қазақша · русский · english
 
 
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
08.04.2019

90 жылдық тарихы бар білім ордасының 500 түлегі бас қосты

 


 

«Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан тусын» деп дана халқымыз айтқандай, қай заманда болмасын халқымыз өзінің дарынды ұрпақтарын құрметтеп оларды келешек ұрпаққа үлгі еткен. Өйткені халықтың ұлылығын, кең пейілділігін барша әлемге паш ететін сол өзінен туған дарынды жандар екені сөзсіз. Қай заманда болмасын бұл үрдіс жалғасын тауып келеді.

 

Қазақ білімінің қара шаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне ректор болып келген күннен бастап Такир Оспанұлы Балықбаев осы дәстүрді қолға алып, қара шаңырақ білім ордасының абыройын одан әрі асқақтау үшін тұңғыш рет университетімізде Түлектер қауымдастығын құрған болатын. Университеттің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында 500 түлектің қатысуымен тұңғыш рет форум өткізілген болатын. Бұл үрдіс бүгінде заңды жалғасын тауып келеді. Жаңа құрылған қауымдастықтың басты мақсаты университет пен оның түлектері арасында өзара ұтымды қарым-қатынас орнату, оқу орнында өткізілетін іс-шараларды қолдау, сонымен бірге бүгінгі студент-жастарға тұлғалық тәрбие беру болып табылады. Бұл қауымдастық құрылғалы бері оның атқарушы директоры Нұрбатыров Болатбек Боданұлының ұйымдастыруымен көптеген іс-шаралар жүзеге асырылды. Атап айтар болсақ, біздің университетімізді бітірген, бүгінде түрлі салада өзіндік қолтаңбасын қалдырып жүрген түлектермен кездесулер, спорттық жарыстар, танымдық дәрістер, кештер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Аталған мазмұнды шаралар студенттеріміздің алдыңғы лек ағаларына қарап бой түзеп, тұлға болып қалыптасуына, өздері білім алып жүрген алтын ұяларын мақтан тұтуына көмегін тигізетіні де сөзсіз. Белгілі Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметовпен болған кездесудің маңызы зор болды.

 

Елімізде және шетелдік сахналарда өзінің еңбектерін жоғары деңгейде көрсетіп жүрген дизайнер Құралай Нұрқаділовамен кездесуде ол өз кәсібі туралы айта келіп, университеке жан-жақты көмек беретінін, бірлесіп жұмыс істеуге, талапкерлерді тартуға, түлектерді жұмысқа орналастыруға ықпал ететінін айтқан болатын.

 

Үстіміздегі жылы университет құрамындағы «Өнер, мәдениет және спорт институтының» құрылғанына 50 жыл толғалы отыр. Осы жарты ғасырлық тарихында ол еліміздің мектептері мен жоғары оқу орындары үшін 100 деген сурет және сызу пәндерінің мұғалімдерін, өнер саласының ғалымдарын, кәсіби суретшілер мен мүсіншілер даярлап шығарды. Қазіргі таңда елімізге және шетелдерге кеңінен танымал болып жүрген көрнекті өнер қайтаркерлері осы оқу орнының түлектері. Институттың (факультеттің) мерейтойына орай жуырда ғана Түлектер қауымдастығының атқарушы директоры Болатбек Боданұлының ұйымдастыруымен Түлектермен кездесу болып өтті. Бұл кездесу Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Өнер, мәдениет және спорт институтының 50 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізіліп отыр. Кездесуді ашқан университетіміздің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Такир Оспанұлы Балықбаев келген қонақтармен сәлемдесіп, кездесудің маңыздылығына тоқталды. - Біз Сіздерді Өнер, мәдениет және спорт институының 50 жылдық мерейтойы қарсаңында жинақтап отырған себебіміз біріншіден, осы шаңырақтан қанат қаққан түлектерімізбен мақтану, екіншіден 50 жылдық мерейтойдың іс-жоспарларын Сіздерге таныстыру, ой бөлісу мақсатында болып отыр, деді ректор Т.Балықбаев. Келесі сөзді алған Өнер, мәдениет және спорт институтының директоры, профессор Қожағұлов Тоққожа Мұқажанұлы институттың құрылған кезінен бүгінгі қол жеткізген табыстарына дейін тоқталып, институт өмірі туралы баяндама жасады. Баяндамада институттың сонау 1969 жылдан ашылған күннен бастап, бүгінгі таңға дейінгі жүріп өткен даңқты жолдарына, осы кезеңдерде осы институттан қанат қаққан дарынды шәкірттеріне, бүгінгі таңдағы шет елдермен орнатылып жатқан тығыз әріптестік қарым-қатынастарына, алдағы уақытта бұл институттың қандай биіктерден көрінетініне кеңінен тоқталды. Баяндамадан кейін Тоққожа Мұқажанұлы 50 жылдық қарсаңында өткізілетін институттың медиа-жоспарымен таныстырды. Сонымен қатар осы мерейтой қарсаңында Өнер, мәдениет және спорт институтының оқу ғимараты жөндеуден өтіп, оның алдағы уақыттағы көрінісі қалай болатынын экран арқылы көрсетіп, осы жоспар туралы түлектердің ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды.

 

Сондай-ақ кездесуде Өнер, мәдениет және спорт институтын әр жылдары бітірген түлектері Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, профессор Өмірбеков Байтұрсын Есжанұлы, Педагогика және психология институтының директоры, профессор Әлмұхамбетов Берікжан Айтқұлұлы, Қазақстандық дизайнер, суретші, стилист, «Құралай» сән үйінің басшысы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Сән Палатасының атқарушы директоры Нұрқаділова Құралай Заманбекқызы, «Қазақ үні» газетінің Президенті, ақын Қазыбек Иса Жарылқасынұлы және тағы басқа да түлектер қызыққа толы студенттік жылдарын еске алып, өздеріне зор құрмет көрсетіп отырған университет ректоры Такир Оспанұлы мен институт ұжымына алғыстарын білдіріп, алдағы болатын шараларға өзіндік көмектерін беретінін айтты. Ақын, университет түлегі Қазыбек Иса қара шаңырақ білім ордасы туралы өлеңін оқып, шараға жиналғандардың көңілін бір көтеріп тастады. Құттықтау сөздерден кейін келген қонақтар мен университет ұжымына Өнер, мәдениет және спорт институты дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды.

 

 

Авторы: Шоқан Құттыбаев

08.04.2019 ж.

Ақпарат көзі: qazaquni.kz

 



276

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler