қазақша · русский · english
   
  Main  News
12.11.2013

Тұлғалар дәрісі

«ТАБАНДЫ АЗАМАТ ҚАНА БИІКТЕН КӨРІНЕДІ»

дейді Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Ж.Үшкемпіров

                Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қазақ халқының көрнекті қайраткерлері, азаматтары өнегесінде  студент-жастарды  тұлға ретінде қалыптастыру мақсатымен нақтылы іс-шаралар жүзеге асырылуда.  Осы мақсатпен университетте М.Ғабдуллин атындағы «Тұлғатану» орталығы ашылған. Профессор Дана Мұқатова басқаратын бұл орталықта  белгілі адамдардың қатысуымен ашық дәрістер, кездесулер өткізу игі дәстүрге  айналған.  Бұдан бұрынғы ашық дәрістерге көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, академик Мырзатай Жолдасбеков, ҚР Мәдениет министрі  Мұхтар Құл-Мұхамед, ҚР Президенті  Кеңесінің басшысы  Махмұт Қасымбеков, белгілі өнер қайраткері, театр сыншысы  Әшірбек Сығай, Қазақстанның Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев және т.б. көптеген белгілі азаматтар қатысып, өз өмір жолдары арқылы студент-жастарды отаншылдыққа, патриоттыққа, адамгершілік асыл қасиеттерге баулу жөнінде көптеген өнегелі әңгімелер айтқан еді. Тұлғалар дәрісінің кезекті басқосуына жуырда грек-рим күресінен Қазақстаннан тұңғыш шыққан Олимпиада чемпионы, 1980 жылы Мәскеуде өткен дүниежүзілік жазғы Олимпиаданың Алтын жүлдегері Жақсылық Үшкемпіров келді.

         Кездесу түрінде өткізілген ашық дәрісті университет ректоры, профессор Серік Жайлауұлы Пірәлиев ашты.

- Жақсылық Үшкемпіров қазақ спортының жарық жұлдызына  айналған,  ұлттық спортымыздың тарихына есімі  Алтын әріптермен жазылған белгілі тұлға, ел мақтанышы, - деді ректор С.Ж. Пірәлиев. - Ол 1975-1980 жылдары грек-рим күресінен Кеңес Одағының 2 дүркін чемпионы, КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, дүние жүзінің чемпионы (1981 ж.), Әлем кубогінің иегері («1982 ж.), КСРО чемпионатының алты дүркін чемпионы, Финляндияның «Тул» спорт клубы ұйымдастырған халықаралық жарыс жеңімпазы (1981 ж.), Венгрияда өткен халықаралық турнир жеңімпазы (1982 ж.). Орыстың атақты палуаны, Қажымұқанның ұстазы әрі әріптесі болған Иван Поддубныйды еске түсіруге арналған халықаралық турнирдің чемпионы (1981 ж.) болған көрнекті спорт жұлдызы.  Жалпы, ол небір халықаралық жарыстарда жауырыны жерге тимей топ жарған палуан. Әрине, осындай өмірбаяны бай, ел намысын қорғаған батырымызбен кездесу жастарымыз үшін аса пайдалы болар деп ойлаймын.

- Мен де көптеген азаматтар сияқты кәдімгі қазақ ауылында, қарапайым отбасында дүниеге келдім, - деді Жақсылық Үшкемпіров.

 - Кешке дейін көшенің шаңын бұрқыратып асыр салып ойнадық, доп қудық. Мен, әсіресе, ауыл маңынан ағатын ағынды Талас өзенінен әрі-бері жүзіп өтуді жақсы көретінмін.  Мектепке барғанда күрес өнеріне көңілім ауды. Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтында оқып жүрген кезімде спортқа, әсіресе, күреске ерекше  ден қойдым. Қаншама алқалы жарыстарда оқу орнының намысын қорғадым. Мен өте намысшыл едім. Қарсыластарымнан жеңіліп қалуды  ар көріп, жан аямай жаттығу жасап, тамшылата тер төктім.

Мен әлемнің 45 мемлекетінде өткен әралуан халықаралық жарыстарға қатысып, бәрінде де жеңіс тұғырына  көтерілсем бұл менің табандылығымның нәтижесі деп білемін. Бастаған ісін жарым жолда қалдырмай, аяғына дейін жеткізген жастар ғана осылай биік белеске көтерілетініне көзім жетті. Сондықтан мен бүгінгі ұрпақтың әрқашан табанды болуын қалар едім.

- Жасыратыны жоқ, - деді Ж.Үшкемпіров, - Кеңес Одағының құрамында болған кезімізде ұлттық республикалар спортшыларының КСРО құрама командасына енуі, дүниежүзілік Олимиадаларға қатысуы қиын еді. Соған қарамай жерлесім, атақты боксшы Серік Қонақбаев екеуіміз жанқияр еңбек пен жан аямай жаттығу арқасында 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасына жолдама алдық.

-                   Олимпиаданың мен - Алтын, Серік Күміс алқасын алып, халқымыздың абыройын асқақтатуымыз - сол ерен еңбектің жемісі. Сондықтан мен қазіргі жастарға көздеген мақсатыңа жету үшін ерінбей, жалықпай еңбек ет, тамшылата тер төк, алған бетіңнен  қайтпа деп отырамын.

Студент-жастардың сұрақтарына жауап беру үстінде Жақсылық Үшкемпіровтың басқа да тұлғалық қырлары жарқырай ашылды. Ж.Үшкемпіров - елін, Отанын, ұлтын сүйетін патриот, ұлтжанды азамат. Бүгінде кәсіпкер ретінде  жүз шақты азаматқа жұмыс орнын ашып беріп, олардың алаңсыз жұмыс істеуіне қамқор болып отыр.  Ал елге істеген қайырымдылық істері қаншама?! Бұрын өзі оқыған Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтының дәріс залдарын 7 млн. теңгеге өз қаржысымен күрделі жөндеуден өткізіп беріпті.  Туған ауылында да мұндай игілікті істері ел аузында жүр.  Ол бүгін де қазақ спортының жай-күйіне қатты алаңдайды. Мәскеу Олимпиадасынан бергі 33 жылда қазақ жігіттері күрес спортынан әлемдік  деңгейде жарқырап көріне алмай келе жатқаны жанына батады. Жақсылық Үшкемпіровтың  дәрісі студенттерге терең ой салды.

Университет ректоры С.Ж.Пірәлиев Олимпиада чемпионы, саңлақ спортшы, баһадүр палуанға университеттің «Құрметті профессоры» Дипломын тапсырып, профессор мантиясын жапты.        

 

Мырзахан Ахмет,

Абай атындағы Қазақ

ұлттық педагогикалық

университеті Баспасөз

орталығының жетекшісі