қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / Жаңалықтар
10.09.2019

Студенттерді академиялық адалдыққа  шақырды

 

  

 

9 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Sanaly urpaq» республикалық кеңесінің жетекшісі Қайыржан Тоқышев Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 1 курс студенттерімен кездесіп, академиялық адалдық туралы әңгіме өткізді. Ол алдымен бірінші курсқа оқуға түскен жастарды студент атануымен құттықтап, «Sanaly urpaq» жобасының басты мақсаты студент-жастарды парасаттылыққа, адалдыққа тәрбиелеу екенін ерекше атап өтті.

 

«Келешекте біздің қоғамымызда «жемқорлық», «парақорлық» деген терминдар мүлде ығыстырылып шығарылуы керек. Қоғам мүддесі әрбір азаматтың жеке басының мүддесінен жоғары тұруы керек. Адалдық - нағыз парасаттылық. Ол алдымен отбасына деген сүйіспеншіліктен басталып, келе-келе Отанға деген махаббатқа, патриоттық сезімге ұласады. Сондықтан біздің жастарымыз парасаттылық ортасын құру үшін адалдыққа, білімге, тәрбиеге бой ұрып, нашақорлық, бейәдептілік, өтірікшілік, парақорлық, жемқорлық сияқты жат әдеттерден аулақ болуы, этика мен эстетика, әдеп тәрбиесімен сусындауы қажет. Ал оны үйрететін «Sanaly urpaq» клубтары болуы тиіс. Өз қаласында да, оқып жүрген оқу орнында да тазалық сақтау, қоғам мүлкіне өз мүлкіндей қарау да парасаттылықтың бір көрінісі», деді Қайыржан Тоқышев.

 

Хакім Абай айтқан «бес нәрседен қашық болып, бес нәрсеге асық болуды» үндеген Қайыржан Тоқышев ең алдымен университетте «Sanaly urpaq» клубының жұмысын жандандыру үшін оқу орнының әрбір институты мен факультетінде оның бөлімшелерін құру, студенттер арасындағы «Парасаттылық мектебінің» жұмысын белсендіру, жалпы оқу орны бойынша «Парасаттылық ортасын» қалыптастыру қажеттілігін атап көрсетті.

 

Кездесу барысында университеттің Академиялық мәселелер жөніндегі департаменттің директоры Хайрулла Жанбеков бірінші курс студенттерін оқу орнының «Академиялық адалдық» Кодексімен таныстырды.

 

Кездесуді жүргізген және қорытындылаған университеттің бірінші проректоры Мақтағали Бектемесов «Sanaly urpaq» республикалық кеңсесінің жетекшісі Қайыржан Тоқышевқа алғыс айтып, студенттерді академиялық адалдық кодексінің талаптарын орындап, парасатты орта қалыптастыруға шақырды.

 

   

 

   

 

  

 

Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім



406

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler