қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
25.02.2022

Педагогикалық білім берудің өзекті мәселелері талқыланды

 


 

Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова, Медеу ауданының әкімі Әсет Масабаев, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Дархан Біләлов және Алматы қаласы Білім басқармасының өкілдері қала мектептерінің директорларымен кездесті, - деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

 

Ж.Сүлейменова мен А.Масабаев Қазақстан Республикасы Президентінің еліміздің қалыптасуына қатысты депутаттарға берген тапсырмалары туралы қысқаша айтып өтті. Педагог кадрлардың тапшылығы, инклюзивті білім беру мәселелері, мұғалімдердің деңгейін көтеру, оқулықтардың сапасын арттыру, қала мен ауыл арасындағы білім саласындағы алшақтықты жою туралы өзекті мәселелер талқыланды.

 

Қатысушылар мектептер мен балабақшаларға, олардың басшылары мен қызметкерлеріне қатысты өткір мәселелерді көтерді. Дархан Біләлов мектеп директорларына білім саласын дамытуға қосқан үлестері, Абай университетінің студенттері мен түлектерінің біліктілігін арттыруға, оларды жұмысқа орналастыруға ықпал еткендері үшін алғысын білдірді.

 

Ректор ҚР Білім және ғылым министрлігі педагогикалық білім беру саласындағы өзекті мәселелерге: кадр тапшылығы, қалалық және ауылдық мектептердегі білім берудегі алшақтықты жою, педагогтардың мәртебесі мен олардың біліктілігін арттыруға көп көңіл бөліп жатқандығын атап өтті. Сонымен қатар Абай университетіне жүктелген міндеттерді атап, нақты білім беру бағдарламаларын әзірлеудің маңыздылығына тоқталды.

 

Ректор мектептермен байланысты нығайту жөніндегі жоспарларымен бөлісті. Мәселен, «Университет - мектеп» жобасы тараптардың тікелей (мектеп мұғалімдерін сапалы даярлау) және жанама (білім деңгейі жоғары мектеп талапкерлерін даярлау) өзара байланысын кеңейтуге бағытталатын болады. Бұл бағыттағы жұмыстарға жоғары кәсіби және тиімді менеджерлердің, талантты көшбасшы-басшылардың кадрлық резервін қалыптастыру, Абай университеті тәжірибесінде дуальды және инклюзивті білім беруді дамыту кіреді.

 

Абай университетінің қатысуы Алматы қаласы мен жалпы еліміздің білім беру саласындағы нақты мәселелерді шешуге бағытталған. Еліміздің мектептерін табысты жас ұстаздармен қамтамасыз ету мақсатында университет әлемнің көптеген университеттерінде қолданылып жүрген жаңа «Honors College» жобасын әзірлеуде. Мақсаты - педагогикалық мамандықтар бойынша оқитын студенттерге терең білім беру және кәсіби дағдыларды қалыптастыру.

 

Сондай-ақ, ректор тарапынан білім беру сапасын арттыру және жоғары кәсіби мұғалімдерді даярлауды жақсарту бойынша басқа да маңызды ұсыныстар айтылды. Сөз соңында депутат Жұлдыз Сүлейменова қойылған барлық мәселелерді бақылауға алатынын және оларды шешу үшін бар күш-жігерін салатынын атап өтті.

 

25.02.2022 ж.

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz