қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
29.11.2019

Оразалы Досбосыновқа арналған қалалық айтыс өтті

 


 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бұрынғы түлегі, айтыскер ақын Оразалы Досбосыновтың туған күніне орай жастар жылы аясында "Ақынмын сөзі жетер сан ғасырға" тақырыбында қалалық жас ақындардың айтысы ұйымдастырылды.

 

Айтыстың басты мақсаты - жастар арасында айтыс өнерін жаңғырту, Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі, айтыс өнерінің ақтаңгері Оразалы Досбосыновтың мұрасын насихаттау.

 

Өнер додасына Алматы қаласының бес іргелі жоғары оқу орыннан жиырмадан астам үміткер қатысып, бақтарын сынасты.

 

Ақындардың өнерін әділ бағалау үшін ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман; айтыскер ақын, Қазақстанның мәдениет қайраткері Серік Қалиев; айтыскер ақын, Қазақстанның мәдениет қайраткері Аслан Ғафуров; «Балдырған» журналының бас редакторы, Оразалы Досбосыновтың ұстазы Дүйсен Мүсірәлі; айтыскер ақын, Қазақ радиосы, Алматы студиясының директоры Бақыт Жағыпар; университетіміздің профессоры, айтыс зерттеушісі Темірхан Тебегенов қазылық етті.

 

Шара аясында университет ректоры Такир Балықбаев және айтыстың тәуелсіз төрешісі Жүрсін Ерман Оразалы Досбосыновтың 13 айтысы жинақталған «Құлмамбеттің құлыны» атты айтыстар жинағының тұсауын кесті.

 

Ақтық кезеңнің қорытындысы бойынша: Абай атындағы Қазақа ұлттық педагогикалық университетінің студенті Қазыбек Жеңісхан «Оразалы Досбосынов» арнайы сыйлығына ие болып, 30 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық және университет ректорының грамотасымен марапатталды. Үшінші жүлделі орын алған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универсиетітінің студенті Бекжан Базарбекке 50 000 теңге ақшалай сыйлық және арнайы диплом табысталды. Абай атындағы Қазақа ұлттық педагогикалық университетінің студенті Нұрданбек Жасар екінші қатардан көрініп, 100 000 теңге ақшалай сыйлық мен арнайы дипломды иеленді. Жүлделі бірінші орынған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетітінің студенті Жауынбаев Нұрбол лайық саналып, 150 000 теңге ақшалай сыйлық пен арнайы диплом берілді. Абай атындағы Қазақа ұлттық педагогикалық университетінің студенті Жәміли Айбын Бас жүлдені қанжығасына байлап, 200 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық және арнайы дипломмен марапатталды.

 

Шара соңында университет ректоры Такир Балықбаев барлық жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтап, барша ұйымдастырушыларға алғыс білдірді және бұл айтыстың алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын табатындығын айрықша атап айтты.

 

Тағы бір айта кететін жайт, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде айтыс өнерін жастар арасында кеңінен насихаттау, қазақ халқының көне мұрасын жаңғырту мақсатында жыл сайын «Менің пірім - Сүйінбай» атты республикалық жас ақындар айтысын ұйымдастыру дәстүрге айналған. Қара шаңырақтың 90 жылдық мерейтойы аясында 2019 жылдың ақпаны айында университет жанынан «Оразалы Досбосынов» атындағы жас айтыс ақындар орталығы ашылып, жас ақындар толқынын тәрбиелеу ісіне өзіндік үлесін қосуда.

 

Ақынның атына арналған қалалық айтыста білім ордамыздың атынан қатысып, жүлделерге ие болған жас ақындарымыз «Оразалы Досбосынов» орталығының өнерпаздары. Алдағы уақытта айтыс өнерін насихаттауға өзіндік үлестерін қосатын суырып салма өнер өкілдерінің саны арта түсетініне сеніміміз мол.

 

 

Авторы: Қазына Бекбенбетова,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің

тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты

жөніндегі департамент директорының орынбасары

29.11.2019 ж.

Ақпарат көзі: kazgazeta.kz

 



72

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler