Main /
Mass media about us
21.06.2021 Вакцина алу - індетпен күресудің ең тиімді жолы
Әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, Израиль мен Біріккен Араб Әмірлігі вакцина салдырудан жан басына шаққанда көш бастап келеді. Бүгінде бұл елдерде туризм, сауда, мейрамхана желісі, шағын және орта бизнес секілді салалар қалыпты жағдайға оралып, азаматтары күнделікті өмірде пандемияның зардабын шегіп отырған жоқ.
Екпе алудың тиімділігі туралы азаматтар арасында ақпараттық-түсіндіру шараларын жүргізу және бұл жұмысқа медицина мамандарын тарту қазіргі күні өте жауапты іс болып тұр. Осы орайда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде департамент және институт директорларымен, құрылымдық бөлімдердің басшыларымен кеңейтілген жиын өткізілді.
Жиын жұмысын университеттің тәрбие жұмысы және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры, профессор Жанатбек Ішпекбаев ашып, індетке қарсы екпе алудың маңыздылығына тоқталып өтті. Проректордың мәліметінше, университет қызметкерлері арасынан вакцина алғандардың саны 27,1%-ды құраса, білім алушылардың арасында бұл көрсеткіш 6,6%-ға жетті. Әрине, бұл жоғары көрсеткіш емес, алайда екпе алу саналы іс-әрекет болуы тиіс.
Жиын барысында Денсаулық сақтау пунктінің дәрігері Әлия Жаббарханова вакциналау тәртібі мен қазір қолданыста жүрген вакциналардың тиімділігі туралы толыққанды мәлімет берді. Дәрігердің сөзінше, қазақстандықтардың 60%-ы вакцинациядан өткен жағдайда ғана ұжымдық иммунитет қалыптасып, еліміз қалыпты жағдайға оралуға мүмкіндік алады.
Алматы қаласының Медеу ауданы аумағындағы №1 емхананың дәрігері Венера Исмаилова да екпе ектірудің маңыздылығы туралы жан-жақты кеңес беріп, қатысушылар тарапынан түскен сауалдарға тұщымды жауабын қайтарды.
Әкімшілік-шарушалық жөніндегі проректор Ғабит Дулатов университетімізде эпидемиологиялық жағдайды бақылау үшін «Ashyq» қосымшасы іске қосылып жатқандығын атап өтті.
Жиын қорытындысы бойынша барлық құрылымдық бөлім басшылары мен институт директорларына ұжым арасында вакцина алудың маңыздылығы және бұл үдеріс індетті жеңудің оңтайлы жолы екендігін түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу тапсырылды.
Авторы: Қазына Бекбенбетова, Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департаменті директорының м.а. 21.06.2021 ж. Ақпарат көзі: qazaq1913.com, PDF |