қазақша · русский · english
 
 
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
04.04.2019

Біз үлгі тұтар дара ұстаз еді

 

Қазақстан педагогикасының, дидактика саласының негізін салушы ғалым, педагогика ғылымының докторы, профессор Талғат Сабыржанұлы Сабыров туралы бір үзік сыр


Ет жүректі, есті пендені алды-артына қаратпай дедектетіп, тасқын судай тоқтамай, зулаған заман-ай! Жақсыны да, жаманды да жетелеп, жеткен жерінде қалдырып кетіп бара жатқан өмір керуенінің әр көшінің жүгі өзінше екен. Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны, қарашаңырақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне былтыр 90 жыл толса, 1990 жылдан бастап қазақтың қара шаңырағын білімімен де, кәсіби білігімен де көтерген, әрбір уығын мәпелеп қадаған, «Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының тұңғыш меңгерушісі, кең жүректі адамгершілігі мен туабіткен бітім-болмысы ерекше, ойлы да сабырлы кескін-келбетімен де ешкімге де ұқсамайтын педагогика ғылымының докторы, профессор Талғат Сабыржанұлы Сабыров биыл 5-сәуірде 90 жасқа толар еді.

 

Қазақстан педагогикасының, дидактика саласының негізін салушы ғалым, педагогика ғылымының докторы, профессор Талғат Сабыржанұлы Сабыров тағылымы мол, ұлағатты ұстаз еді. Ол - өткен ғасырлардағы ұлы ағартушы тұлғалардың ғибратын бойына сіңірген, рухын тербеген, тағылымын тәрбие бесігіне айналдырды. Сондықтан Тәкеңнің тектілігі мен терең білімділігін тану үшін де зерек, үлпершектей сезім керек.

 

Т.Сабыров - парасатты, байсалды ғалым, қабілетті ұйымдас­тырушы, дарынды ұстаз, өте қарапайым, кішіпейіл, адам баласына үлкен, кіші демей жақын тұтатын, жылы шырайлы бала мінезді адам. Қағілез қасиеті онымен қызметтес, әріптес болғандардың бәрінің көкірегінде, көңілінде сайрап тұр.

 

Асқар таудың биіктігінің қадірі алыстаған сайын білінеді, өйткені оның күн сүйген шыңдары алыстан айқынырақ көрінеді. Алып таудың бүкіл бітім-тұлғасы алыстан тым әдемі де, айқын танылады. Әрине, бұл менің ашқан жаңалығым емес. Санасында саңылауы бар адамзат баласы танып білген ақиқат. Сол тау тұлғалы азамат туған жерінің қасиетті топырағынан жаратылып, өнегелі өмір сүрген, ешкімге емінбей, жалпақтамай, жалтақтамай, адал еңбегімен еліне танылған, ер-азаматқа лайық қылығымен, қызметімен «Ұстаз» атты ұлы есімге лайық өмір сүрген. Сіздің елден ерекше бітім-болмысыңыздан талай әріптесіңіз, қызметтестеріңіз, шәкірттеріңіз сая таптық. Мырза жүзіңізден, нұрлы жанарыңыздан жылу алдық, өзіңізге ғана тән даусыңыздан қуат алып, бар қиындықты бірге жеңіп, сіздің шарапатыңыздан ғылым жолында нәр алып, жетілдік.

 

Талғат Сабыржанұлы Сабыровтың азаматтығы мен адамгершілігі, ғылым жолындағы тазалығы бен парасаттылығы, қарапайымдылығы, ғылыми тұжырымдары кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Ұстазымыз тек өз мамандығының ғана адамы емес, бүкіл ғылым атаулының досы, қорғаушысы, білгірі болды. Бұл өмірден адам болып өтудің үлгісін көрсеткен, артына жақсы іс, өнегелі із қалдырған, әріптестері мен шәкірттері үшін үлгі тұтар дара тұлға, дана ұстаз еді. Ол ғылым мен білімге шын ғалым ретінде жауапкершілік пен үлкен парасат тұрғысынан қарайтын. Қашан да басқа ғалымдардың соқпақ-сүрлеуіне түспей, өзіндік, педагогикалық тұрғыдан жол табуға құштар-тын. Қашан да оның шығармашылықпен жұмыс жүргізіп жүретінінің куәсі болатынбыз. Ғылым жолындағы адамдардың тек мамандығы бойынша ғана емес, көркем, тарихи, танымдық әдебиеттерді оқу арқылы рухани азық, тәрбие алатынына баса назар аударатын еді. Шынында да, рухани ұстазымның айтқанын ой елегінен өткізіп көрсем, ақиқат екен.

 

Талғат Сабыржанұлының ғылыми интеллектуалдық деңгейі өте жоғары, шағын ғана бойына асыл қасиеттерді сіңірген, жүріс-тұрысынан кісілікті, сөйлеген сөзінен бекзаттықты, істеген ісінен өнегелілікті көретінбіз. Қазіргі технология, ақпараттандыру, ғаламдану және интеграция ғасырында білім мен ғылым мәселелері туралы да келелі ой қозғаған, Қазақстан педагогтарының арасынан шыққан тұңғыш дидактик-ғалым еді. Оған дәлел, дидактикадан туындатып жазған «Болашақ мұғалімдердің дидактикалық дайындығын жетілдіру» (1999), «Оқушылардың оқу белсенділігін арттыру жолдары» (1978), «Дидактика - оқыту туралы ілім» (1983) т.б. еңбектері дәлел. Қай еңбегін алсаң да, тәрбиені оқытумен біртұтас дидактикалық негізде қарастырды. Тәрбие бағдарларын салаларына арнап бірнеше кітаптар жазды. Мысалы, «Ақыл-ой тәрбиесі» (1973), «Адамгершілік тәрбиесі» (1979), «Еңбек тәрбиесі» (1982), т.б. «Еңбек тәрбиесі - тәрбие негізі» дей отырып, тәрбиенің басқа түрлерін, оның құрамдас бөлігі ретінде қарастырды. Ол оқыту мен тәрбиенің барлық саласын - тәрбие теориясы мен әдістемесі негізінде қарастырады. Оның ат қойып, айдар тағу ерекшелігі педагогиканың тұтастығын дәлелдеп тұрғандай сезінетін едік. Мысалы, «Атеистік тәрбие - азаматтардың діни сенім бостандығының құқығы», «Адамгершілік тәрбиесі - тұлғаның қалыптасуының кепілі», «Эстетикалық тәрбие - өнердің құралы», «Дене тәрбиесі - дене бітімінің құралы», т.б.

 

Қазақстанда жоғары білім беру 90-жылдары өте қиын жағдайда дамыды. Жоғары мектеп саласында жағымды және жағымсыз үрдістер қатар жүріп отырды. Атап айтқанда, жоғары білім туралы заңдар жасалынды, білім беру жүйесінде көптеген «оңтайландыру» жаппай етек алды, материалдық-техникалық базалар әбден ескірді, кәсіби білікті педагогтардың көбі білім беру саласынан кетті, университет мамандықтары бойынша оқытудың 5 жылдық мерзімі жойылып, бакалавриат пен магистратура, докторантура енгізілді. Осы тұста Талғат Сабыржанұлы «Бастауыш мектеп педагогикасы» кафедрасын жоғары деңгейде басқарып, білікті де кәсіби маман даярлауда үлкен еңбек сіңірді.

 

Профессор Т.Сабыровтың жетекшілігімен 2 докторлық, 30-дан астам кандидаттық диссертация қорғалды. Ол тәрбиелеп, басшылық еткен көптеген мамандар - бүгінде республикамыздың білім және ғылым салаларында ғылым кандидаттары, кафедра меңгерушілері, доценттер, профессорлар. Атап айтқанда, олар: педагогика ғылымының докторы, профессор Роза Бекмағамбетова, п.ғ.д., профессор Ботагүл Тұрғынбаева, п.ғ.к., профессор Тұрархан Жүндібаева, п.ғ.к., профессор Олжабек Сатқанов, п.ғ.к., профессор Сембай Каңтарбаев, п.ғ.к., профессор Хапиза Наубаева, п.ғ.к., доцент Торғай Қоқымбаева, п.ғ.к., профессор Елена Байзақова.

 

Аяулы Талғат Сабыржанұлы кісілігі мол, жаны жомарт, мінезі сыпайы, жолдас-жораларына, әріптестеріне сыйлы, адал, аса кішіпейіл, жаратылысынан нағыз ұстаз болып туған кісі еді. Кемеңгер бабамыз Жүсіп Баласағұн: «Адамдар сирек емес, бірақ сирек кісілік. Кісіліктің қадірін біл түсініп» дегендей, Талғат Сабыржанұлы нағыз кісілік пен парасаттың иесі еді. Қазақстанда педагогика ғылымының дамуына үлкен үлес қосқан, көптеген ғылыми кадрлар даярлаған ірі тұлға. Талғат Сабыржанұлының артына қалдырған мұралары терең зерттеулерді қажет етеді.

 

 

Авторы: Ұ.ҚЫЯҚБАЕВА,

Абай атындағы ҚазҰПУ Педагогика және психология институты

Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к., профессор.

04.04.2019 ж.

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz

 



191

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler