Main /
Mass media about us
04.07.2024 ШЫҰ-ға төрағалық етудің маңызы зор – саясаттанушы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Синхуа агенттігіне берген сұхбатында негізінен төмендегідей мәселелерге ерекше көңіл бөлді.
Біріншіден, көршілес екі елдің ғасырлар бойы келе жатқан байланысының бастау көзіне тоқталып өтті. Онда ол екі ел қатынасының бұл кезеңіне «алтынға пара-пар 30 жылдық» деп баға берді. Қытай мемлекет басшысының ең басты көрші ретінде Қазақстанды танып пандемиядан кейінгі сыртқы алғашқы сапарын бізден бастағаны, оған жауап ретінде біздің ел басшысының соңғы екі жылдың көлемінде Сианьдағы «Орталық Азия - Қытай» саммитіне, Бейжіңдегі «Бір белдеу - бір жол» және Хайнаньдағы Боаос Азия форумдарына тікелей өзінің қатысуын айтуға болады. Бұл жерде екі ел арасындағы тығыз байланыстың орнауына әсер ететін билік тегі жеке тұлғалық қарым-қатынастың орнын да айта кеткен жөн. Біздің мемлекет басшысының студенттік өмірі мен дипломат ретіндегі мансабының бастауы осы Қытаймен мемлекетімен байланысын, оның Қытай мәдениетіне, тарихына, тілі мен дәстүріне терең қызығушылық танытқанын ескеріп, кейде әңгіме арасында әріптесіне аса маңызды мәселелер туралы ойын барынша нақты жеткізу үшін немесе күнделікті өмірдің қызықты тақырыптарын талқылау үшін қытай тіліне еркін ауысып жататынын көпшілік байқаған да болатын. Сұхбат барысында тарихи тамыры тереңнен басталатын екі елдің мақал-мәтелдерінен тәмсіл келтіре отырып қарым-қатынастың барысын сипаттауы ерекше назар аудартты. Қазақтың «Өзен арнасыз, ел басшысыз болмайды» немесе қытай данышпандығының «болашақ ғасырдың бақыты осы ғасырда салынады» деген сияқты мысалдары оқырманды баурап алды десе де болады.
Екіншіден, мемлекет басшысы екі ел арасындағы байланыстың бүгінгі таңдағы бес түрлі бағыты жайында өз ойын бөлісті. Олар инвестиция, саудадағы оның ішінде электрондық сауда алаңдарын дамыу арқылы электрондық коммерцияны дамыту, «Бір белдеу-бір жол» мега бастамасындағы Сианьдағы еркін экономикалық аймақ «Қорғас-Шығыс қақпасы» Евразия транспорттық хабты дамыту, екі ел арасындағы көлік жол транспорты бойынша Достық-Мойынты теміржол құрылысын және мәдени-гуманитарлық саладағы көпқырлы байланыстың, жоғары оқу орындарының филиалдарының ашылуы сияқты мәселелеріне баса назар аударды. Сонымен қатар, болашақтағы екі ел арасындағы байланыстың тереңдей түсетіндігі, авиарейстердің көбейетіні сөз болды.
Үшіншіден, ҚХР басшысы Си Цзиньпиннің адамзатқа ортақ тағдыр қалыптастыру идеясына тоқталып жеке көзқарасын білдірді. Ол қазіргі халықаралық жағдайда өзекті және тең және көп полярлы әлемді қалыптастыруға жәрдемдесуге арналған «адамзат үшін ортақ тағдыры бар қоғамдастық» идеясын жоғары бағалайтынын айта келе, Қытайдың жаһандық даму, жаһандық қауіпсіздік және жаһандық өркениет жөніндегі бастамалары жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға орасан зор үлес қосатынына сенімділігін білдірді.
Төртіншіден, әлем халқының 45%-ы (3 млрд-тан астам адам) тұратын ұйымға мүше тоғыз мемлекеттің басын құрайтын Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының қазіргі төрағасы ретінде ұйым аясында әртүрлі салалардағы ынтымақтастықты дамытудың мәселелеріне тоқталды. Осы жылдар ішінде бірлестік аясы кеңіп «Шанхай бестігінің» құрамы екі есеге артып, Астанадағы саммиттен бастап ұйым толыққанды Шанхай ондығы форматында жұмыс істей бастайтыны айтылды. Осы саммиттің қорытынды шешімдерінде «Шанхай рухының» негізгі қағидаттары - өзара сенім, достық, өзара тиімділік және бір-бірінің мүдделерін ескеру толық қамтылатыны, ШЫҰ жаһандық үдерістерден шет қалмауы керектігін баса айтты. Сондықтан Қазақстан ШЫҰ «Әділ бейбітшілік пен келісім үшін дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасын бірлесіп әзірлеуді ұсынатыны айтылды. Биыл қауіпсіздік мәселесін шешуге, сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, экологияны қорғауға басымдық беріледі. Мемлекет басшысы саммит қорытындысында «Шанхай рухының» негізгі қағидаттары толық іске асатынына сенім білдірді. Жалпы, Қасым-жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұл сұхбаты әлем тілдеріне аударылып саяси аренада өзінің тиісті бағасын алуы керек деп есептеймін.
Жомарт Симтиков, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, саяси ғылымдарының докторы
04.07.2024 Ақпарат көзі: turkystan.kz |