қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
28.01.2022

Дуальды оқыту жағдайында үшінші курс студенттерін педагогикалық практикаға дайындау

 

2022 жылдың 24-27 қаңтар аралығында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Педагогикалық шеберлік орталығы «Өрлеу» БАҰО» АҚ тренерлерімен бірлесіп педагогикалық мамандықтардың 3 курс студенттеріне «2021-2022 оқу жылында педагогикалық мамандықтардың дуалды оқыту жағдайында үшінші курс студенттерін педагогикалық практикаға дайындау» тақырыбында қазақ және орыс тілдерінде 20 сағаттық қашықтан оқыту курсын өткізді.

 

Курсқа Абай атындағы ҚазҰПУ-дың педагогикалық мамандықтарының 1950 студенті қатысты. Дәрістер мен практикалық сабақтарды университеттің жаңартылған білім мазмұны бойынша сертификатталған 10 тренері мен «Өрлеу» БАҰО» АҚ 9-тренерлері жүргізді.

 

Үшінші курс студенттері білім беру мазмұнын жаңартудың алғышарттарымен, үлгілік оқу жоспарларының мазмұнымен және маңызды нормативтік құжаттармен танысты; критериалды бағалаудың құрылымы мен принциптерін қарастырды; қалыптастырушы және жиынтық бағалауға арналған пән бойынша тапсырмаларды әзірлеуге мүмкіндік алды; рефлексия және кері байланыс әдістерін таңдау, тақырыптарды құрастыру технологиясы бойынша ұсыныстар алды. Жоспарлаудың заманауи түрлерімен жұмыс жасау алгоритмі және сабақтың әдістемелік конструкторы ерекше қызығушылық танытты.

 

Студенттер курстардың қашықтан оқыту форматына қарамастан оқытушылар қолайлы психологиялық жағдай мен оқытудың практикалық бағытын жасағанын атап өтсе, «Өрлеу» БАҰО» АҚ тренерлері курстың ұйымдастырылуы мен ақпараттық-техникалық жабдықталуының жоғары деңгейде екендігін, студенттердің қызығушылығы мен белсенділігінің жоғарылығын, тың идеяларымен бөлісуін ерекше атап өтіп, университеттің профессор-оқытушылар құрамына алғыстарын білдірді.

 

Курстың екінші кезеңін 2022 жылғы 28 қаңтар мен 4 ақпан аралығында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың сертификатталған оқытушылары жалғастырады. 72 сағаттық курстан толықтай өткен университеттің студенттері біліктілік тестілеуінен өтіп, білім беру ұйымдарында практикаға жіберіледі.