қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
24.11.2025


ҒАХИП УӘЛИҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ДӘРІСХАНА АШЫЛДЫ

 

Кеше Абай университетінде ҚР ҰҒА академигі, көрнекті ғалым-механик Ғахип Уәлиұлының есімін ұлықтау мақсатында ғалымның атындағы дәрісхананың тұсауы кесілді. Аудиторияның ашылуына еліміздің белгілі академиктері, ғалымның достары мен отбасы мүшелері қатысты.

Шараның басты мақсаты – қазақ ғылымы мен білімінде елеулі із қалдырған көрнекті тұлғалардың рухани мұрасын жаңғырту, сондай-ақ ұлттық педагогика дәстүрі мен заманауи білім беру жүйесінің арасындағы байланысын тереңдету. Дәрісхана лентасын профессор, академик Мейірбек Молдабаев және Абай атындағы ҚазҰПУ-дың академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова қиды.


Физика-математика факультетінің жанынан ашылған жаңа дәрісхана заманауи оқу жабдықтарымен, интерактивті тақтамен және ғылыми-әдістемелік материалдармен толық қамтамасыз етілген. Аудиторияда Ғахип Уәлиұлының өмірі мен ғылыми еңбектеріне қатысты материалдар, ғылым жолындағы жетістіктері орналастырылған. Шараның модераторы Абай университетінің профессоры Мақтағали Бектемесов дәрісхананың ашылуына қолдау көрсеткен академиктің отбасына ризашылығын білдірді.


– Ғахип Уәлиұлы Абай университетіндегі Физика, математика және информатика факультетінде декан қызметін атқарған кезеңде бұл аудитория кәсіби даярлыққа арналған арнайы оқу-тәжірибелік зертхана болған. Сол кезден бастап бұл кеңістік білім алушылардың тәжірибесін тереңдетіп, ғылыми ойлауын қалыптастыратын ортаға айналды. Сондықтан да дәрісханаға Ғахип Уәлиұлының есімін беру – оның еңбегіне құрмет білдірумен қатар, болашақ мамандарға ғылым жолында табандылық пен жауапкершіліктің маңызын еске салатын символдық шешім болды», – деді Физика, математика және информатика факультетінің  деканы Шерипидин Хамраев.


Тұсаукесер рәсімінде сөз алған академик, ғалымдар Амандық Төлешов, Молдабаев Мейірбек, Ғахип Уәлиұлы курстасы Жанұзақ Тоқыбетов ғылыми және педагогикалық болмысын тереңінен айқындап берді. Жиын соңында шараға арнайы келген Ғахип Уәлиұлының жары Әспет Уәлиева мен ұлы Зайыр Уәлиев университеттің Басқарма төрағасы-Ректоры Болат Тілепке және дәрісхана ашуға үлес қосқан қызметкерлерге өз алғысын жеткізді.

 

Айта кетейік, көрнекті ғалым-механик Ғахип Уәлиұлы – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ҚР Инженерлік академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор. Ол механика, серпімді түйінді ауыспалы жүйе механизмдерінің динамикасы, механизм-автоматтарды анализдеу және жобалау, машиналардың сынау механикасы, ақпаратты-өлшегіш және бақылау-тіркеу қондырғыларын, аспаптарда және электромеханикалық шама бойынша белгілі ғалым. 150-ден астам ғылыми еңбектері жарық көрген. Оның ішінде 3 монографиялық еңбек, 3 оқу құралы мен 4 оқу-әдістемелік құралы бар. Италияда, ГФР-да, Швейцарияда, Қазақстанда 10-нан астам патенттің авторы және КСРО өнертапқышы.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі


  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=