қазақша · русский · english
 
 
  Главная / СМИ о нас
25.01.2018

Шоқан заманында шешім таппаған түйткілдер

 


 

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, геогра­фия ғылымының докторы, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің «География және экология ғылыми-әдістемелік орталығының» меңгерушісі Бейсенова Әлия Сәрсенқызы ұстаздық қызметте жүріп география және экология ғылымдарын дамытуға белсене атсалысып келе жатқан еліміз бен шетелдерге кеңінен танымал ғалым. Ол жарты ғасырдан астам уақыт бойы Қазақстан табиғатын жүйелі түрде зерттеумен қатар, еліміздің табиғатының зерттелу тарихы мен оны зерттеушілер жайлы қомақты ғылыми деректемелік қор жинап, әрі көптеген іргелі еңбектер жазды. Осы тақырыпта кандидаттық (Мәскеу, 1967) пен докторлық (Баку, 1984) диссер­тацияларын қорғаған және «Қазақстан табиғатын қорғау» (1979), «Қазақстанды физикалық-географиялық тұрғыда зерттеу» (1982), «Алғашқы зерттеушілер» (1987), «Қазақстан табиғатын зерттеу және физикалық-географиялық идеялардың дамуы» (1989), «Қазақстандағы география­лық зерттеулердің тарихи негізі» (2001), «Қазақстан табиғатының зерттелуі» (2011), «Динамическое развитие географии и экономики Казахстана» (2015) және «Қазақ Елі - Мәңгілік Ел» (2016) атты және т.б. монографияларын жариялаған. Оның ұзақ жылдар бойғы жинаған ғылыми-әдіс­темелік тәжірибесі мен дәйекті шығарма­шылық қызметінің нәтижесіне негізделіп жазылған жоғарыда аталынған сүбелі еңбектері өзінің өте құндылығымен және аса тартымдылығымен, тек қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-техни­калық ғылым салалары бойынша ғалым­дардың тарапынан ғана емес, сонымен қатар жоғары және орта мектеп ұстазда­рының, әрі докторанттар мен магистрант­тардың және студенттердің де үлкен қызығушылығын тудыруда.

 

Академик апайымыздың қаламынан туындаған, біз қарастырғалы отырған монография «Қазақстан табиғатының қалыптасуы мен даму тарихы» деп аталады. Ғылыми-педагогтік іске аса шынайы берілген ізденімпаздығы мен тынымсыз ерен еңбегін айқын көрсететін бұл айтулы еңбек еліміздің табиғатының қалыптасуы мен оның дамуы мәселесіне жаңаша көз­қараста қарау мен оны заманауи тұрғыдан саралауға жетелейді. Өйткені, ғалымдар арасында Қазақстанның табиғатын зерттеу, оның қалыптасу тарихы мен даму үдерісін зерделеу, сонау Шоқан заманынан бері қолға алынып келе жатқанымен, әлі де онда өз шешімін таппаған мәселелер мен ақтаңдақтар жеткілікті. Осы тұрғыда Ә.С.Бейсенованың бұл еңбегінде қазіргі Қазақстанның табиғаты мен оның құрам­дас бөліктерін және олардың өзара байланыстылығын дәстүрлі заңдылықтар көзқарасы негізінде жаңаша тұжырымдық қағидаларымен сабақтастыру арқылы тиянақты, жан-жақты сипаттау барысын­да, оның ерекшеліктері мен проблемалық мәселелері біртұтас қарастырылып және еліміз табиғатының болмысы мен дамуы зерделеніп, кешенді түрде талданған.

 

Аталмыш монография 2014 жылы жарыққа шыққан. Еңбек 472 беттен, көптеген түрлі-түсті суреттер мен карта­лардан және кең форматты геохроно­логиялық кестеден тұрады. Автор өзінің «Қазақстан табиғатының қалыптасуы мен даму тарихы» атты ғылыми еңбегіндегі материалдарын он тарауға топтастырып қарастырған. Ал ол тараулар болса, өз кезегінде жекелеген тақырыптарға бөлініп берілген. «Жердің тарихы - елдің тарихы» демекші, осы аса құнды еңбекте еліміздің табиғаты мен оның компоненттерінің қалыптасуы мен дамуы, табиғи-ресурстық әлеуетінің ұтымды пайдалануы мен табиғатты қорғау мәселелері кешенді түрде қарастырылған. Бұлар болса, логикалық тұрғыдан алғанда, республикамыздың экономикасының орнықты дамуына іргетас болып қаланатыны айдан айқын. Төменде біз академик Ә.С.Бейсенованың «Мектеп» баспасынан шыққан аталмыш моногра­фия­сында қарастырылған мәселелермен парасатты оқырман қауымды қысқа да нұсқа түрінде таныстырмақ ойдамыз.

 

Монографияның кіріспе бөлімінде табиғаттың біртұтас болмысы мен оның нысандарының даму заңдылығынан туын­дайтын ырғақтылық және басқа да географиялық қабықтағы құбылыстар мен көріністер, олардың арасындағы өзара байланыстылық мәселелері жан-жақты баяндалған. Ал оның бірінші «Қазақстан­ның физикалық-географиялық сипаттама­сы» тарауында автор еліміздің геогра­фиялық орнын сипаттауды «Қазақстанның физикалық картасына» жүгіне отырып қысқаша шолу бойынша жасаған.

 

Екінші тарауда автор «Қазақстан табиға­тының зерттелу тарихы» бойынша оны сипаттау барысында: Ежелгі заман географиясындағы қазақ жері туралы деректер; Орта ғасырлардағы география­лық деректер; Ұлы Жібек жолы және оның Қазақстан табиғаты жайлы мәліметтері; Қазақстан жерін физикалық-география­лық тұрғыдан зерттеудің классикалық кезеңі; Қазақстан жерінің жаңа дәуірдегі зерттелуі атты тақырыптары аясында олардың мазмұнын терең тарихи тұрғыда ашқан.

 

Үшінші, «Қазақ жерінің геологиялық дамуы мен палеогеографиясы және тектоникалық құрылымы» тарауында: Жердің қысқаша эволюциялық даму тарихы; Географиялық қабықтың қалып­тасуы мен даму заңдылықтары; Геология ғылымының негізгі салалары; Геологиялық жыл санау; Геохронологиялық кесте; Тектоникалық құрылымы мен оны аудан­дастыру; Пайдалы қазбалары; Жерасты сулары; Жер бедерінің қалыптасу тарихы; Ойпаттар; Жазықтар; Үстірттер; Қыраттар; Таулар тақырыптары қамтылған.

 

Оның төртінші «Қазақстанның клима­ты» тарауы бойынша: Климат құрушы факторлар және климаттық аудандастыру тақырыптарына қатысты оларды айқын­даушы факторлар жан-жақты қарасты­рылған.

 

«Қазақстанның ішкі сулары» айда­рындағы бесінші тарауында келесі тақырыптар: Өзен алаптарының қалыптасу заңдылықтары; Көл қазан шұңқырла­рының қалыптасу заңдылығы; Мұздықтар жайлы кеңінен айтылған.

 

Ал алтыншы «Топырақ, өсімдіктер мен жануарлардың таралу заңдылықтары» тарауындағы: Қазақстан топырағының даму заңдылығы; Қазақстанның қазіргі өсімдік жамылғысының қалыптасу заңды­лығы; Жануарлар дүниесінің қалыптасу заңдылығы тақырыптарында олардың құрамдары анықталып, әрі заңдылықтары зерделену арқылы баяндалған.

 

Монографияның жетінші тарауы «Қазақстанның табиғи ландшафтысының қалыптасу және таралу заңдылықтары» деп аталынып, мұнда: Жазық жер ландшаф­тысы; Таулы аймақтар ландшафтысы; Антропогендік ландшафт мәселелеріне байланысты тақырыптар ғылыми тұрғыда тиянақты сараланған.

 

Келесі сегізінші «Физикалық-геогра­фиялық аудандастыру» тарауы бойынша: Шығыс Еуропа жазығы; Тұран жазығы; Солтүстік Қазақ жазығы; Қазақтың қатпарлы аймағы (Сарыарқа); Мұғалжар (Оңтүстік Орал); Қазақстандық Алтай таулары; Жетісу (Жоңғар) Алатауы; Сауыр-Тарбағатай; Тянь-Шань атаулы тақырыптарда оларға шолу жасау бары­сында, олардың жалпы және сонымен қатар ішкі айырмашылықтары да сын тезінен өткізіліп, салыстырмалы сипатта­лынған.

 

Ендігі «Табиғатты қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану» атты тоғызыншы тарауының мазмұнында: Қазақстанның табиғатты қорғау жөніндегі заңдары; Табиғи қорлар және оларды тиімді пайдалану; Қазақстанның экология­лық мәселелері; Қазақстандағы ерекше қорғауға алынған аумақтар тақырыбын­дағы мәселелердің жігі айқындалып, ғылыми талдау арқылы сараптан өткізіледі.

 

Аталмыш монографияның соңғы «Қа­зақстан табиғатын зерттеушілердің еңбектерінде физикалық-географиялық идеялар мен тұжырымдардың дамуы» бойынша оныншы тарауы өз кезегінде: Қазақстан табиғатын зерттеудің жалпы жағдайы мен идеялардың сабақтастығы; Арал-Каспий ойпатының геологиялық, географиялық проблемалары; Тянь-Шань тау жүйелерінің орографиялық-тектоника­лық проблемалары; Физикалық-география­лық аудандастыру проблемалары тақырып­тарын талдауға арналған.

 

Ал оның қорытынды бөлімінде осы монография мазмұнындағы еліміз табиғаты­ның қалыптасып дамуы жайлы жинақталған мағлұматтарды жүйелі талдау арқылы терең тұжырым жасалынған. Осы жерде монография авторының мына тәмамдаушы сөйлемін (436-бет) сөзбе-сөз келтіруді жөн көрдік: «...Қорыта айтқанда, Қазақстанда адам әрекетінен туындаған тақыр нысандар мен жарамсыз жерлердің ауқымы кеңейе түсті - антропогендік ландшафт жүйесі қалыптасты. Қазақстан табиғатының қазіргі болмысын зерттеу, жаңалықтар ашу - болашақтың ісі», - деп, еліміз табиғатының бүгінгісіне алаңдау­шылық білдірумен қатар, келешекте ғылыми тұрғыда атқарылуға тиісті өзекті мәселелерді де меңзейді.

 

Ал монографияның соңында берілген «Географиялық терминдердің қысқаша анықтамалық сөздігі» қосымшасына келсек, оның атауындағы «қысқаша» деген сөз, өз мәнінде - көлемі жөнінен де және қамтылған терминдердің саны жағынан да сәйкес келмейді деуге болады. Өйткені, осы қосымшадағы сөздікке 15 бет шамасы (437-451 беттер) көлеміндегі парақ арнал­ған, әрі аталмыш монографияда келтірілген терминдер ұғымдарына берілген анықта­малар өте ықшам түрде жазылғанымен де, мағынасы бойынша ауқымды нұсқадағы терминологиялық анықтамалық іспеттес.

 

Пайдаланылған әдебиеттердің аса қомақты екендігін мұнда берілген 500-ге тарта оның көздерінің тізімінен көруге болады. Олардың сапында съезд, конфе­ренция және симпозиумдар материалда­рымен бірге, отандық және шетелдік ғалымдар мен саяхатшылардың еңбектері, кітаптар мен мақалалар да бар. Сонымен қатар, түрлі қоғамдық басылымдар, ғылы­ми-көпшілік әдебиеттер мен жинақтар, мерзімді баспасөз бен есептік баяндамалар материалдары, басқа да дерек көздері пайдаланылған.

 

Академик Бейсенова өз моногра­фиясын ұстазы Ақжан Жақсыбайұлы әл-Машаниге арнаған. Осы ұлы тұлғаның өмірдерегіне қысқаша тоқталсақ, соғыс жылдары еліміздің әскери өндірісін дамытуға қомақты үлес қосқан адам. Мәселен, ол Текелі және Өскемен өндіріс ошақтарын ашуға, мұндағы қорғасын-мырыш комбинатының құрылысына белсене атсалысқан. Ол жаратушы берген дарыны мен ғұламалық қабілетінің арқасында үлкен іс тындырған көрнекті табиғат зерттеушісі. Өз кезегінде Ақжан Машановтың аты тарих бетінде жер ғылымдарының жаңа саласы - «Геоме­ханика» ғылымының негізін қалаушы­лардың қатарында алтын әріппенен жазылып қалды. Ал соғыстан кейінгі кезеңде Ақжан Жақсыбайұлы Машанов «қарт КазПИ-дің» география факультетін­де мұғалім болған ғалым. Сол кезде біздің геофакта қызмет атқарған: А.Машанов. М.Өтемағанбетов, Ғ.Қоңқашпаев, М.Ярмұ­ха­медов тәрізді әйгілі ғалымдардан дәріс алған шәкірт ретінде Әлия Сәрсенқызы олардың ғылыми еңбектерін жалғастырушы және оны заман талабына сай түлетуші белгілі тұлға.

 

Ә.С.Бейсенова ғылымның қия жолын­дағы табанды да лайықты еңбектерінің арқасында көптеген орден-медальдар, құрметті марапаттар иегері атанған ғалым. Ал академик апайымыздың пайым­дауынша, олардың ішіндегі ең мәртебелісі: Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы және Шоқан Уәлиханов, Ахмет Байтұрсынов, Қаныш Сәтбаев атындағы сыйлықтар мен «Ғылым сардары» атағы болып табылады. Осы орайда, ҚР Білім және ғылым минис­трлігі тарапынан жарияланған ғылыми жобалар байқауы бойынша Ә.С.Бейсен­ованың жетекшілігімен ұсынылған көптеген іргелі ғылыми зерттеулер бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, өз кезегінде талай гранттарды ұтып алғанын айту орынды. Биылғы жылы да еліміз ғылымы дамуының «Мәңгілік ел» ғылыми негіздерінің басым бағыты бойынша, оның «Қоғамдық сананы жаңғырту мәселелерінің іргелі және қолдан­балы зерттеулері: Туған жер. Жалпы­ұлттық бірлік, бейбітшілік және келісім» аясындағы жобалар байқауы бойынша академик апайымыз ұсынған ғылыми жоба жеңімпаз атанып отыр. Ал бұл жобаның маңыздылығы сол, «Туған жер» бағдарламасын оқыту процесіне енгізу арқылы білімгерлер бойына шынайы түрде қазақстандық патриотизм, ұлттық және мемлекеттік бірегейлік пен біртектілікті сіңдіреді. Және де біздің елдің жастарына шынайы түрде дамыған елдерге тән тұлға сипатының жалпы адамгершілік ізгілік­терін, яғни олардағы тарихқа, мәдениетке, табиғатқа, жанұяға, туған өлкеге деген тұрақты ұқыптылық дәстүрлерін меңгертеді. Осы ғылыми-зерттеулерден алынған жұмыс нәтижелері жалпы білім беретін мектеп­тердегі оқытудың мазмұны мен әдістерін жаңғыртуға себепші болуы тиіс.

 

Бұл жоба өз кезегінде, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырудағы педагогикалық-психологиялық процесті белсендіріп, оқушылардың өз өлкесін тануға деген құштарлығын арттырады, осылайша мектеп оқушысының бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына маңызды жағдай жасалынады. Нәтиже­сінде осы «Туған жер» бағдарламасы аясындағы өлкетанушылық жұмыстың ауқымы кеңейе келе ол «Туған елге» ұштасып, бұл орайда ол Әлия Сәрсен­қызының монографияларының айғақты мазмұнымен үндеседі. Пікір нұсқасындағы мақаламызды қорытындылай келе айтары­мыз: жоғарыда аталынған оның ғылыми еңбектері, өзі оқып білім алған және саналы өмірін толықтай осы оқу ордасындағы ұстаздық қызметке арнаған академик Әлия Сәрсенқызының құрме­тіне лайықты тарту ретінде, туған универ­ситетіміздің торқалы 90 жылдық мерейтойы қарсаңында жеке жинақ түрінде басылым көру арқылы оқу орнымыздың білімгер­леріне ұсынылса деген ізгі тілек.

 

Осы еңбектің құндылығы жараты­лыстану бағытындағы геология ғылымының жетістіктерін талдап, Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан Республикасы­ның Ұлттық Ғылым академиясы бірінші рет Жаратылыстану ғылымдарындағы үлкен еңбегі үшін 2017 жылдың 15 желтоқсан айында академик Бейсенова Әлия Сәрсен­қы­зын академик Қ.И.Сәт­баев­тың сыйлы­ғымен марапаттады.

 

Авторлары: К.Каймулдинова,

Абай атындағы ҚазҰПУ «Жаратылыстану және география» институтының директоры г.ғ.д., профессор.

Т.Увалиев,

Елтану және туризм кафедрасының доценті, п.ғ.к.

25.01.2018 ж.

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz

 



463

Вернуться назад

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler