қазақша · русский · english
   
  Main  News
31.03.2021

Халықаралық семинарда академиялық жазылым және оның ерекшеліктері талқыланды


Латын әліпбиіне көшу қарсаңында ғылыми жұмыстарды сауатты жазуды қамтамасыз ету және академиялық мәтін құрылымымен таныстыру мақсатында 2021 жылдың 29 наурыз күні «Латын» ғылыми-практикалық орталығы жанындағы «Тілтұмар» бірлестігінің ұйымдастыруымен халықаралық деңгейдегі «Академиялық жазылым және оның ерекшелігі» онлайн-семинар өткізілді.

 

Қазіргі кезде зерттеу жұмыстарына қойылатын талаптар жоғарылап, жазылым дағдысын ғылыми бағытта меңгерудің маңыздылығы арта түсуде. Осы орайда ғылыми мақалалар мен зерттеулерді халықаралық деңгейде орындау жазылым әрекетіне ерекше мән беруді қажет етеді.

 

Онлайн-семинар барысында Шотландиядағы Абердин университетінің PhD докторанты Гүлшат Түсіп «Ғылыми еңбектерде әдеби шолу бөлімін жазу ерекшелігі», Англиядағы Рединг университеті, Хенли Бизнес мектебінің PhD докторанты Наталья Радько «Рейтингісі жоғары шетелдік ғылыми журналдарға мақала жариялау жолдары», Англиядағы Уорик университетінің PhD докторанты Мұхтарова Анар «Білім берудегі зерттеу әдістері», Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінің PhD докторы Бекарыс Нұриман «Рейтингісі жоғары шетелдік ғылыми журналдарға мақала жариялау жолдары» және Абай атындағы ҚазҰПУ түлегі, ф.ғ.к. Еділбай Оспан «Академиялық мәтін құрылымының ерекшеліктері» тақырыптарында баяндама жасады.

 

Сонымен қатар Еділбай Оспанның «Академиялық жазылым негіздері» оқу құралының тұсау кесері өткізілді. Оқу құралының тұсау кесері кезінде э.ғ.к. Эльмира Идрисова, қауымдастырылған профессор Дінмұхаммед Келесбаев, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанар Абитова өз пікірлерін білдірді.

 

Онлайн-семинарға 100-ден астам қатысушылар қатысты. Олардың ішінде шетел қонақтары, мектеп мұғалімдері, Білім жетілдіру институттарының өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, магистранттар мен докторанттар бар.