Main /
Mass media about us
26.06.2020 Қазақстанның тұңғыш университетіне «Eurosert» сертификаты табысталды
Бүгінгі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны екендігі ел тарихында тайға таңба басылғандай анық жазылған. Бастауын сонау 1928 жылдан алатын өнегелі білім ордасы ұстаздардың ұстаханасына айналған. Тоқсан жылдық тарихында беделіне титтей де нұқсан келтірмей келеді. Атына заты сай университет екенін жақында тағы бір дәлелдеді. Бұған дейін тұңғыш университет Қазақстанда алғашқы болып «Eurosert» сертификатын алғанын жаздық. Ал, сәрсенбінің сәтті күнінде, 24 маусымда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне «Eurosert» еуропалық компаниясының ISO 370001: 2016 халықаралық стандарына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес сапа менеджментін енгізу бойынша сертификатын табыстау рәсімі өтті.
Онлайн-шара университет басшылығы мен «Eurosert» еуропалық компания өкілдерінің бейресми пікір алмасуымен басталды. Пікір алмасу барысында ISO 370001: 2016 халықаралық стандарына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес сапа менеджментін енгізу үдерісі бойынша атқарылған шаралар мен алдағы жоспарлар талқыланды.
Ресми бөлімді университет ректоры Такир Балықбаев ашып, онлайн шара қатысушыларына қонақтарды таныстырды. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарттау жүйесiнің сарапшы-аудиторы, «Eurosert» еуропалық компаниясының жетекші аудиторы Владимир Соловьев, «Саналы ұрпақ» республикалық жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайыржан Токушев, «Агенство внедрения ИСО» ЖШС директоры, бас кеңесші Бандуро Анатолий, сарапшы-аудитор Илимлар Зубанов басқосудың қонақтары болды.
«Саналы ұрпақ» республикалық жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайыржан Токушев жастардың бойында парасаттылық пен ізгілік қасиеттерін дамыту, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп жасалып жатқан жұмыстар туралы қысқаша ақпарат берді.
Сөз кезегін алған жетекші аудитор Владимир Соловьев ISO 370001: 2016 халықаралық стандарына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес сапа менеджментін енгізу бойынша университетте жасалған ауқымды жұмыстарға тоқталып, сөз соңында университет ректоры Такир Балықбаевқа «Eurosert» сертификаттау және бақылау компаниясының сертификатын ресми табыстады. Жоғарыда жазғанымыздай, аталған сертификатты Абай есімін иеленген университет елімізде алғашқы болып алды.
Бас кеңесші Бандуро Анатолий «Агенство внедрения ИСО» консалтингтік компаниясының оқыту бағдарламасына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес сапа менеджменті жүйесінің ішкі аудиторы біліктілігі туралы сертификатын университет ректоры Такир Балықбаевқа, тәрбие жұмысы және әлеуметтік даму жөніндегі проректор Жанатбек Ішпекбаевқа және «Парасат» орталығының директоры Қамбар Усиповке табыстады.
Шара соңында университет ректоры сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жолында еңбек етіп, адалдық пен парасаттылықты дамытуға үлес қосып келе жатқан шара қонақтарына алғыс хатын табыстады. Алдағы уақытта таза қоғамды қалыптастыру бағытында ынтымақтастықта жұмыс жасайтындығына үлкен сенім білдірді.
Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті Қазақстанда алғашқы болып «Eurosert» сертификатын алған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымын осынау зор жетістіктерімен құттықтайды!
Мадияр Әзизұлы, «Qazaq» газеті 26.06.2020 ж. Ақпарат көзі: qazaq1913.com |