қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
29.11.2019

Ақынмын сөзі жетер сан ғасырға...

 


 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бұрынғы түлегі, айтыскер ақын Оразалы Досбосыновтың туған күніне орай жастар жылы аясында "Ақынмын сөзі жетер сан ғасырға" тақырыбында қалалық жас ақындардың айтысы ұйымдастырылды. Өнер додасына оңтүстік астанада орналасқан бес іргелі жоғары оқу орыннан жиырмадан астам үміткер қатысып, бақтарын сынады, - деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

 

Ақындардың өнерін әділ бағалау үшін ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман; айтыскер ақын, Қазақстанның мәдениет қайраткері Серік Қалиев; айтыскер ақын, Қазақстанның мәдениет қайраткері Аслан Ғафуров; «Балдырған» журналының бас редакторы, Оразалы Досбосыновтың ұстазы Дүйсен Мүсірәлі; айтыскер ақын, Қазақ радиосы, Алматы студиясының директоры Бақыт Жағыпар; университетіміздің профессоры, айтыс зерттеушісі Темірхан Тебегенов қазылық етті.

 

Шара аясында университет ректоры Такир Балықбаев және айтыстың тәуелсіз төрешісі Жүрсін Ерман Оразалы Досбосыновтың 13 айтысы жинақталған «Құлмамбеттің құлыны» атты айтыстар жинағының тұсауын кесті.

 

Ақтық кезеңнің қорытындысы бойынша: университетіміздің студенті Қазыбек Жеңісхан «Оразалы Досбосынов» арнайы сыйлығына ие болып, 30 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық және университет ректорының грамотасымен марапатталды. Үшінші жүлделі орын алған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универсиетітінің студенті Бекжан Базарбекке 50 000 теңге ақшалай сыйлық және арнайы диплом табысталды.

 

Универсиетіміздің студенті Нұрданбек Жасар екінші қатардан көрініп, 100 000 теңге ақшалай сыйлық мен арнайы дипломды иеленді. Жүлделі бірінші орынған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетітінің студенті Жауынбаев Нұрбол лайық саналып, 150 000 теңге ақшалай сыйлық пен арнайы диплом берілді. Университетіміздің студенті Жәміли Айбын Бас жүлдені қанжығасына байлап, 200 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық және арнайы дипломмен марапатталды.

 

Одан бөлек, университетіміздің студенті Қайсарбек Айдана меценат, айтыс жанашыры Таңат Кемелханның арнайы жүлдесіне ие болды. Сонымен қатар, «Балдырған» журналының бас редакторы, Оразалы Досбосыновтың ұстазы Дүйсен Мүсірәлі университетіміздің студенті, екінші орны иегері Нұрданбек Жасарға арнайы сыйлық ретінде Тұманбай Молдағалиев шығармаларының 25 томдық жинағын тарту етті.

 

Шара соңында университет ректоры Такир Балықбаев барлық жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтап, барша ұйымдастырушыларға алғыс білдірді және бұл айтыстың алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын табатындығын айрықша атап айтты.

 

Ескертетін бір жайт, білім ордамыздың атынан айтысқа қатысып, жүлделерге ие болған жас ақындарымыз былтырғы жылы университет жанынан ашылған «Оразалы Досбосынов» атындағы жас айтыс ақындар орталығында даярланған болатын. Айтыс өнерін жаңғыртуға өзіндік үлес қосып жүрген суырып салма өнер өкілдерінің саны арта беруіне тілектеспіз.

 

Авторы: Қазына Бекбенбетова,

Уинверситеттің тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты

жөніндегі департамент директорының орынбасары

29.11.2019 ж.

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz



105

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler