қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
16.02.2018

Ақын қызды ардақтады

 

 



Биыл - Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 90 жылдығы. Осыған байланысты университетте бірқатар мерейтойлық шаралар өтуде. Соның бірі - қазақтың айтулы суырыпсалма ақыны Надежда Лушниковамен кездесу. Әсерлі кешті оқу ордасының Шетелдік азаматтарға арналған және ЖОО-ға дейінгі дайындық факультеті ұйымдастырды.

 

Қырық жылдан астам уақыт ұстаз­дық етіп, қазақ балаларына қа­зақ тілі мен әдебиетінен сабақ бер­ген. Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, «Құрмет» орде­ні­нің иегері Надежда Лушникова - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика­лық университетінің түлегі. Ол - бүгінге дейін өнер мен мәдениет сала­сында тер төгіп, қолынан қала­мы мен домбырасы түспей келе жат­қан ақын. Айна­ласын­дағы өнерлі жандарға жана­шыр тәлімгер.


Алты Алашқа ақындығымен таныл­­ған айтыскер ұстазды Қаз­ҰПУ-­дың ректоры Тахир Балық­баев өзі қарсы алып, күмбірлеген күй­дің ырға­ғы­мен той төріне шығарды. Универ­си­тет басшысы ақынның жетістіктерін айтып, өнердегі жолын ұрпаққа үлгі етті. Ақын апаларының иығына шапан жауып, омырауына ҚазҰПУ медалін тақты. Құшағын алқызыл гүл шоғына толтырып, құт­тықтады.


Бұдан кейін сөз кезегін ҚазҰПУ-дың профессоры, фило­ло­­гия ғылым­дарының докторы Темірхан Тебе­генов алып, Жамбыл бабамыз­дың шығармашылығына тоқталды. Надеж­да Лушникованың айтыс­та­ры­нан үзінділер келтіре оты­рып, тұшымды ойын ортаға салды.


Кештің негізгі шымылдығы ашылған соң, домбыраның үнімен, қазақтың әсерлі қоңыр күйімен Надежда Андрейқызы кешті өзінің амандасу жырымен жалғастырып, халқына сәлем жолдады.
«Жамбыл бабамыздың домбы­ра­­сын көтеріп, жырын төгіп, жал­ғасты­рып айтып жүрген өнерлі жас­тар үшін мектеп ашып берсем деген арманым бар» деп тебіренді ақын сөз арасында. Ол Нұрилә ақын анамыз бен Үмбетәлі атамыз­дың айтыс­тарының мән-мағына­сына тоқ­талып, айтыс деген ғажап нәрсе екенін айтып тамсанды. Өзі айтыс­қан ақындарға берген жауап­тарынан үзінділер келтірген кезде, көрермен­дер «Паһ, шіркін!» деп бір желпініп қалды. Жас кезінде кілең шалдармен айтысқа түскенін еске алып, қағытпа қалжыңмен берген жауабын айтып, халықты күлдіріп те алды. Ақын апа сәт сайын арқасы қызынып, шабыт­та­на түсті. Студент жастар арнау өлеңдерін оқыды.


Бұдан кейін ақынға еріп келген өнерпаздар төрге шықты. Базаркүл Әжіқожаева, Алтын Әліпбайқызы, Гүлсім Кәренеева сынды ақынның соңынан ерген өнерпаздар бірінен кейін бірі домбыраны қолға алып, ән шырқады. Алтын Әліпбайқызы халық әні «Алқоңырды» қалықтата жөнелді. Ақынның шәкірті, терме­ші, жыршы, сазгер Жылбек Тоқтасы­нов амандасу жырын төгіп, Надежда Андрей­қызының өлеңіне жазылған «Ұзынағаш» әнімен жұрт көңілін көтерді.


Кеш соңында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Шетелдік азаматтар­ға арналған және ЖОО-ға дайын­дық факультетінің деканы, педаго­ги­ка ғылымдарының кандидаты Ғалия Таубаева сырласу кештің құрметті қонағы Надежда Лушни­ко­ваға және өзге де әнші-термеші­лер­ге көрсет­кен өнерлері үшін шын жүректен алғыс білдіріп, ағынан жарылды.

 

Авторы: Рыскен Әбішева,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы

16.02.2018 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz, PDF

 



478

Вернуться назад

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler