қазақша · русский · english
 
 
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
04.04.2019

Тұлғатанудың жаңа методологиясын жасаумыз керек

 


 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Тұлғатанудың ғылыми негіздері: бүгіні мен болашағы» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелді ұйымдастырған - университеттің «Ұлы дала тұлғалары» орталығы. Жиында «Тұлғатану» атты пән болашақта оқу бағдарламаларына енгізіліп, тәрбие жұмысына негіз болу қажеттігі айтылды. Оны зерттеу мәселелеріне жан-жақты тоқталды.

 

- Тұлғатануды зерттеушілер тарихшылар болуы керек. Өйткені, оларда бірізділік бар. Бір ғана тұлғаны барлық сала қырынан тануға болады, әрине. Ал, осылардың барлығын жинастырса, бір салаға қалыптаса ма, жоқ па, қазіргі мәселе осы. Тұлғаны тану айналып келгенде, бүгінгі тәрбие жұмысына негіз болуы керек, - деді дөңгелек үстелдің кіріспе сөзін бастаған, модератор, ҚР ҰҒА Академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Көпжасар Нәрібаев.

 

- Біз тұлғаларды танытуды о баста Маркстік методологиямен жаздық. Біздің тарих таптар күресін басты қағида етіп, бай мен кедейді салыстырып қойған. Осының кесірінен көптеген мәселелер шешілмей қалған. Осы мәселені шешуде Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары ұлы тұлғаларды жаңа қырынан тануға себепкер болуда. Біздің тарихшыларға қарағанда, Ресейдің тарихшылары жоғары тұр. Өйткені, олар таптар күресін «История - деятельность человека» деген тұрғыдан қараған. Міне, мәселе қайда жатыр? Тұлғатанудың басын әлі ашқан жоқпыз. Ол үшін алдымен методологияны дұрыстауымыз керек. Өз методологиямызды шығаруымыз керек. «Тұлғатану» деген пән енгізуіміз керек. Мысалы, Т. Рысқұлов Ә. Бөкейхановтан кем емес. Ол заманда қыспаққа алыну деген болған. Көп нәрсе айтылмай қалған. Жасап отырған ерліктері мен қайраткерлігі бірдей, - деді тарих ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерін зерттеу бойынша Республикалық ғылыми орталығының жетекшісі Талас Омарбеков.

 

Одан кейін сөз алған ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталағының жетекшісі Хангелді Әбжанов тұлғатанудың тарихына тоқтала келе: «Тарихты үш нәрсе жасайды, ол: халық, тұлғалар, билік. Тарихтың негізін құрайтын нәрсе: жер, тіл, мемлекет. Мемлекеті бар елдің тарихы жүйеленеді. «Басты мәселе - азаттық пен ағатушылық» деген сол кезде Шоқан Уәлиханов. Ал, сол заманда еркіндік болған жоқ. Мысалы, бір заманда туылған Мұстафа Шоқай мен Әлихан Бөкейхановтың жазғандарын салыстырып оқыңыз. М. Шоқайдың азат елде жазғаны дәлме-дәл келіп отыр. Мұстафаны әлі зерттей алғанымыз жоқ. Мұстафа Шоқай сол заманда Мұхтар Әуезовты бейшара, Әлімхан Ермековті байғұс деген. Неге? Ол кездегі идеология қазақтың белгілі азаматтарын жою, қуғын-сүргінге ұшырату, ату болған. Ол біраз ғалымдарды, белгігілі тұлғалармызыды осылай қорғап қалған. Ол жек көргендік емес, солар аман болсын деген оймен жазған болатын. Санжар Асфендияровты да, Темірбек Жүргеновті де осылай қоғап қалған бірден -бір тұлға. Қоғамға сондай сана қалыптастырған.

 

Тұлғатану ілімін мен төрт деңгейге бөлер едім. Біріншісі, әлемге танылған тұлғалар, (әлемдік деңгей), оның ішінде қаншама еленбей келе жатқан тұлғалар бар; екіншісі, құрлықтың деңгейіндегі тұлғалар, үшіншісі, өңірлік деңгейдегі тұлғалар, яғни, Орта Азияға танымал тұлғалар; төртіншісі, Ұлттық деңгейдегі тұлғалар. Оған сәйкес пән ретінде оқытылатын методологиялық бағыт болуы керек. Расында да, біз тұлғаларды Кеңестік методология бойынша танып келеміз, оны әлі тастай алған жоқпыз. Ұлттық деңгейде көтере алған жоқпыз. Еліміз мұнаймен де басқамен де байымайды. Елімізді дамытатын ғылым. Еліміз ғылым арқылы дамитын жолға көшті», деді.

 

Сондай-ақ, ғалымдар көне дәуірде біз білмейтін тұлғалардың сан қырына тоқталды.

 

Шара барысында филология ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ «Ұлы дала тұлғалары» ғылыми-зерттеу орталығының Бас ғылыми қызметкері Т. Тебегенов, саяси ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ «Ұлы дала тұлғалары» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Г.Нұрымбетова, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Халықтану және тарихи тұлғатану мәселелері» бөлімінің меңгерушісі - тарих ғылымдарының докторы А. Құдайбергенова, Атай атындағы ҚазҰПУ академик Т. Садықов атындағы «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі - тарих ғылымдарының докторы Жангуттин Бауыржан Олжабайұлы тұшымды ойларын ортаға салды.

 

Жиын­ға оқытушылар мен аталмыш оқу орнының филология, тарих, өнер факультеттерінің студенттері қатысты. Жиын соңында ғалымдардың өзара жарыссөзі ұйымдастырылды.

 

 

Авторы: Әсел Назаралы,
«Ұлы дала тұлғалары»
орталығының жетекші ғылыми қызметкері

04.04.2019 ж.

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz

 



44

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler