қазақша · русский · english
 
 
 
 Есенова Қалбике Өмірбайқызы
Кафедра меңгерушісі
Филология ғылымдарының докторы, профессор
Достық даңғылы, 13
 8-707-234-89-15
kalbike_65@mail.ru

 

Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы қазақ білімінің қара шаңырағы, 1928 жылы ашылған тұңғыш жоғары оқу орны - Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының лингвистика-педагогика бөлімінен бастау алды.


Кафедраның негізін қазақ тіл білімі мен қазақ әдебиеті саласында еңбек еткен ірі тұлғалар, көрнекті ғалымдар қалады. Алғашқы кезеңде кафедраны қазақтың бір туар азаматтары А.Байтұрсынұлы (1928-1929 жж.) мен Қ.Жұбанов (1932-1937 жж.) басқарды.


1937 жылы қазақ тілі мен қазақ әдебиеті кафедралары өз алдына жеке кафедра болып бөлінді. Қазақ тілі кафедрасын Сәрсен Аманжолов (1937-1941 жж., 1943-1958жж.), Дәулетияр Әлімжанов (1961-1971жж.), Ғабдолла Қалиев (1958-1961 жж., 1972-1973 жж.), Жамал Болатов (1977-1978 жж.), Фатима Мұсабекова (1979-1988 жж.), Сейілбек Исаев (1988-1989 жж.), Нұржамал Оралбаева (1989-1997 жж.), Фаузия Оразбаева (1997-2014 жж.) Жанат Дәулетбекова (2014-2018 жж) басқарып, кафедраның тіл білімі мен әдістеме ғылымының қара шаңырағына айналуына ат салысты. 2018 жылдан бастап филология ғылымдарының докторы, профессор Қалбике Есенова басшылық етті.


Қазақ әдебиеті кафедрасының алғашқы меңгерушісі қызметін Мұхамеджан Қаратаев (1937 ж.) атқарды. Кейінгі кезеңдерде кафедраны Қажым Жұмалиев (1938-1951 ж.ж., 1957-1968 ж.ж.), Серік Қирабаев (1969-1989 жж.), Нығмет Ғабдуллин (1990-1997 жж.), Балтабай Әбдіғазиұлы (1997-2008 жж.), Темірхан Тебегенов (2008-2015 жж.) басқарды.


2015 жылы қазақ тілі теориясы мен әдістемесі және қазақ әдебиеті кафедралары қайта бірікті. Кафедра меңгерушісі болып педагогика ғылымдарының докторы, доцент Жанат Дәулетбекова тағайындалды.


Казақтілі мен әдебиеті кафедрасы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ең байырғы және филолог-педагог маман дайындайтын іргелі ұжымның бірі.


88 жылдық бай тарихы бар кафедрада Ахмет Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Сәкен Сейфуллин, Саттар Ерубаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Хамза Есенжанов, Телжан Шонанов, Сәрсен Аманжолов, Ісмет Кеңесбаев, Ахмеди Ысқақов сынды ұлы тұлғалармен қатар қазақ тіл білімінің қабырғалы қайраткерлері Е. Исмайылов, М. Қаратаев, Б. Шалабаев, Ә. Есмәмбетов, Д.Әбілов, Қ.Жармағанбетов, Т.Нұртазин, М.Хасенов, Ш.Кәрібаев, А.Тоқпанов, Т.Әбдірахманов, М.Сәрсекеев, Х. Әдібаев, Р.Рүстембекова, М. Мырзахметов, М.Мағауин, С.Мақпырұлы, Н.Келімбетов, Ө.Тыныбаева, Т.Сыдықов, Ғ.Қалиев, М. Жолдыбаев, Ө.Тұрманжанов Д,Әлімжанов, А.Әбілақов, Н.Оралбаева, Қ.Қасабекова және т.б. қызмет атқарып, республиканың білім мен ғылым саласында білікті мамандар даярлауға өлшеусіз үлес қосты. Олардың ерен еңбектері нәтижесінде филология факультетінде білім алған түлектердің ішінен көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлері, атақты ақын-жазушылар, әдебиетші, тілші ғалымдар шықты.


2018-2019 оқу жылында қазақ тілі теориясы мен әдістемесі, Серік Қирабаев атындағы қазақ әдебиеті және практикалык тілдер кафедралары біріктіріліп, С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы құрылып, кафедра меңгерушісі ф.ғ.д., профессор Қалбике Есенова тағайындалды.


Бүгінгі таңда кафедра ұжымы аға буын негізін қалаған ғылыми, оқу-әдістемелік жұмыстарды абыроймен жалғастырып келеді. Қазіргі кезде кафедра құрамында 14 ғылым докторы, 22 ғылым кандидаты, 2 PhD, 4 магистр, 5 аға оқытушы еңбек етеді.


Кафедра 5В011700 - «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100 - «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті», 5В021400 - «Әдебиеттану», 5B20500 - «Филология» мамандықтарының бакалавриат, магистратура және докторантура сатылары бойынша кәсіби маман даярлау бағытында республика бойынша көшбасшы кафедра болып саналады. Кафедра жұмысы үш бағытта жүргізіледі: ғылыми-теориялық, ғылыми-әдістемелік,оқу-тәрбиелік.


Кафедра оқытушылары - ҚР БжҒМ бекіткен жалпы білім беретін орта мектептер мен арнаулы орта, жоғары оқу орындарына арналған білім стандарттарының, типтік оқу бағдарламалары мен оқулықтардың, оқу құралдарының авторлары.


Кафедрадағы профессор-оқытушылар құрамының жетекшілігімен филология, педагогика (қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесі) ғылым салалары бойынша диплом жұмыстары, магистрлік және докторлық диссертациялар қорғалады.


Кафедра жанындағы «Тағылым» ғылыми-танымдық клубы, «Тіл-таным» атты ғылыми танымдық тіл үйірмесі, Сәкен Сейфуллин атындағы әдеби шығармашылық өнер бірлестігі, Қажым Жұмалиев атындағы ғылыми үйірме студенттердің, магистранттардың, PhD докторанттардың сапалы маман ретінде даярлануына, кәсіби-тұлғалық дамуына қызмет етеді.


Кафедра ұжымы Тәуелсіз Қазақ Елінің жаңа тарихындағы оқыту мен ғылыми-зерттеу, тәлім-тәрбие жұмыстарының кешенді, сапалы орындалуы жолындағы жемісті еңбектерін жалғастыра береді

3572
 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler