды дүниелер екенін ерекше атап көрсетті. ҚР ҰҒА акадмигі Сейіт Асқарұлы Қасқабасов Немат Келімбетовтің қазақ әдебиетінің қайнар бастауларын ашудағы жанқияр еңбектерінің құндылығына мән берді. Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрінің сектор меңгерушісі Чингиз Алиоглы Н.Келімбетов еңбектерінің Әзербайжан халқымен қауышып жатқанын қуана хабарлады. Түркиядағы Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара, Бүкіл Қытай мемлекеттік саяси кеңесінің тұрақты мүшесі, «Қытай жазушылары» журналының бас редакторы ҚХР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Акбар Мәжитұлы Н.Келімбетов еңбектерінің өз елдерінде басылып шығуы туралы әңгімеледі. Мармара университеті Түркия зерттеулері орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлшен Сейхан Алышық Н.Келімбетов еңбектерінің түрік тілінде басылуы екі ел арасындағы туыстық пен достықты нығайта түскен алтын арқау болғанын тілгие тиек етті. «Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ Президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы С.Абдрахманов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ш.А.Аюпова, Ақмола облысытық тіл басқармасының бастығы, аудармашы Ғосман Төлеғұл және басқалар Немат Келімбетовтің шығармашылығы мен адами қасиеттері туралы кеіңнен ой толғады.
Н.Келімбетовтің шетел тілдеріне аударылып, жаңа басылып шыққан кітаптарының ленталары қиылды. «Н.Келімбетов атындағы Түркітану орталығының» ашылу салтанаты өтті. Жазушы-ғалымның ұлы, мемлекет қайраткері Қайрат Нематұлы Келімбетов алыс-жақыннан келген қонақтарға, университет басшылығы мен ұжымына алғыс айтты.


Мырзахан Ахмет,
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті
Баспасөз орталығының жетекшісі