қазақша · русский · english
 
 
 
Өткізілген іс-шаралар
31.03.2017

«Қазіргі қоғамдағы дін болмысының философиялық және әлеуметтік-гуманитарлық мәселелері» атты конференция 

               2017 жылдың 28 наурызында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық Комиссиясы, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен философия ғылымдарының докторы, профессор, ХЖМ ҒА және ҚӘҒА академигі Қ.Ш.Шүлембаевты еске алуға арналған «Қазіргі қоғамдағы дін болмысының философиялық және әлеуметтік-гуманитарлық мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысын ғылыми ісі жөніндегі проректор  Косов Н.В ашып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

         Отандық ғылым мен білімді дамытуға зор үлес қосқан ғалымды еске алуға арналған конференция жұмысына атақты философ ғалым, академик Әбдімәлік Нысанбайұлы бастаған ғалымның шәкірті, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы А.В. Никифоров,  профессор Ж.Ж. Молдабеков сынды отандық ғалымдар мен алыс-жақын елдерден белгілі философ ғылымдар қатысты. Басқосуға жиналған зиялы қауым ғалымның өмір жолы мен ғылыми еңбектері жайлы тың деректерді ортаға салды. 

          Конференцияның құрметті қонағы ретінде Қ.Ш.Шүлембаевтың зайыбы Ахметова Манура Мергалиевна, ұлы Азат Қатыршатұлы, інісі Амангелді Апушев қатысып,  Қатыршат Шапағатұлының азаматтық қырларын айтып, отбасылық естеліктермен бөлісті.

       Қадыршат Шүлембаевтің шәкірті, философия ғылымдарының докторы, профессор  Дәуренбек Өмірбекұлы Құсайынов көпшілік назарына ұстазы туралы «Өнегелі өмір өрнектері» атты деректі фильм ұсынды.

           Конференцияның практикалық бөлімінде  профессор  Қ.Ш. Шүлембаевтың шығармашылығындағы діни-философиялық өзекті мәселелер, 21 ғасырдағы діннің қоғамдағы мәдени-философиялық, саяси-әлеуметтік және құқықтық заңнамалық мәні, Қазақстандағы конфессияаралық диалог пен дінаралық келісім  тақырыптары төңірегінде мазмұнды баяндамалар жасалып, ғылыми ой-тұжырымдар айтылды.

             Осынау ауқымды ғылыми конференция нәтижесінде арнайы резолюция қабылданып, профессор Қ.Ш. Шүлембаевтың 20 ғасырдың екінші жартысында жарық көрген «Маги, Боги и действительность» және де «Образ  жизни и религия» атты ғылыми басылымдары қазақ тіліне аударылып, ғылыми айналымға түсіп, кең таралу қажеттілігі тілге тиек етілді.


Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар
және жастар саясаты басқармасы




Кері оралу

 
 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler