қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
01.02.2019

Ата-бабаларымыздың жастар тәрбиесіне үзбей көңіл бөліп келгені бекер емес

 


 

Такир БАЛЫҚБАЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымының докторы, профессор.

 

Бүгінде біздің жас жігіттеріміз бен қыздарымыз ІT технологияларын, нано және робототехниканы кеңінен игеріп, әлемдік бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруда. Олар бизнеспен, спортпен, өнермен де шұғылдануда. Алайда, жаһандану үрдісі асқынып тұрған бүгінгі таңда жастарымызды оның сын-қатерлерінен сақтап қалу аса зор маңызға ие болып отыр.

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық еңбегінде: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек»,- дей келе, батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сырына тоқталды. Өйткені, оның басты кемшілігі - олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында.

 

Ұрпақты отаншылдыққа, патриоттыққа тәрбиелеу - басты бағдарымыз

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2018 жылғы 5 қаң­тардағы Қазақстан халқына арналған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақы­рыбындағы Жолдауында: «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемле­кеттік саясаттың басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек»,- дей келе 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған еді.

 

23 қаңтарда Астанада Жастар жылының ашылуына арналған форумға қатысқан Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Тәуелсіз Қазақстан жастарының алдында тұрған міндеттер, олардың ғылым, білім, мәдениет пен рухани салалардағы, бизнестегі тың бастамаларын мемлекет тарапынан қолдау туралы тұжырымды ойлармен бөлісті. «Біз бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізіп, Ұлы дала төсінде әлем мойындаған мемлекет құрдық. Есілдің жағасында еңселі елордамыз - Астананы тұрғызып, тарихта бұрын-соңды болмаған зор жетістікке қол жеткіздік. Жүзеге асырылып жатқан шара­лар­дың бәрі егемен еліміздің болашағы - сіздер үшін жасалып отыр», - деген Мемле­кет басшысы Жастар жылының ашылуына арналған салтанатты форумда жас отбасыла­рын баспанамен, жұмыспен қамтуға, ғылым-білім, бизнес және өнер салаларында жүрген қыздар мен жігіттерді қолдауға, жастардың білім алуына, әлеуметтік жағдайын түзеуге, оларды отбасылық өмірге бейімдеуге бағыт­талған ауқымды шаралар жүзеге асырыла­тынын айтып, жас буынның өмірге деген құлшынысын арттыра түсті.

 

Астанада Президент Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен өткен форумды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессор-оқытушылары мен студенттері тікелей эфир арқылы көріп, Елбасының жүргізіп отырған жастар саясатына бірауыз­дан қолдау білдірді. Келесі күні біз биік тау шатқалындағы «Медеу» мұз айдынында 700-ден астам студенттің қатысуымен Жастар жылына арналған флеш-моб өткіздік. Елбасы Н.Назарбаевтың жастарға деген қамқорлы­ғын қанағат сезіммен қарсы алған студенттер қауымы «Алға, Қазақстан!», «Алға, Қазақстан жастары!» деген ұранмен асқақ үн қатып, мұз үстін мереке думанға айналдырды. Олар Жастар жылын ән-жырмен, шырайлы билермен және мұз бетінде жаппай сырғанап өнер көрсетумен бастады.

 

2018 жылдың қараша айында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың қабылдауында болғанымда, ол кісі Жастар жылын жоғары деңгейде өткізуге тапсырма берген болатын. Сондықтан біз бүгінде университеттегі негізгі іс-шараларды Жастар жылына арнап отырмыз. Біз бекіткен іс-шаралар жоспары жастарды отаншылдыққа, патриоттыққа, адам­гер­шілікке, саяси белсенділікке тәр­биелеуге және тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталуда.

 

Атап айтқанда, осы жылдың аясында студенттердің арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатымен денешынықтыру мен спортты дамытуға айрықша көңіл бөлін­бек. Біздің жақсы жабдықталған, заманауи талаптарға сай келетін спорттық базамыз бар. «Спартак» стадионымызда футболдан, волей­бол, жеңіл атлетика сияқты спорт түрлерінен жаттығу және кең көлемді жарыстар өткізуге мүмкіндігіміз мол. Спорт залдарымыз толық­тай қайта жарақтандырылған. Ай аралата бір күнді «Денсаулық күніне» арнап, студенттер мен оқытушыларымыздың спортпен айна­лысуына мүмкіндік жасап келеміз. Ал студент­тер үшін спорт залдарымыздың есігі әрқашан ашық. Конькимен сырғанау, жүгіру, шаңғы тебу мәнерлеп сырғанау өнерін үйрену әрбір жас үшін қалыпты жағдай болуға тиіс. Және ашық аспан астында, Алатаудың мөлдір ауасы­мен тыныстап, бой сергіту денсаулыққа да пайда­лы. Спорттың басқа да түрлерімен тұрақты айналысу үшін студент-жастардың белсенділігін арттыру - биылғы Жастар жылының еншісі.

 

Сондай-ақ, студенттер мен жас ұстаз­дардың қоғамдық белсенділігін арттыру, дүние­танымын кеңейту, ұлттық рухын көтеру мақсатында атқарылатын іс-шараларымыз да жеткілікті. Оның ішінде «Менің пірім - Сүйін­бай» тақырыбында жас ақындар айтысын, «Менің Қазақстаным!» патриоттық әндер байқауын, «Мен елімді жырлаймын!» жас ақындардың поэтикалық онлайн байқауын, «Ұлы Жібек жолымен» тарихи-танымдық саяхатын, «Ұлы дала жаста­ры: қоғам, білім, болашақ» пікір-сайыс турни­рін, «Абай руханияты» халықаралық жастар фестивалін жоспарлап отырғандағы мақса­тымыз да жастардың рухани дамуын жүзеге асыруға бағытталған. Бұл арада ашық дәрістер, дөңгелек үстелдер, танымдық кештер өткізудің де маңызы зор екенін жақсы білеміз. Қалай дегенде де, Жастар жылына арналған барлық игілікті істеріміз студенттеріміздің рухани кемелденуіне, тұлға ретінде қалыптасуына септігін тигізеді деп сенеміз.

 

Ұлттық код ұлттық құндылықтармен қалыптасады

 

Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінде тамыры тереңнен бастау алатын рухани коды болады. Осыған орай Мемлекет басшысы жаңа тұрпатты жаңғырудың басты шарты - сол ұлттық кодыңды сақтай білу екенін қадап айтты. Ал ұлттық кодты сақтау дегеніміз жас ұрпақты жаһандану үдерісінен аман алып қалудың бірден-бір жолы. Ұлттық код ұлттық тәрбие арқылы қалыптасады. Ал ұлттық тәрбиенің қайнар бастауы фольклор, ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнегелі мақал-мәтелдер, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл-ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары болып табылады. Сонымен бірге, отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері, туыстық қарым-қаты­нас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз, ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім, адамгершілік, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттері, ізгілік сынды тағы басқа сапалық белгілер ұлттық тәрбиенің негізгі көрінісі.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика­лық университетінде 5-6 жылдан бері студент­терге «Ұлттық тәрбие» пәні оқытылып келеді. Бұл дегеніміз - ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі деген сөз. Мақсаты - ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу. Міндеті - өзгермелі жағдайдағы ұлттық тәрбие­нің діңгегі ана тілі болып қалатынын негіздеу. Қазақ тілі мен тарихын, мәдениеті мен ділін, салт-дәстүрі мен дінін құрметтеу рухында жастардың ұлттық интеллектуалдық мінез-құлқын қалыптастыру, бүгін қазақ елінің индус­триялық-инновациялық жүйесінің дамуын қамтамасыз ететін жоғары парасатты ұлт кадрларын тәрбиелеу. Олай болса, университетіміздегі ұлттық тәрбие өз жемісін беріп келеді деуге толық негіз бар.

 

Қазақ халқы ежелден жас ұрпаққа елдің болашағы, ертеңгі иесі деп ерекше сенім артқаны белгілі. Сондықтан ата-бабалары­мыздың жастар тәрбиесіне үзбей көңіл бөліп келгені бекер емес. «Ер жігіт - берік қорға­ның, қыз бала - қалың орманың», «Ер баланы ат үстінде тәрбиеле, қыз баланы шаңырақта тәрбиеле», «Гүл өссе - жердің көркі, қыз өссе - елдің көркі», «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе күңнен тыю» деген мақалдар осы сөзі­міздің дәлелі. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтын­сариннің атасы Балғожа бидің: «Үміт еткен көзімнің нұры балам, жаныңа жәрдем берсін хақ тағалам» деп кішкене немересіне үміт арта, аталық тілегін білдіруі бүкіл қазақ халқының ұрпаққа деген ниетінің белгісіндей. Қай-қай ата-ананың да бүкіл тілек, үміті баласына арналатынын осыдан көруге болады. Ұлы ойшыл, хакім Абайдың: «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба, құмарланып шаттанба, ойнап босқа күлуге», - дей келіп, жастарды «бес жаман нәрседен қашық болуға, бес асыл іске асық болуға» үндеп, оларды ізгілікке, ғылым-білім үйренуге шақыруының да терең мәнісі бар.

 

«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қай­ратты, қырандай күшті қанатты, мен жастарға сенемін», - деп жырлаған Мағжан ақынның жалынды сөздерінен де жастарға деген сенімнің жалыны лаулап тұрғандай. Шын мәнінде, қай заманда болмасын, халық өз ұрпағынан үміт күтіп, оларға сенім артқаны бекер емес. Өйткені, жастар ата-ананың ұрпағын жалғастырумен қатар, елдің ертеңгі тірегі де.

 

Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы арман­даған егемендікке қол жетіп, жас мемлеке­тіміздің іргесін нығайтып жатқан қазіргі таңда қоғамдық өмірде жастарымыздың орны бөлек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Тұңғыш Президентіміз - Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың жастар саясатын берік ұстанып келе жатқаны сондықтан. «Қазақстан Республикасының Жастар саясаты туралы» Заңы мен «Қазақстан-2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы да Мемлекет басшы­сының жастар саясатына деген қамқорлы­ғының айғағы. Елбасы өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасында, Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдаула­рында жастарға білім беру, олардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру туралы мәселелерге үзбей көңіл бөліп келеді. Соңғы 20 жыл көлемінде Елбасы­мыздың бастамасымен өмірге келген «Бола­шақ» бағдарламасы бойынша 10 мыңнан астам жастарымыз әлемнің ең үздік, ең беделді уни­верситеттерінде білім алып, бүгінде ел игілігі үшін абыроймен еңбек етіп жүрсе - бұл да Мемлекет басшысының жастарға деген қамқорлығының жарқын көрінісі. Жастарды жұмыспен қамту, олардың әлеуметтік жағдай­ларын жақсарту мақсатымен өмірге келген «Дипломмен - ауылға!», «Жасыл ел», «Жастар практикасы», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020», «7-20-25» бағдарла­малары Президентіміздің ел жастарына жасап отырған зор мүмкіншілік­терінің бір парасы. Жастарды жұмыспен қамту мақсатымен келісім-шарт негізінде әскери қызметке тарту нәтижесінде Қарулы Күштер қатарында еңбек етіп жүрген жастар барлық құрамның 70 пайызына жетіп отыр. Жыл сайын жастар арасындағы жұмыссыз­дар саны азайып келеді. Ал «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті жаппай дамыту» бағдарла­масына қатысқан 115 мыңнан астам жігіттер мен қыздар тұрақ­ты жұмыспен қамтылып отыр. Мемлекет оларды жұмыспен қамтумен қатар, кәсіби білікті­ліктерін арттыруға, жаңа мамандықтарды игеруіне де зор мүмкіншілік жасауда.

 

«Тәлімгерлік жүйесі» мен «Студенттердің этикалық кодексі» тәрбие ісіне тың серпін берді

 

Біздің университетімізде кураторлық тәрбиенің орнына «Тәлімгерлік жүйесі» енгізіліп отырғанына біраз уақыт болды. Бұрын бір оқу тобындағы 25-30 студенттің тәрбие­сіне бір ғана куратор жауап беретін. Ал енді Тәлімгерлік жүйесі бойынша уни­верситеттің бүкіл оқытушы-профессорлар құрамы мен барлық қызмет­керлері тәрбие жұмысына тартылуда. Атап айтқанда, 5-6 студентке бір тәлімгер бекітілген. Әр тәлім­гер өзіне тиесілі студенттің сабаққа қаты­суын, оқу үлгерімін, тәртібін қадағалап оты­рады. Тіпті, олардың ата-аналарымен де тұрақ­ты байланыс жасап, студенттің тәртібі мен оқу үлгерімін екі жақтап қадағалайды. Бүгінде бұл әдіс өз тиімділігін көрсетуде. Соның нәтижесінде соңғы 5 жыл көлемінде студенттер тарапынан бірде-бір құқықбұзу­шылыққа жол беріл­мегенін атап өтуіміз керек.

 

Тәрбие және жастар ісі жөніндегі депар­таменттің «Студенттердің этикалық кодексін» қабылдауы да тәрбие ісіне тың серпін беруде.

 

Мемлекеттік жастар саясатына және Елба­сының нұсқаулары мен тапсырмаларына бай­ланысты Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық универси­тетінде де жастар саясаты жүйелі жүргізіліп келеді. Мұнда жастар ісі жөнін­дегі комитет жұмыс істейді. Тәрбие жұмысының бәрі студент-жастарды толық қамтуда және оның тиімділігі жылдан-жылға артып келеді. Жалпы, университеттегі тәрбие жұмысы Елбасының «Мәңгілік Ел» патриоттық идеясы мен «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында студент-жастардың, түлектердің бойында белсенді азаматтық позицияға және жоғары әлеуметтік жауапкершілікке негізделген жоғары мәдениетті тұлға қалыптастыруға бағытталып отыр.

 

Осы арада айта кететін мәселе - универ­ситетте өткізіліп жатқан барлық іс-шара Елба­сының осы екі маңызды да мазмұнды еңбекте­ріндегі мақсат-талаптарды жүзеге асыруға арналып отыр. Осы орайда, туған жерді тану, оның тарихын терең мең­геру мақсатымен университет оқытушылары аймақтарға саяхаттар ұйымдас­тыруда.

 

Жастар арасында белсенді экологиялық туризмді дамыту мақсатында Көкжайлау шатқалы, Кім-Асар шатқалы, Алма-Арасан шатқалы, Күйгенсай ыстық бұлағы, Альпинистер асуы, Үлкен Алматы өзені, Жас натуралистер өзені, Мохнатка тауы, Медеу тоғаны сияқты негізгі қозғалыс бағыттарында 400-ге жуық сту­дент қатынасқан туристік треккинг ұйым­дастырылды.

 

Жыл ішінде 75-тен аса іс-шара, оның ішінде 40 тәрбиелік бағыттағы: 5 республи­калық, 9 мәдени-көпшілік, 9 спорттық, 8 «Тұлғалар тағылымы» деген тақырыптағы дәрістер топтамасы, 9 жастар саясаты бағыты бойынша іс-шаралар өткізілді.

 

Салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Өткен жылы 6 мыңнан астам студенттер қатысқан 25 спорттық іс-шара ұйымдасты­рылды. Оның ішінде «Денсаулық күні» жалпы университеттік спартакиадасы дәстүр­ге айналды.

 

Студенттерге әлеуметтік қолдау және білім алушыларға сапалы қызмет көрсету мақсатында «Бір терезе» қағидаты бойынша «Шапағат» орта­лығы ашылды. Студенттер арасындағы ұлтара­лық қатынас пен достықты сақтау мақсатында университетімізде «Бірлік» студенттер ассам­блеясы жұмыс істеп келеді. Сыбайлас жемқор­лықпен күрес бойынша алдын алу жұмыста­рының құқықтық негіз­дері әзірленіп, «Акаде­миялық адалдық» кодексі бекітілді, «Саналы ұрпақ» клубы іске кірісті. Өткен жазда студенттік құрылыс жасағына 60 студент қатысса, «Жасыл Ел» еңбек жасағына - 73 студент, ал қабылдау ко­миссиясы жұмыстарына - 24 студент тартылды.

 

Университетіміздің осындай игі істері барысында 157 студент еңбекпен қамтамасыз етілді.

 

Жетім балалар мен ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған студенттерге әлеуметтік және материалдық тұрғыдан қолдау көрсетуге үлкен көңіл бөлініп отыр.

 

Жыл ішінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ әлеуметтік әлсіз санатты студенттерге бюджеттен тыс қаражат есебінен әлеуметтік және материалдық қолдау көрсетілді. Оның ішінде:

- 517 студентке оқу төлемақысына жеңілдіктер жасалды. Халықтың әлеуметтік әлсіз санатына саналатын ақылы негізде оқитын 504 студентке 10% - дан 50%-ға дейін жеңілдік жасалса, ақылы негізде оқитын 13 тұлдыр жетім студент тегін білім алуға ауыстырылды; білім беру гранты бойынша оқитын 45 жетім балаларға тегін тамақ ұйымдастырылып, ай сайын 20 мың теңге көлемінде материалдық көмек берілді.

- Мүмкіндігі шектеулі 38 студентке тегін медициналық көмек көрсетілді;

- 21 студент тегін жатақханамен қамтамасыз етілді;

- 12 жетім-студентке Студенттер кәсіп­одағының қолдауымен «100 оқушыға, 100 студентке» қайырымдылық акциясы аясында бір рет 20000 мың теңге көлемінде бір реттік қаржылай көмек көрсетілді.

 

Ендігі жерде Мемлекет басшысы Н.Ә.На­зарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдар­ламалық еңбегі де жастарды Ұлы даланың ұлы мұраларын терең білу арқылы Отан тарихынан байыпты түрде хабардар болуға үндейді. Олай болса, біздің бүкіл жастар саясаты жөніндегі жұмысымыз осы бағыттар бойынша өрбитін болады.

 

 

01.02.2019 ж.

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz

 



367

Вернуться назад

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler