қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
10.08.2020

Абайдың 175 жылдығына орай мұражай кабинеті ашылады


   

 

Мұражай Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ашылады.


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Абайдың 175 жылдығына орай мұражай кабинеті ашылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт.

 

Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне 1935 жылы Абайдың есімі беріліп, биыл 85 жыл толып отыр. Бүгінгі таңда 10 мың 400-ден астам студенттер мен 800-ден астам ұстаз, ғалымдар жұмыс істейді. Абайды ұлықтаған университетте ақынның құрметіне мұражайлар, мұрағаттар мен кабинеттер ашылып, тәрбие жұмыстары белсенді жүзеге асуда.

 

«Бұл біз үшін ерекше қуаныш. Өйткені бұл Абайдың күнін мемлекеттік деңгейде мереке ретінде атау деген сөз - ол біздің рухани негізімізге, рухани жаңғыруға, одан кейін біздің бүкіл даналарымыздың мұрасын көтеру және соларды марапаттау деп айтуға болады. Өйткені олардың барлығының біреуі болса да, Абай солардың барлығының үлгісі ретінде болып саналады. Сондықтан, «Абай» күнін біз ерекше атап өтейін деп отырмыз. Сол күні бірнеше шаралар жасаймыз. Оның бірі - Абай атындағы жаңа кабинет ашпақшымыз», - деді Абай атындағы ҚҰПУ ректоры Такир Балықбаев.

 

XX ғасырдың басында елдегі сауатсыздықты жою мәселесін шешу мақсатында ұстаздарды даярлау мәселесі маңызды болғандықтан, білім ордасы педагогикалық бағытта ашылған. Мұнда ұлы Абайдың білім жолын жалғастырған Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмүхамедов, Темірбек Жүргенов және Мұхтар Әуезов секілді қазақ халқының көрнекті өкілдері жұмыс істеген. Бүгінде ақынның ілімін қайта жаңғырту аясында түрлі бағдарламалар оқытылуда. Ал, 2008 жылдан бері «Хакім Абай» ғылыми зерттеу орталығы ашылып, онда жетекшілік етіп келе жатқан Жабал Шойынбет Абай феноменін отыз жыл бойы зерттеп келеді. Ол болашақ жастарға Абайды жаңа қырынан таныту қажет дейді.

 

«Басты мақсат - Абайдың бұрын шынайы айтылмаған шығармашылығының астауы және ең басты нәрсе «Хакім Абайдың» даналығын оқыту. Жақында ғана ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтты, «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» деген мақаласында біз енді «Толық адам» ілімін зерделеуіміз қажет деп. Себебі Абайдың «толық адам» ілімі бұл адамзаттың өмір сүру философиясы. Көрдіңіз бе? Біз осыған ғылыми түрде дайындық жұмысымен келдік. Енді осыны ары қарай тағы да жаңа зерттеулермен толықтырамыз деп отырмыз», - деді Жабал Шойынбет.

 

Абайтанушының сөзінше, ақынның туындылары қай заманда болмасын, шындықты арқау еткендіктен, шетелдік ғалымдар қызуғышылық танытады. Сондықтан да, білім ордасы қабырғасында Абай музейінің ашылуы қазақ әдебиетіне қайта жан бітіргендей дейді.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ жыл сайын әлемнің ең үздік университеттері қатарында өз орнын жоғарылатып, елдегі білім беру ордалары рейтингісінде алтыншы орынға ие. Сондай-ақ, оқу орны қызметінде халықаралық ынтымақтастықтың орны ерекше. Кембридж, Пенсильвания, Сассекс, Пекин Біріккен университеті мен Сорбонна-Париж сити университеттерімен серіктестік орнатқан. Ал, алдағы уақытта - оқытушы кадрларды даярлаудың сапасын арттыруды жоспарлап отыр.

 

 

10.08.2020 ж.
Ақпарат көзі: almaty.tv